Лифтпен жоғарыға шаршамай көтерілген тамаша-ақ. Ал тозығы жеткен лифтті қолданудан қорқатын павлодарлықтар да бар. Бүгінде облыста 1 967 лифт жұмыс істеп тұр. Басым бөлігі қолданыста болу мерзімін әлдеқашан өткеріп тастаған. Атап айтсақ, 67 пайызының тозығы жеткен.
Олқылықтың орнын толтыру үшін 2020-2025 жылдарға арналған «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде лифтілерді жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Лифтілердің 420-ы Павлодар қаласында, 117-і Екібастұзда, 24-і Ақсу шаһарында орналасқан. Оның 1 318-інің жағдайы мәз емес. Бір лифті кем дегенде 25 жыл қызмет етуі тиіс. Салдарынан ара-тұра істен шығып, тұрғындардың өміріне қауіп төндіруде. Содан болар, пәтер иелері әкімдікке хабарласып, жағдайды реттеуге қол ұшын созуды сұрауда.
Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы, 42-үй мекенжайы бойынша орналасқан үйдің 10 подъезд тұрғындары лифтінің әбден ескіргенін айтады. Бірақ пәтер иелері «бір жеңнен қол шығара алмай отыр». Тұрғындардың жартысы лифтіні жөндеуге ынталы емес. Ал жаңғырту бағдарламасының талабына сәйкес, тұрғындардың 3/2 бөлігінің келісімі керек. Мысал келтірсек, 36 пәтер иесінің кем дегенде 24-і жөндеу жұмыстарын қолдауы тиіс.
Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Нұржан Алдыбаевтың мәліметінше, былтыр 77,195 млн теңгеге облыс орталығындағы 8 лифті жаңғыртылған. Осылайша, Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы, 81, Мәшһүр Жүсіп көшесі, 284, Академик Шөкин көшесі, 31 мекенжайларында орналасқан бірнеше подъезд тұрғындары бағдарламаның игілігін сезініп отыр. Бұл мақсатқа қаражат қалалық бюджеттен бөлініпті. Ал «Нұрлы жер» бағдарламасы мемлекеттік жоба екенін ескерсек, лифтіні жөндеуге республикалық бюджеттен қаржы қарастыруға болады. Бірақ тұрғындар өзара келісім таппай жүргендіктен, өтініштер де аз түсіп жатқан көрінеді. Сәйкесінше, әзірге тек қалалық бюджеттен ғана қаражат жұмсалуда.
Павлодар қалалық тұрғын үй инспекциясы және коммуналдық шаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Асылбек Жұмабековтің айтуынша, бір лифтіні жаңғырту үшін шамамен 9-10 млн теңге қаражат қажет.
– Ең әуелі тұрғындар өздерінің арасында жиын ашып, лифтілерді жөндеу бойынша ойларын ортаға салады. Егер басым бөлігі келісімге келсе, хаттама толтырылып, тұрғын үй инспекциясы бөліміне жолдайды. Жобалық-сметалық құжатты әзірлеуге 45 тәулік уақыт кетеді. Ал жөндеу жұмыстары 1 ай ішінде аяқталады. Жауапты оператор – «Горкомхоз Модернизация жилья» ЖШС-і. Жөндеу жұмыстары кезінде тұрғындар ай сайын лифт қызметі үшін төлейтін төлемақыдан босатылады, – дейді А.Жұмабеков.
Назарбаев даңғылы, 81-үйде 2 подъезд бар екен. Екеуінің де тұрғындары бірлігін танытып, лифтіні жөндеуге келіскен. Бағдарламаның тиімділігі сол, қаражат пайызсыз негізде беріледі. Тұрғындар жөндеуге жұмсалған ақшаны 7-10 жыл аралығында ай сайын төлеп тұруға міндетті. Пәтердің аумағына қарай әр шаңырақ шамамен 2,5-4 мың теңге қаражат төлеуге тиіс. Бір атап өтерлігі, екінші қабаттың тұрғындары да жаңғырту жұмыстары үшін төлем жасауы керек. Себебі «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға сәйкес пошта жәшігі кіреберіс, баспалдақ, лифт, шатыр, инженерлік жүйелер сияқты кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне жатады. Айтпақшы, егер пәтеріңізді сататын болсаңыз, келісімшартта үйдің келесі иесі төлемді жалғастырады деп көрсетілген. Яғни төлем аяқталғанын күтпей, үйіңізді алаңсыз саудалауға мүмкіндік бар.
Павлодар