Алла қуат берсе адам жасай береді екен-ау... Тіпті 70-80 жыл бұрынғы бастан кешкен оқиғаларын да күні бүгінгідей есіне сақтайтындар да болады. Соның бірі Петропавл қаласының тұрғыны, Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, 97 жастағы Қожатай Некібаев ақсақал. Қан майданды белшеден кешсе де ол еш жеріне жарақат салдырмай, қырғыннан қылау шалдырмай аман келіпті. Бастан кешкен оқиғаларын айтқанда ол күнін тап басып айтқанымен қоймай, қай дивизияның, қай полкында, қай бөлімшеде қашан болғанына дейін сартылдатып айтып береді. Қалай таңғалмассың?..
Қожатай ақсақал Есіл ауданындағы Тауағаш ауылының тумасы. Арғы аталарында Медебай батыр деген атақты сардар өткен. Қожекең дәп сол батырдың інісінен тарайды. Соғыс кезінде шығарылған ән мен жырлар көп болды ғой, соның ішінде Қожекеңнің әкесі Сейітахметтің інісі Сейітбаттал марқұмның бір өлеңінде мынадай жолдар бар:
Бауырлар қуанта ма аман келіп,
Соғыс жоқ бейбіт өмір заман келіп.
Әскерлер қызыл тумен елге оралса
Немісті бастан-аяқ бәрін жеңіп.
Бауырым, аман келер Қожатайым
Түсімде жарқырап тұр күн
мен айың.
Қамығып бауырды ойлап отырғанда
Хат келіп қуанттың-ау
жазатайым...
Сол Қожатай соғыстан аман келіп, бүгінгі тәуелсіз заманды көріп, Петропавл қаласында ардагерлерге бөлінген жақсы үйден пәтер алып, аман-есен тұрып жатыр. Тек осыдан үш жыл бұрын 70 жылдан артық отасып, тоғыз ұл, бір қыз сыйлаған жары Айша анамыз 90 жасында қайтыс болып, ақсақалды жалғызсыратып кетті. Қазір оны кенже ұлы Бағдат бағып отыр.
Қожекең әскерге 1943 жылы шақырылыпты. 18-ге толмаған боздақ өзі қатарлы бес баламен бірге алынады. Соғыста, қанды қырғынға салатынын білетін бүкіл ауыл оларды улап-шулап, жылап-сықтап шығарып салады. Қызылжарға жинап, қатарларын толтырған соң бұларды эшелонға отырғызып, Шығысқа қарай ала жөнеледі. Үш күн зулаған пойыз Чита қаласына келіп тоқтап, боздақтарды осындағы әскери бөлімге тоғытады.
1943 жылдың қара күзі. Қызыл Армия бұл кезде немістерді Батысқа қарай тықсырып, үлкен жеңіліске ұшыратып жатқан. Сондықтан Қызыл Армия резервті бірден қан майданға салмай, тылда әскери ойындармен шыңдауды қолға алған. «Бізді өз қалауымызбен кімнің артиллерияға, танк әскеріне, авиацияға, теңіз флотына барғысы келетінін сұрап, қалаған жеріне арыз жаздырып, күнде әкетіп жатты. Мен қайда жазылуды білмей, жаяу әскерде-ақ қала берейінші деп ешқайда ұмтылмадым», – дейді Қожатай ақсақал.
Соның өзі дұрыс болып, ол осы жерде жазға дейін қызмет етеді. Үйге де жиі хат жазып, амандығын білдіріп тұруға мүмкіндігі болады. Сондай хаттың бірі келгенде ғой Сейітбаттал ағасының жоғарыдағы өлең жолын жазғаны...
1944 жылдың жаз ортасында Чита бөліміндегі әскерден жүзден артық жаяу әскер жауынгерін Батыстағы соғысқа әкетеді. Мұнда олар ІІ Украин майданының 13-кавдивизиясының 48-полкын толықтырады. Дивизия ол кезде Украина жерін фашистерден тазартуда екен. Әскери құрама «кавалеристік» деп аталғанымен бұлар бұрынғыдай атқа мініп, жауға жалаң қылышпен «уралап» шаппайды. Техникалық жағынан жетілдірілген соғыста ол әскерді тек босқа қыру екеніне командованиенің көзі 1941, 1942 жылдардан жеткен екен. Сондықтан мұндағы аттар тек жаралыларды тасуға, тамақ әкелуге, жеке тапсырмаларды орындауға ғана қолданылады.
