• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Қаржы 08 Мамыр, 2022

Криптовалюта: Қауіп пе, мүмкіндік пе?

866 рет
көрсетілді

Блокчейн, криптоиндустрия сегменті де қазақ нарығына бейімделе бастады. Активтердің ішіндегі ең өтімдісі – биткоин. Оның бағасы теңгемен есептегенде 17 млн-нан асады. Сарапшылар ел ішінде біраз компаниялар криптовалютаны айырбас құралына айналдырғысы келетінін, бірақ құзырлы орындар мұны қаперге алмай отырғанын айтып жүр.

Жақында Алматыда криптовалюта тақырыбында өткен жиында сарапшылар халықтың криптосауатын көтеру мәселесін талқылады. Жиынға қатысушылар блокчейн алыпсатарлық өндіріс емес екенін, болашаққа салынған инвестиция екенін алға тартты. Криптоактивтер – цифрлы валюта, қолға ұстауға болмайтын, айналымда жүрген қаржы. Оның табиғаты – бірер мезетте бүкіл әлемде транзакцияланып үлгереді. «Биткоин төңкерісі» немесе криптовалюталар феномені әлемдік қаржы жүйесіндегі экономикалық қатынастарды түбегейлі өзгертті. Кез келген бизнес сияқты, оны бастау үшін де айналымда қар­жы болуы қажет. Bitcoin Revolution арқылы пайда табуды бастау үшін кемі 250 доллар немесе одан да көп мөлшерде инвестиция керек», дейді сарапшылар.

Криптоиндустрияны құқық­тық реттеу саласы бойынша қазақ­стандық сарапшы Илья Шело­менцевтың айтуынша, 2021 жыл­­дың соңына дейін майнинг биз­несін мемлекеттік реттеу тетігі заңдық тұрғыдан бекітілмеген. Тек 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап Салық кодексіне цифрлы активтерді өндірумен айналысатын тұлғаларға салық салу тәртібін бел­гілейтін норманы енгізді. Бірақ оның нәти­жесі жылдың аяғында ғана белгілі болады.

Криптоактив саласында әлем­дік қаржы жүйесіне өзгерістер алып келген фак­торлар көп. Ал Үкі­мет оның цифр­лы валюта тәріз­ді қамтылмағанын, есеп айыры­су кезіндегі белгісіздікті алға тартып, мәселені заңмен реттеуді кешеуіл­детіп келеді. Сондықтан тәуекелге бел буған кәсіпкер өз қызметін жеке тәуекелі шеңберінде ғана жүр­гізіп келді. Ал мемлекетке кәсіп­кердің тәуекелі емес, пайдасы ма­ңызды. «Әзірге Үкіметтің ұста­нымы белгісіз. Кәсіпкер криптоактивке сатып алған тауарына қарап, салық төлейді», дейді сарапшы.

Криптосауаттылықты заңдастыруға әлі ерте

Криптоактивтер ұлттық немесе шет­елдік валютамен салыс­тырғанда біраз параметр бойын­ша ерекшеленеді. Нарықта крип­тосауаттылық деңгейін көтермей жатып, оны жариялы түрде заңдас­тыру ерте. Оның кері әсерін қаржы пирамидаларымен салыстыруға болады: Мысалы, криптоиндус­трия ағымынан хабары жоқ салымшы оны ақшаға сатып алып, алданып қалса, үлкен проблемаға айналуы ықтимал. Алданғандардың қатары көбейген кезде Үкіметтен қолдау күтеді. Сол себепті Ұлттық банк нарықтың осы сегментіне беттемей отыр.

