• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 05 Мамыр, 2022

Таразыдағы таңдау һәм табиғи өнім

125 рет
көрсетілді

«Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өтеді» десе, тұрғындардың елең ете қалатыны рас. Нарық екі бүйірден қысқан заманда қалаған өнімі арзан бағамен сатылғанда қуанбай қайтсін?! Бүгінде облыс орталығында жәрмеңкенің «жүгін арқалайтын» фермерлік базардың құрылысы басталып кетті. Сатушыларға да, сатып алушыларға да тиімділігі мол тың жобаның жай-жапсарына үңіліп көрелік.

Ерекшелігі неде?

Облыстық ауыл шаруашылығы бас­қармасының басшысы Нұрболат Мақа­шев әр аптаның сенбісінде жалғыз облыс орталығында ғана емес, Екібастұз және Ақсу қалаларында, барлық аудандарда жәрмеңке ұйымдастырылатынын айтты. Фермерлік базар салынса, тұты­ну­шылар арзан әрі сапалы өнімге қарық болмақ.

– Ең әуелі жобаның артықшылығына тоқталайын. Фермерлік базардың құры­лы­сы – уақыт талабы. Соңғы жылдары ұйымдастырылып жүрген сенбілік жәр­меңкенің тиімділігі зор болғанымен, кемшін тұстары да жоқ емес. Мәселен, жәрмеңкедегі сауда орындары ашық аспан аясында орналасқан. Саудагерлер былай тұрсын, тұтынушылардың өзі қыста суықтың, жазда ыстықтың зардабын көп тартады. Онда қарапайым дәретхана, қол жуатын орындар да қарас­тырылмаған. Ветеринарлық және фитосанитарлық зертханалар, бақылау таразылары, өтініш-тілектер мен ұсы­ныс­тар білдіретін орындар да жоқ. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік сататын қатарда ұзын-сонар кезек пайда болады. Осындай кемшіліктерді назарға алып, заманауи талаптарға сай фермерлік базар ашуды қолға алдық, – дейді Н.Мақашев.

Белгілі болғандай, жаңа базардың жалпы аумағы 1 мың шаршы метрге тең. Қажетті инженерлік-коммуникациялық инфра­құрылым қарастырылған. Бар­лық типтегі көліктер, тіпті үлкен жүк көлік­тері еркін кіріп-шыға алады. Қо­ғамдық жолаушылар тасымалы реттеліп, автобус, шағын автобус және трамвай аялдамалары пайда болады. Мұнда жабынды 100 сауда орны және ашық аспан астындағы тағы 100 сауда орны ашылады. Асхана, көлік тұрағы өз алдына, сыйымдылығы 5 мың тоннаны құрайтын қойма салынбақ. Ветеринарлық және фитосанитарлық зертханаларға арнайы орындар бөлінеді. Жоба құны – 839,4 млн теңге.

Бүгінде облыста 3,5 мың ұсақ шаруа­шы­лық, жеке аулада кәсібін дөңгелетіп отырған 66,4 мың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері бар. Олар өнім­де­рін сауда орындарына тікелей өткізе алмайды. Тіпті, қайта өңдеу кәсіп­орын­да­рымен де байланыс жоқ. Өз кезегінде қала тұ­ғын­дары да жаңа түскен әрі бағасы арзан өнімдерді тікелей тауар өндіру­ші­лерден сатып ала алмайды. Екі ортада алыпсатарлар ғана пайда тауып жүр. Фермерлік базардың ашылуы аталған проблемаларды шешеді деп күтілуде.

 

Таңнан таңдағанын алады

Фермерлік базар ашылады деген жаңалықты зейнеткерлер жылы қабылдағаны рас. Қариялар қоғамдық көлік мәселесі оң шешілсе, қаланың шетіне қатынау қиын емес екенін айтады.

– Нарықта азық-түліктің бағасы қым­баттаған сайын «Жәрмеңке өтеді», деген ақпарат жағымды естіледі екен. Біз сияқты зейнетақысын айдан айға жалғап отырған зейнеткерлер үшін жәр­мең­ке­нің жиі өткізілуі маңызды. Шілдеде көкөністер пісе бастайды. Сол кезеңде жер­гілікті әкімдік өнімді тұрғындарға қол­жетімді бағамен ұсыну мәселесін ой­ластырса екен, – дейді қала тұрғыны Қанипа Бердоңғорова.

