• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Тарих 08 Мамыр, 2022

Сұрмерген

587 рет
көрсетілді

Қан майданда жаумен арпалысып, ерлік көрсеткен жауынгердің бірі – Ыбырайым Сүлейменов. Ол 1941 жылы 31 жасында Жамбыл қаласынан әскерге аттанған. Калинин майданының сапындағы алғашқы шайқастардың өзінде ол сексенге жуық жауды жер жастандырады. Великие Луки қаласы үшін болған ұрыста да 60 жаудың көзін жояды.

1943 жылы Невель қаласының түбінде қаза табады. Ыбырайым Сүлейменов 300-ден астам жауды жайратқан, ерен ерлік жасаған тұлға. Ол соғыста 100-дербес атқыштар бригадасы атқыштар батальоны 2-бөлімшесінің мергені бола жүріп, осындай ерліктер көрсетті. Оның қайталанбас ерлігі жөнінде Әзілхан Нұршайықовтың «Автопортрет», «Невель түбінде», Қасым Шәріповтің «Қатардағы қаһарман», «Қаруластар», Балтабай Адамбаевтың «Ыбырайым батыр» атты белгілі шығармаларында кеңінен суреттелген. Алайда сұрмерген Сүлейменовтің ерлігі дер кезінде бағаланған жоқ. Кезінде бірнеше рет Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылса да, қысастық пен әділетсіздіктің салдарынан бұл жоғары марапатты ала алмаған.

Еліміз егемендік алған кезеңде де көпшілік тарапынан біртуар батырға «Халық қаһарманы» атағын беру туралы бастама көтерілген. Тіпті Қасым Қайсенов, Әзілхан Нұршайықов сияқты көрнекті тұлғалар да бұл туралы талай мәрте айтыпты. Ал өткен жылы «Egemen Qazaqstan» газетінде Парламент Сенатының депутаты Мұхтар Құл-Мұхаммедтің «Өшпес ерлік» атты мақаласы жарияланды. Мұнда Ыбырайым Сүлейменовтің ерлік істері жан-жақты баяндалған. Жалпы, бас басылымда еліміздегі көрнекті қалам қайраткерлерінің еленбей жүрген ерлер туралы көптеген мақалалары жария­ланып келеді. Оның ішінде сұрмерген Сүлейменов туралы да танымдық дүниелер жетерлік.

Ақиқаттың ақ туы қайта көтерілген Жеңіс күні қарсаңында ел Президентінің Жарлығымен Ыбырайым Сүлейменовке «Халық қаһарманы» атағы берілгені туралы сүйінші хабарды көпшілік қуана қабылдады. Батырдың туған-туысы мен ұрпақтары да жақсы жаңалықпен қауышты. Батырдың қарындасы Айткүл Сүлейменова бұл күнді отыз жылға жуық уақыт күткенін, үмітінің ақталғанын тебірене жеткізді.

– Ыбырайым аға соғыстың алдында көрші Жамбыл ауданында тракторшы болып жұмыс істеген. Соғыс басталған 1941 жылы ағамыз әскер қатарына алынды. Ол кісі Жамбыл қаласындағы бұрынғы Билікөл көшесіндегі №34 үйде тұрды. Аталған көше қазір Ыбырайым Сүлейменовтің атында. Ағаның әскерге кеткен кезі есімде. Алты жастағы бала болсам да, ол кісіні бәріміз қимастықпен шығарып салғанымызды білемін. Жалпы, қан майданға Сүлейменовтер әулетінен бес ер адам аттанған. Содан үшеуі мүлде із-түзсіз кеткен. Ыбырайым ағадан қара қағаз келді. 1945 жылы ол кісінің інісі Ысқақ қана тірі оралды. Мен Ыбырайымның үлкен ағасы Сүйіндіктің қызымын. Жасым қазір 86-ға келді. Әділдіктің туған күнін көре аламын ба, жоқ па деп көп ойлайтынмын. Жеңіс күнінің елу жылдығынан бастап тиісті орындарға хат жаза бастадық. Бірақ нәтиже болған жоқ. Биыл Жеңіс күнінің қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Ыбырайым Сүлейменовке «Халық қаһарманы» атағы берілді. Мемлекет басшысына өз атымнан, Сүлейменовтер әулетінің атынан алғыс айтып, ризашылық білдіремін, – дейді Айткүл Сүлейменова.

Асыл ердің сүйегі бұл күнде Ресейдің Невель қаласында жатыр. Ердің есімі ұмытылмақ емес. Бүгінде Тараз қаласындағы негізгі көшелердің біріне Ыбырайым Сүлейменовтің аты берілген. Туған жері Сарысу ауданы, Ұйым ауылындағы орта мектеп Екінші дүниежүзілік соғыстағы Жеңістің 50 жылдығынан бері батыр есімімен аталады. Сондай-ақ бүгінгі таңда Тараз қаласында атақты жауынгер атында №37 мектеп жұмыс істейді. Аталған білім ошағы Ыбырайым Сүлейменов көшесінің бо­йында орналасқан. Батыр атындағы мектептерде мергеннің өміріне қатысты түрлі деректер сақталған. Сонымен қатар сол көшенің бойынан батырдың кеудемүсіні орнатылған. Бұл жерде оның үйі болған екен. Жалпы алғанда, Әулиеата өңірінде Ыбырайым Сүлейменовтің есімі тиісінше ұлықталып келеді. Ұрпақтары да ұлы батырды ұмыт қалдырған емес. Кезінде ағасы Сүйіндік те, қызы Алмакүл де Невель қаласына барып, марқұмның зиратына  құран бағыштапты. Аталған қалада Сүлейменов атындағы көше бар екен. Сондай-ақ, алаңда ескерткіш-тақтасы тұр. Алайда одан бері де талай уақыт өтті. Бұл күнде батырдың ағасы Сүйіндік те, қызы Алмакүл де дүние салған. Ал, Сүйіндіктің ұрпағы қазір Тараз қаласында тұрады.

Мерген Ыбырайым Сүлейменовтің жанқиярлық ерлігі жөнінде талай дүние жарияланды. Өткен жылы жамбылдық зиялы қауым өкілдері де батырға «Халық қаһарманы» атағы берілсе деп, елдік бастамаға үн қосқан болатын. «Біз қай кезде де мықтылардың өшпес ерлігі мен болмыс-бітімін ұмытпауға, олардың рухын ардақтауға тиіспіз. Қазақ даласы батырларға ешқашан кенде болған емес. Олар Отанымызды қорғауда ерліктің ерен үлгісін көрсетті. Ыбырайым Сүлейменов сияқты елін сүйген ерлердің есімі мәңгі жасауға тиіс», дейді ардагер журналист, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Баттал Жаңабайұлы. Шынында да, батыр есімі мәңгі жасайтыны сөзсіз.

 

Жамбыл облысы