• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
15 Сәуір, 2014

Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасы – толеранттылықты зерттеу орталығы

502 рет
көрсетілді

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-де еліміз бойынша тұңғыш рет ашылған Қа­зақ­стан халқы Ассамблеясы кафедрасы осы қоғамдық институттың XXI сессия­сына қызу даярлықпен кел­ді. Мұнда ұлтаралық қа­рым-қатынастарды ғы­лы­ми-сараптамалық тұр­ғы­дан зерттеу жұмысына жі­ті және жүйелі көңіл бөлі­нуде. Осы орайда Парла­мент Сенатының депутаты, аталған кафедраның мең­герушісі, профессор Ана­толий БАШМАКОВ жетек­шілік ететін осы кафе­дра ұжымы, ҚХА аты­нан сайланған депутат­тар, этнос­тық-мәдени бірлес­тік­тердің мүшелері «бір жең­нен – қол, бір жағадан бас шығарып» еңбек етіп жат­қа­нын айта кеткен орынды. Қазақстан Республикасы – көп ұлтты мемлекет. Ел Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев атап өт­кендей «Ең бастысы, көп ұлтты Қазақстан халқы келісім мен татулықта өмір сүруде. Біз осы негізде ғана дами аламыз». Республика халқының саны 17 млн. адамнан асты. 130-дан аса ұлт өкілдері бар. Олардың арасындағы келісім мен татулық еліміз үшін шешуші мәнге ие. Саяси тұрақтылықтың тұғыры да сол келісім мен татулық болғандықтан, Президент те, ел билігі де бұл мәселені жіті бақылауда ұстайды. 1995 жылы жалпыхалықтық референдумда қабылданған Қазақстан Конституциясы ұлттық проблемаларды демократиялық негізде шешуге міндеттейтіндігімен ерек­шеленеді. Ата Заңға сәйкес, Қазақ­стан Республикасының азаматтарына құқық теңдігі, нәсіліне, ұлтына, жынысына, тіліне қара­мастан еркіндік берілген. Бас құжат мемлекеттегі барлық ұлт­тың теңдігі мен дамуын бірдей қам­­­та­масыз етеді. Республикада қа­зақ пен орыс театрларынан өзге, ұй­ғыр, корей, неміс кәсіби теа­тр­­лары, 500-ден астам ұлттық мә­де­­ни ұжым­дар табысты жұмыс істеуде. Бұдан өзге 1995 жылы Қа­зақ­станда ұлттық саясатты жүзеге асыратын, респубикалық және өңірлік, жергілікті ұлттық-мәде­ни орталықтардың жұмысын бі­рік­тіретін теңдессіз қоғамдық инс­титут құрылды. Ол – Қазақстан халқы Ассамблеясы. Ассамблеяның ұлтаралық ке­лісім мен татулықты сақтауда, ны­­ғайтуда маңызы орасан. Бірін­шіден, ол ұлттық саясат сипа­тындағы заң жобаларының сарап­тамасына қатысуға; екіншіден, тіл, мәдениет, салт-дәстүрді жаң­ғыр­туды мақсат тұтқан респуб­ли­калық және өңірлік этно­мә­дени бірлестіктермен жұмыс істеу­ге; үшіншіден, съездер, эт­нос­тар фестивалін өткізуге, ұлт­тық бұқаралық ақпарат құрал­да­рын дамытуға, Қазақстан этнос­тары­ның тілінде әдебиеттер шы­ға­руға, шетелдердегі қазақ диас­по­­ра­­сымен қарым-қатынасты ны­ғай­туға және еліміздегі эт­нос­тық топ­тардың тарихи отанымен бай­­ла­ны­сын арттыруға мүмкіндік береді. Нәтижесінде Қазақстан хал­қы Ассамблеясы мен ел Прези­ден­ті­нің ұлтаралық келісімді нығайту ба­ғытындағы бар істері әлемдік қоғамдастық тарапынан қолдау тапты. Халықаралық деңгейде мой­ын­далған ұйымдар Қазақстандағы ұлтаралық қарым-қатынастың үй­лесімділігінен үлгі алатындарын айтады және біздің тәжі­рибені жіті зерттеуге ниетті. Ше­телдік сарапшылардың пікірінше, Қазақстан билігі елдегі барлық этностық топтардың мүдделерін жүзеге асыруда және сол арқы­лы этносаралық қарым-қаты­нас­тардың үйлесімділігін қамтамасыз етуде салиқалы саясат жүргізуде. Сол саясаттың бұлжытпай орындалуы, азаматтық институттар мен ел халқының, Еуропадағы қауіп­сіздік және ынтымақтастық ұйы­мы секілді халықаралық ұйым­­дардың қолдауы елдегі эт­нос­­аралық қарым-қатынастың