Ағамыз осы құраманың сапында қазіргі Украинаның Житомир, Ровно, Львов қалаларын азат етуге қатысады. Соңғы екеуі 1939 жылы КСРО мен Германия екі жақтан жаулап алғанға дейін Польшаның иелігінде болатын. Соның ішінде Львов қаласын фашистерден тіпті Қызыл Армия да емес, Польшаның Англиядағы қуғындағы өкіметіне бағынатын Крайованың Армиясы босатқан. Бірақ НКВД осы армияның басшыларын Житомир қаласына алдап шақырып алып, тұтқындап Сібірге айдап жібереді де, ал Львовты қайтадан кеңестік қалаға айналдырады. Осы соғысқа Қожатай Некібаев та қатысқан екен.
1944 жылдың соңына қарай 13-кавдивизияның сапында Қ.Некібаев КСРО шекарасынан өтіп, Румынияға кіреді. Бұл кезде бұрын Германияның одақтасы болған Румыния жарты миллиондық армиясының қаруларын кері бұрып, немістерге қарсы соғысып жатқан. Осы үшін артынан Сталин румын королі І Михайға әлемдегі ең қымбат «Жеңіс» орденін тапсырғаны мәлім.
Қызыл Армияны румындар қуанышпен қарсы алады. Одан әрі Қожекеңдердің дивизиясы Венгрия, Чехославакия жерлерінде соғысады. Осы елдердің аумағындағы соғыстарда жүргенде қатардағы жауынгер Қ.Некібаев Сталиннің атынан берілген 9 Алғыс хатқа ие болады. Олардың бәрі ағамыздың соғыстағы ерлігін айғақтап, мұқият сақталған. Мысалы, ол Венгрияның Балашшадьярмат, Ноград, Дебрецен, Чехославакияның Новы Замки, Шураны, Врабле, Нитра, Галанта, Тырнава, Братислава және т.б қалаларын азат етуге қатысып, жауынгерлік ерліктер көрсеткені үшін Алғыстар алыпты. Осы қалалардың бәрін ақсақал жаңылмай айтып берді.
Осынша көп алғыстан гөрі бір медаль бермеді ме екен деген сөз тілімізге келіп қалып еді, баласы Бағдат оған 1944 жылдың 27 қазанында «Ерлігі үшін» медалі берілгенін интернеттен тапқанын және сол бұйрықтың суретін көрсетті. Бірақ медаль иесіне жетпеген... Не үшін берілгені жөнінде бұйрықта былай делінген: «Пулеметчику 4-го эскадрона гв. красноармейцу Некибаеву Кожатай за то, что он в бою 08.10.1944 г. во время наступления эскадрона метким огнем из своего пулемета уничтожил огневую точку противника».
Қан майданды белшеден кешсе де соғысқа кешірек барғаны үшін ағамыз елге тек 1948 жылы оралады. Сол жылы Қызылжардың педучилищесіне түсіп, оны төрт жыл оқып Көкшетаудан бітіреді. Бала саны азайып қалу себепті қазақша оқитын 10 баланы Көкшетауға ауыстырған.
Оны бітірген соң Қожатай ағай 33 жыл бойы табан аудармай Жамбыл ауданындағы Орман орта мектебінде мұғалім болып істеген. 1948 жылы ауылдасы Айша деген қызға үйленіп, екеуі өмірге 10 баланы әкелген.
Қожатай ағамыздың 1949 жылы туған үлкен ұлының есімі – Амангелді. Ал оның ұлы Қуаныш. Ол ақсақалдың үлкен немересі. Осы Қуаныштың қызы – Әзиза тұрмысқа шыққан, егер одан сәби туса ол Қожатай ақсақалға шөпшек болмақ. Ондайды көрген адамда арман болмайтын шығар.
Құдай берген қуаттың арқасында ол үйіне келген, студияға шақырған журналистерге үлгілі өмір жолын айтып беруден танбайды. Жалғыз-ақ «міні» - құлағы ауырлау, айғайлап отыруға тура келеді. Ең бастысы ол жадынан жаңылмайды. Біз ақсақалдың жүзге келуін тіледік. Осындай ерекше тағдырлардың болғаны да адамның өмірге деген құлшынысын арттыра берері сөзсіз.