Жәрмеңке ұйымдастырылып жүрген кездері көптеген тұтынушылар кезек­ті қысқарту үшін сатушылардың жәр­мең­кенің әр бұрышында орнала­суын сұраған еді. «Картопты бір ғана шаруашылық сатып тұр. Екі-үш кәсіпкер өз өнімін ұсынса жақсы болар еді», дейтін павлодарлықтар. Фермерлік базардың іске қосылуы атал­ған мәселені шешіп бермек.

Павлодар ауданындағы жеке кәсіп­кер­лердің бірі Николай Хохлен­коның айтуынша, фермерлік базардың жұмысы аптасына 3 рет ұйымдастырылса да артық етпейді. Себебі, қазір табиғи өнімге сұраныс көп. Сәйкесінше, тұты­ну­шыларды балғын көкөніспен, етпен және сүтпен қамтамасыз етуге жол ашылмақ.

– Жәрмеңкенің уақыты шектеулі. Тұрғындардың бәрі бірдей таңмен жарысып ерте келе бермейді. Кейде та­уар­ларымызды сатуға үлгермей, өзіміз­бен бірге алып кетуге мәжбүрміз. Көңіл күйіміз жақсы болса, өнімді артқа тасымалдамай, арзандатып ұсынамыз. Фермерлік базар­дың ашылуы өнімді өткізу бойынша апталық жоспар жасауға мүмкіндік бе­реді. Тауар айналымы да реттеліп, ұсақ шаруалардың тынысы ашылады деп есептеймін, – дейді Н.Хохленко.

 

Ұлттық тауар желісінен ұтарымыз не?

Азық-түлікпен қамтамасыз ету проб­лемаларын шешу үшін елімізде ұлттық тауар өткізу желісін құру мәселесі көте­­рілгені белгілі. Көтерме-тарату орта­­лықтарының бірыңғай кешенінен құ­ра­латын жаңа жүйе өнім бағасының негізсіз қымбаттауына тосқауыл болады деп күтілуде. Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне сүйенсек, елімізде көкөніс сақтау қоймаларының тапшылығы шамамен 70 пайызды құрайды. Кейбір өңірде көрсеткіш 90 пайызға жеткен. Салдарынан өнімді ұзақ мерзім сақтап қалудың мүмкіндігі болмай, көптеген шаруалар мол табыс табудан қағылуда. Тауарларды жедел жүктеуге мүмкіндік беретін заманауи жүк түсіру («кросс-док») және тем­пе­ра­туралық қоймалардың жеткілік­сіз­дігі баға саясатына да тікелей әсерін тигізеді. Көтерме-тарату орталықтары желісін құру аграрлық өнім бағасын 25 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді деп күтілуде. Көтерме-тарату орталықтары өнімді сақтау және қайта өңдеу, тарату мен өткізуге дейінгі мамандандырылған қызметтерді ұсы­нады. Тауар өткізу жүйесін 3 кезеңде іске қосу ұсынылып отыр. Алғашқы кезеңде ауыл шаруашылығы тауарларын сақтауға бағытталған 5 көтерме-тарату орталығы Павлодар, Жамбыл, Алматы және Түркістан облыстарында салынады деп жоспарлануда.

Бірден айтайық, облыс аумағында 2 орталық бой көтереді. Бірі – Ақсу қаласында, екіншісі Павлодар ауданында салынбақ. Ақсудағы орталықта жылына 18 мың тонна, Павлодар ауданында 35 мың тонна өнім сақталатын болады. Қалған облыстардағы орталықтардың әрқайсысы 20 мың тонна азық-түлік сақ­тауға қауқарлы. Жалпы, 5 орта­лық­­тың аумағы – 104 мың шаршы метр, сыйымдылығы – 113 мың тонна. Ақсу­дағы орталықтың құны – 7,5 млрд теңге, ал Павлодар ауданында іске қосы­ла­тын жобаның бағасы 12,5 млрд теңгеге тең. Өзге облыстағы орталықтың құны 8,5 млрд теңгеге бағалануда. Өнімді сақтауға арналған орталықтар ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері көп шоғырланған аумақта пайда болмақ. Яғни логистикалық мәселелер есепке алынады. Мұнда фермерлер көкөністі тазалауға, іріктеуге, қап­тау­ға мүмкіндік алады.

Қорыта айтсақ, азық-түлік өнімдерінің бағасы қымбаттап жатқан уақытта билік өкілдері бағаны тұрақтандырудың жаңа тетіктерін ойластырғаны игі. Фермерлік базардың ашылуы сондай қадамдардың бірі екені анық. Мұндай жобалар жүйелі іске асса, сатушылардың да, сатып алушылардың да ұпайы түгел болмақ.

 

Павлодар облысы