Катонқарағайда Ұлттық табиғи парк құрылғалы құрып кеткен аң-құстар көзге түсе бастады. Кейінгі жылдары ауыл ішіне тұяқты аңдардың кіріп кетуі таңғалатындай жағдай емес. Оны қойып, ауыл ішінде аюдың қонжықтары асыр сала ойнап жүргенін де ауылдықтар көрген. Ал биыл күн жылына сала Шыңғыстай ауылының іргесіне қос аққу қоныпты.
Мұны ауылдықтар жақсылыққа балап отыр. Бұрындары да көктем шыға аққу құсы өзен-көлдердің жағасына қонатын. Ал ауыл іргесіндегі айдында тұңғыш рет алаңсыз тербеліп жүр. Адамнан үрікпейді. Соған қарағанда қалың жыныс арасына ұя салып, балапан басып жатқан көрінеді.
– Баяғыда ауылдың іргесіне қарақу келіп қонған екен. Оны біз көрген жоқпыз, үлкендер айтып отырады. Кейін жоғалып кетіпті. Ал аққу бірінші рет қонды. Ауылда бұрынғыдай асыр салған бала аз, гүрілдеген техника жоқ. Оның үстіне парктің аумағы. Ешкім үркітпейді. Оны құс та сезеді, – дейді Шыңғыстай ауылының тұрғыны Абылай Яуадантегі.
Инспекторлардың қорғауында болсын, болмасын, аққуға қазақ әлімсақтан тиіспейді. Аққу, қарлығаш, бүркіт секілді құстарды қасиетті деп санайды. Ал аққу – құстардың ішінде жұптасып өмір сүретін бірден-бір құс. Бірі ажал құшса, екіншісі жұп іздемейді. Сондықтан да шығар, үйленген жастар бір-біріне адал болсын деп, аққудың махаббатын тілеп жатады. Сұлу қыздарды аққуға теңейтініміз және бар. Қалай дегенмен, ерекше құс. Жалпы, жер бетінде аққудың алты-жеті түрі бар. Оның бесеуі Солтүстік жартышарды мекендесе, біреуі экватордың оңтүстік бетін қоныс етеді екен. Еліміздегі айдындарды мекендейтін екеуі – сыбырлақ және сұңқылдақ аққулар.
Шыңғыстайдың шетіне қонған аққулар күзге қарай жылы жаққа қайта ұшады. Қос аққу ғана емес, балапандары ерте ұшады. Ауыл іргесі жайлы болса, келер жылы бірнешеуі қайта ұшып келуі мүмкін. Бұл – табиғат тыныштығын сақтап жүрген қорықшылардың болжамы.