ны­ғая түсуіне көп септігін тигізуде. Қазақстанда этносаралық қа­рым-қатынастар саласында іргелі ғылыми-сараптамалық жұмыстар жүргізілуде. Осы орайда 2013 жылы 28 маусымда Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-де Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының ашылғаны маңызды оқиға. Әлем­ді мойындатқан ұлтаралық тату­лық пен дінаралық келісімнің қазақстандық үлгісі жетекші жо­ғары оқу орнында ғылыми-са­раптамалық тұрғыда зерттеле бастады. Кафедраға Парламент Сенатының депутаты Анатолий Башмаков жетекшілік етеді. Кафедраның басты міндеті – Қазақстан халқы Ассамблеясының тәжірибесі мен елдегі ұлтаралық татулық негізін сараптамалық бірлестіктер мен ғылыми құры­лымдарды қалыптастыру арқылы іргелі зерттеуді жүзеге асыру, әлеуметтік-экономикалық, саяси және мәдени үдерістер тұрғысында этносаясат мәселелеріне байланысты жүйелі зерттелген тұ­жырым қалыптастыру, этносаяси зерттеулерді әлемдік тәжірибемен салыстыра отырып зерделеу, дамыту. Кафедраны құрудағы мақ­сат – әлем тарапынан мойын­далған этносаралық қарым-қа­ты­настың қазақстандық моде­лін барлық аудиторияларда, барлық факультеттерде, түрлі мамандықтарда оқитын студенттерге насихаттауға мүмкіндік беретін ғылыми-методологиялық қорды жасақтау, осы бағыттағы мемлекеттік саясатты түсіндіру үшін депутаттарды, Қазақстан хал­қы Ассамблеясы мүшелерін жә­не қоғам қайраткерлерін арнайы шақыртып, барлық курс студенттеріне дәріс оқыту. Кафедраға жүктелген тағы бір міндет – Қазақстан халқы Ассамблеясымен және этномәдени бірлестіктермен үнемі байланыста болу, шығармашылық ұжымдар мен студенттік қозғалыстардың өзара тәжірибе алмасуына, студент жастардың Қазақстандағы барша ұлттардың мәдениеті, салт-дәстүрімен танысуына мүмкіндік тудыратын кездесулер мен түрлі іс-шаралар ұйымдастыру. Кафедра – Қазақстан халқы Ассамблеясының басты алаңы, оның ғылыми және саяси құралы. Сондай-ақ, 2013 жылы ЕҰУ-де ЮНЕСКО кафедрасы да ашылды. Екі кафедраның да мақсат-міндеттері – этносаралық қарым-қа­тынасты зерттеу және студент-жастарды толеранттылық негіз­де тәрбиелеу. Кафедра қыз­мет­керлері Қазақстан халқы Ассам­блея­сының қызметін насихаттау мақ­сатында Астана қала­сының жоғары оқу орындарының жастары­мен жиі кездесулер өткі­зіп тұрады. Бір қуаныштысы, Еуразия ұлттық университетінің аталған кафедрасының тәжірибесін басқа оқу орындары да жалғастырып жа­тыр. 2014 жылы 1 наурызда, яғни ҚХА құрылған күні С.То­рай­ғыров атындағы Павлодар мем­лекеттік университетінде және А.Мырзахметов атындағы Көк­шетау университетінде дәл осындай кафедралар ашылды. Алдағы уақытта С.Сейфуллин атындағы агротехникалық университетте, Астанадағы Ұлттық өнер уни­вер­ситетінде, Қызылорда, Қостанай және т.б. қалалардың жоғары оқу орындарында осындай кафедралар ашылады деген жоспар бар. Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының қызметкерлері ҚХА ғылыми-әдістемелік жұ­мы­сын салаландыруға атсалысуда. Мысалға, олар елордадағы ғы­лыми құрылымдармен, сондай-ақ, үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе жұмыс істеп, «Этностық толеранттылықтың әдістемелік негіздері» атты анықтамалық жинақ әзірлеуді қолға алды. Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының алдында тұрған тағы бір үлкен міндет – 2014 жылы 17 қаңтардағы Мемлекет басшысының «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жол­дауында ұсынылған отыздыққа ену идеясына қатысты гуманистік тұжырымдама әзірлеу. Халил МАСЛОВ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының доценті.