Онкологиялық орталықтың операция бөлімі. Жұмыс уақыты бастала сала хирургтер білек сыбана ота жасауға кіріскен. Түске дейін операция залдарының бірі де босамайды. Дәрігерлердің айтуынша, тоқсаныншы жылдардың соңында күніне 2-3 операция жасалса, қазіргі кезде 10-12 операцияға дейін жасалады. Бұл дегеніміз – аурудың көбейгендігі емес, скринингтің нәтижесі.
Блоктарда жасалып жатқан операцияларды арнайы рұқсат алып, көзбен көрдік. Біз түсініп болмайтын «LigaSure», «Ультрадыбыс», «Эндебейнехирургия» сынды заманауи аппараттар, үлкен экран... Экраннан әлденені тілгілеп жатқан сүйріктей құрал жылт-жылт етеді. Ортада қимылсыз пациент жатыр. Шағын экраннан операция үстелінде науқастың жүрек соғысын анестезиолог бақылап отыр. Күнделікті жұмыстары осы болған соң да еттері әбден үйреніскен, байыпты қимылдайды. Тек хирург маңдайы шып-шып терлеп, экранға тесіле қараған. Қолында – адам өмірі, мойнында – үлкен жауапкершілік. Қателесуге болмайды. Хирургтің жанында ассистент, медбикелер зыр жүгіріп жүр. Әр операция 1,5-2 сағатқа созылады. Кейде одан да ұзақ.
Түске дейін созылған операциялар аяқталған соң онкохирург, «Халық алғысы» медалінің иегері Хусан Өмірзақовты әңгімеге тарттық. Ол былтыр жыл көлемінде тікесінен тік тұрып, 700-ден астам операция жасаған екен. Демек, 700 адамға қайта өмір сыйлады. Алғысқа әбден лайық.
– Өзіңіз көргендей, күнделікті жұмысымыз операция жасаудан басталады. Операцияны қуықасты безіне жиі жасаймыз. Байқап отырсақ, Шығыста простата аденомасы көп. Ісік қатерлі болсын-болмасын емдеуіміз керек. Айта кетсем, оны емдеуде операцияның үш түрі бар, ашық операция, лапароскапиялық тесу және обыр қатерлі болмаса, кеспей-ақ, эндоскопиямен емдейміз. Екінші орында бүйрек тұр. Киста, фиброма, бүйрек обыры секілді аурулар кездеседі. Кей-кейде эхинокок, альвеококқа шалдыққандар түседі. Біз бәрін емдеуге тырысамыз. Ісік ушығып кеткен жағдайда ғана қуықты түп орнымен алып тастауға мәжбүрміз. Ондай жағдайда ішектен қуықтың қабын тігіп, салып береміз, – деп Хусан Тәліпбайұлы қарапайым тілмен түсіндірді.
– Бүйрекке бес түрлі операция жасалады. Ісік қатерлі болмаса, операцияны ашық немесе лапароскопиялық жолмен жасаймыз. Егер қатерлі ісік болса, 90 пайызы лапароскопиялық жолмен жасалады. Бүйрек қатерлі ісікке шалдықса, өте қауіпті. Себебі ірі қан тамырлары арқылы жүрекке шабады. Жүректен төмен кез келген тромбты алып шыға аламыз. 2020 жылы Қазақстанда біз ғана лапароскопиялық жолмен тромбқа операция жасап, сәтті аяқтадық, – деп ұялы телефонындағы бейнероликті көрсетті.
Осы тұста онкологиялық аурудың алдын алуға болмай ма дейміз ғой. Себебі ауруды әбден ушықтырып барып, дәрігерге жүгінетіндер бар. Дәрігердің кеңесіне құлақ түрсек, әр адам өзі тіркелген емханада белгілі бір уақытта скринингтен өтіп тұруы керек. Отыздан асқан әйелдер тоқ ішектің, жатыр мойнының, сүт безінің обырына тексерілуі қажет. Сол сияқты ер адамдар да қуықасты безі секілді органдарды тексертіп тұрғандары жөн.