И.Шеломенцевтың түсінді­руін­ше, активтің мұндай түрі­мен айналысатын Ұлттық банк тә­різді эмиссия орталығы болмаған­дықтан ол төлем құралы ретінде қабылданбайды. Бірақ соңғы жетістіктер оның инвестициялық табиғаты дәстүрлі валюталармен ашық бәсекеге түсе ала­ты­­нын дәлелдеп отыр. Себебі крип­тоактивтердің инфляцияға бейім­ділігі дәстүрлі валютамен салыстырғанда қуатты. «Қа­зақ­­станда криптоактивтерді дамы­тудың, оны инвестиция құралы ретінде пайдалануға мүмкіндік беретін 17 блокчейн-платформа бар. 2019 жылы елімізде майнинг жобаларына 82,6 млн теңге инвестиция құйылған. 2020 жылы бұл іске салынған сома тағы 80 млн-ға өсті. Ал 2021 жылғы көр­сеткіш 250 млн теңгеден асып кетті. Бұл – ашық нарықта көзін тап­қанға мол мүмкіндік. Бірақ оның бағдарламаларын, кілтін білетін мамандар аз. Себебі мем­лекет бұл актив түріне аса қызы­ғушылық танытып отырған жоқ. Ішкі нарықта өздерін криптоойыншылар деп таныстырып жүр­гендердің кәсібилігі төмен. Криптовалюталарды шығару бо­йын­ша әлемдегі екінші ел бола тұра, қаржы қайтарымын көрмей отырмыз», деді И.Шеломенцев.

Қазір ел ішінде криптоактивтер баға­сының құбылмалылығына байланысты пікір көп. Сарапшы­ның түсіндіруінше, криптоактивтер бағасының құбылмалығы нарықтың беталысына емес, осы сег­менттің капиталдануына ғана тәуелді. Қаржыландыру дең­гейі артып, нарықта жаңа ойыншылар пайда болған кезде криптоактивтердің бағасы да тұ­рақталады. Ал криптовалюта бағамын ұстап тұру немесе бағ­дарлама арқылы құбыл­малылықты жасанды түрде азай­туға болады. Себебі криптоактивтер – цифр­­лық революцияның бір ғана бөлігі. Әлемдік цифрлы тех­­но­ло­гия қарқынды дамып жат­­қанда криптонарық барысын бір орталықтан бақылау мүм­кін емес, тек нарықтың беталысын соған қарап бейімдеп үлгер­гендер ғана ұтады. «Бірақ криптоактивтер бағасын қолдан тұрақ­тандыру дегенге қарсымын. Мы­салы, күні ертең қолданысқа енейін деп отырған цифрлы валютаның бағасы тұрақты болмайды. Құбылмалылыққа баға белгілеудің түбегейлі негіздерінің болмауы соған әкеліп отыр. Кей кезде бағаға инвесторлар да ықпал етеді. Инвесторлардың кіріс­тілігі жоғары басқа да балама тәсіл­дерді іздестіруі биткоинды қы­рық құбылтып жібереді. Оның ерекшелігі де сол – құбыл­малы­лығында. Мысалы, соңғы бес жылда оның бағасы 5 мың доллардан 30 мың долларға дейін өсті. Бұл – тәуекелден қорықпайтын инвес­торлар үшін үлкен мүмкіндік», дейді сарапшы.

Криптоактивтерге көзқарас нақтыланады

Криптовалютаны қаржы құ­ралы ретінде пайдалануға тыйы­м салынған, бір­ақ инвестиция ре­тінде салып, пайда табуға мүм­кіндік бар. Ұлттық банк криптоак­тивтер айналымына рұқсат бермесе де майнингті қолдануға заң тыйым салмайды. Былтыр 22 маусымда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда крип­томайнингті ресми түрде заңдас­тыру туралы заңға қол қойды. 1 кВт/сағ үшін бір теңге мөлшерінде төлемді белгілейтін түзету 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енді.

«Астана» халықаралық қаржы орта­лығы криптовалютаны құп­таса да Ұлттық банк оған қырын қарап келген еді. Бірақ осыдан бірер жыл бұрын елде криптовалюталарды сақтау және айналымға жіберу тұжырымдамасы әзірленіп, виртуалды валюталарды сақтау және «Астана» қаржы орталығы секілді мамандандырылған алаң­дар арқылы сату ісін реттеуге ден қойылды. Мемлекет осы арқы­лы криптовалюта саласын заң­дас­­тыруға бет бұра бастағанға ұқ­сайды.

