Қазір Жер-дүние көңіл көкжиегі жеткен адамға бір-ақ уыс. Оған жаңа технологиялардың жетістіктерімен де оңай көз жеткізе аласыз. Сондықтан қоғамға қатып-семген саяси догмаларды таңудың нәтижесіз екенін байқау қиын емес. Айталық, бір климатта тіршілік етіп, бір өзеннен су ішіп, бір топырақтан өнім алып отырған, алайда ортасын мемлекеттердің шекара сызығы бөліп тұрған ауылдар мен қалалардың даму деңгейі бір-бірінен алшақ. Яғни бірі ауқатты, бірі аш-жалаңаш. Бірінің қоғамында барлығының құқы тең қорғалады, енді бірінде зорлық-зомбылық үстемдік құрады. Бұл кереғарлық – басқару құрылымында, бұл алшақтық – қоғамдық санада болса керек.
Абай хакім айтады: «Сатып алған, жалынып, бас ұрып алған болыстық пен биліктің ешбір қасиеті жоқ». Халық осы көріністен зәрезап болды, жерінді. Яғни қоғамдық сананың өзі тұтасымен өзгеруге тиіс болды. Өйткені заман өзгерді. Бұл – бұқараның басын тауға да, тасқа да соғып жеке тұлғаларға, манипуляцияға, лоббистерге емес, өзі мен отбасының лайықты білім алуына, толайым табыс табуына, барлық құқығының сақталуына, сол арқылы туған елі мен жерінің дамуына қызмет ететін уақыты.
Осы орайда осыған дейінгі отыз жылдың сабағынан қорытынды шығарып, биік мақсаттарға ұмтылған Қазақстанның толық трансформациялануға деген ұмтылысын оң бағалауға болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында елімізді реформалауға арналған біраз бастама көтергені белгілі. Бұл бастамалар қаңтар оқиғасының қасіретінен соң халық үнін ескеруден туындаған жаңару мен жаңғыруға, еститін мемлекет тұжырымдасын нақты іске асыруға негіз боларлық қадам болатынымен қоғам назарын аударды. Алайда осыған дейінгі қордаланған қадау-қадау мәселелерді түбегейлі шешуге қаншалықты қауқарлымыз деген дүдәмал сауал көптің көкейінен кетпегені рас.
Бұл ретте еліміздің Конституциялық кеңесінің күмән мен күдік тұманын серпілткен алғашқы қорытындысы да жарияланып, соған сай Президент ұсынған саяси жаңғырудың соны қадамдары Конституциямызға сәйкес келетіні жөніндегі Конституциялық кеңестің шешімі ұсынылды. Бұл елдегі жүргізіліп жатқан реформалардың берік саяси-құқықтық іргетасын қалауға мүмкіндік беретінін аңғартқандай. Президенттік басқару нысаны құрылымы мен билік институттарының оңтайлы теңгерімін қамтамасыз ететін заң жобасы Конституциялық кеңестің пайымынша, заң шығарушы билік тармағын қайта форматтау арқылы күшті парламенттік мәдениет құруға бағытталып отыр. Осы арқылы Сенат пен Мәжілісті құрудың жаңа тәртібіне, жергілікті мемлекеттік басқару мен өзін өзі басқару кепілдіктеріне, Конституциялық сотты құруға оң баға берілді. Ал суперпрезиденттік деген атау алып, айдар тағылған бұған дейінгі басқару жүйесінен арылуымыз біздің бұрынғы пролетар көсемдеріне, яғни жеке басқа табынушылық дертінен арашалауды еске түсіретіндей.
Президенттің осы реформаларды тек Парламент арқылы емес, жалпыұлттық референдум арқылы енгізуді ұсынып отырғаны да үлкен сенім ұялатып отыр. Осыдан 27 жыл бұрын бүкілхалықтық референдум аясында Қазақстанның қазіргі Конституциясы қабылданғаны белгілі. Дәл осы Конституция еліміздің саяси, құқықтық, экономикалық даму жүйесінің негіздерін анықтады. Осы уақыт аралығында Конституциямызға президент пен парламенттің өкілеттіктері бойынша бес мәрте өзгерістер мен толықтырулар енгізілген екен. Әлбетте, заң мен заман өзгермей тұрмайды. «Елу жылда ел жаңа» дейді. Жаңа Қазақстан құру барысында жаңсақ баспай, жарқын келешек құру үшін де қоғамның белсенді болғаны абзал. Ең бастысы – ел мүддесі ескерілуі керек. Осы тарапта белгілі заңгерлердің ой-пайымдарымен бөлісіп отырмыз.