– Мысалы, аты жаман ауру алғашқы этапта анықталса, науқасты емдеуге бағытталған Үкіметтің шығыны 60-80 мың теңгені құрайды. Ал дерт ушығып кетсе, шығын сомасы миллионға барады. Химия, сәулелі терапия, таргетті терапия секілді ем-домның барлығы үлкен қаржыны қажет етеді. Бір таргеттің өзі 1 млн теңге тұрады. Оның үстіне, ушыққан жағдайда ол өмір бойы осы емдерді алып отыруы керек. Шығыннан бұрын, ушыққан ісік соңы өлімге алып баруы мүмкін. Сондықтан да «Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздейік!», деп оқырманға ақыл-кеңесін айтты білікті онкохирург.
– Жоқ дегенде, жылына бір рет медициналық диагностикадан өтіп отырыңыздар. Әр органды УЗИ-ге, кеудені рентгенге түсіріп отырыңыздар. Сондай-ақ үш анализ – зәр, жалпы қан анализі және биохимия тапсыру қажет. Ал туыстарында онкологиялық ауру бар азаматтар міндетті түрде тексерілуі керек, деп қосты ақыл-кеңесіне.
Алайда көпшілік тексеруден өтуге жүрексінеді. Аты жаман ауру анықталып, күйзеліп кетем бе деп күдіктенеді. Дұрысы, ауруды ертең анықтағаннан гөрі ерте анықтаған тиімді емес пе?! Кейбіреулер ісік барын анықтатып алып, операциядан қашып жүреді екен. Дәрігер түсіндіргендей, ісік ушығып, организмді жеп қояды. Тағы айта кетерлігі, обыр дерті жас-кәріні таңдамайды.
– Өткенде 28 жастағы қызға операция жасадық. Ісік бүйректе, аналық безде, құрсақта болған. Лапароскопиямен әдеттегідей ісікті алып тастадық. Операция қиын емес. Айтпағым, жас қыздың бір басында ғана үш ісік болған. Сондықтан ғой, тексеріліп тұру керек дейтініміз. Ең жаманы, адам өзін басқамен салыстырады. «Мендегі диагноз анада да бар, жүр әне» деуге болмайды. Ісік әр адамның организмінде әртүрлі өседі, – дейді Хусан Өмірзақов.
Жоғарыда атап өткендей, онколог дәрігерлер күнделікті қауіпті дертке шалдыққандарды емдеп жүргендіктен еттері өліп кеткен. Олар үшін қалыпты жағдай. Бұл – жүректің жоқтығы немесе мейірімсіздік емес. Өз істерінің шебері болған соң да солай қалыптасады. Бірақ онкохирургтердің өздері таңғалатындай операциялар да болып тұрады екен. 2016 жылы шетелдерден ем таппай келген пациент операция үстеліне таңылып, 12 кило саркома (қатерлі ісіктің бір түрі) алған екен. Түп-тамырымен алып тастаған ісікке былтыр қайта операция жасап 7 килограмм алыпты. Дәрігердің айтуынша, саркома қайталана береді екен.
– Міне, бір шелек шықты, – деп ұялы телефонындағы бейнероликті көрсетті...
Заман өзгерді, технология дамыды. Мамандар да үнемі алыс-жақын шетелдерде біліктіліктерін арттырып отырады. Бұрын бес-алты сағат жасалатын операция бұл күндері аппараттардың көмегімен бір-екі сағатқа ғана созылады. Обыр дерті көп анықталғанымен, өлім азайды. Ертеректе анықтау мүмкін болмағандықтан, ауруханаға жетпей кеткендер қаншама?! Қазір аурудан 98 пайызы аман қалып жатыр. Тіпті үшінші дәрежеге өтіп кеткен науқастар құлан-таза айығып кетеді. Цифрмен салыстырар болсақ, 2012 жылы скрининг нәтижесінде 205 облыс тұрғынынан ауру анықталса, қазір 980 пациент тіркелген. Ақ желеңділердің пікіріне қарағанда, аурудың көбейгені емес, өлімнің көбейгені қауіпті.
Шығыс Қазақстан облысы