Тәуелсіз финтех сарапшысы Ғим­ран Абдрахманов Қазақ­станда крип­то­активтерді қолма-қол ақшаға айнал­дырудың мүм­кіндіктері бар екенін айтады. Бұл «Астана» халықаралық қаржы орта­лығында заң шеңберінде рет­телген. «Қазақстандықтардың крип­тоактивтер туралы сауат­тылық деңгейі дамып келе жатыр. Бірақ жоғары деңгейге жеткенше көп жұмыс істеу керек», деді Ғ.Абдрахманов.

Осы ретте сарапшы цифрлы актив­тердің аражігін ажырата білу маңызды екенін ескертті. Айталық, 2020 жылы Азаматтық кодекске «цифрлы активтер» деген ұғым енгізіліп, «қамтамасыз етілген», «қамтамасыз етілме­ген» деп екіге бөлініп, мүлік түрі ретінде қарастырылды. Қамта­масыз етілген активтер тауармен не қызметпен қамтасыз етілуі міндетті және олардың айналымына елімізде рұқсат етілген, бір­ақ токенизацияны бастамас бұрын Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігін хабардар ету қажет. Мысал ретінде сыйға берілетін сертифкаттарды айтуға болады, тек физикалық формада емес (купон) цифрлы активке ауысып шығарылғандары (токендер) «қамтамасыз етілген активтер» ретінде танылады. Яғни ол то­кенді кез келген уақытта тауарға не қызмет түріне алмастыруға бо­лады. Қамтамасыз етілмеген цифрлы активтер тек «Астана» халықаралық қаржы орталығында реттеледі және инвестиция түрі болып саналады, оған биткоин, эфириум және тағы да басқа альт­коиндар жатады (альтернативті коиндар). Оның бағасына сұра­ныс пен ұсынысқа, геосаяси жағ­дайлар, негативті немесе пози­тивті жаңалықтар, киттердің қоз­ғалысы (криптовалютаның ірі ұстау­шысы), трендтер, қор нарығы және тағы да басқа факторлар әсер етеді. «Криптонарықтың тәуе­келі жоғары. Оның бағасы ауыт­қымалы, кейде техникалық, фундаменталды және басқа да тал­дауларға бағынбайды. Бір тәу­ліктің ішінде 10-15 пайызға, тіпті 50%-ға дейін төмендеп немесе жоғарылауы мүмкін. Тәуекелдерді төмендеу мақсатында нарықты үнемі қадағалап, эмоцияларға берілмей, алдын ала дайындалған инвесторлық стратегияны ұс­тану өте маңызды», деді Ғ.Абдрахманов.

Яғни қорқыныш пен ашкөздік индексін ұмытпау қажет (fear and greed index). Ол индекс 0-100-ге дейінгі көрсеткішпен белгіленеді. 0-40 дейінгісі – нарықта қор­қыныш орын алғанын, 30-60 дейін нейтралды және 60-100-ге дейін нарықта ашкөздік орын алғанын көрсетеді.

«Ашкөздік кезінде крипто­валюталарға инвестиция салу өте қауіпті. Қарапайым тілмен айтсақ, биткоин жайлы тек сын пікір айтылған кезде инвестициялау дұрыс, тіпті биткоинды сантехникке дейін талқылап кеткен кезде криптовалютаны сату керек деген сөз. Алайда мұны инвестициялық не қаржы кеңесі ретінде қарастырмаған жөн. Әр­бір инвестор өз қаражатына өзі ғана жауапты. Бастапқы кезде криптовалюталарға салынатын капи­талдың пропорциясы 10-20%-дан аспағаны жөн», дейді сарап­шы.

Ұлттық банк крипто сатып алуға асықпауға кеңес береді. Се­бе­­­бі оның тәуекеліне мемлекет ке­пілдік бермейді. Нарықтың тілін білетіндер қай сәтте қандай шешім қабылдарын біледі. Сондықтан өз-өздеріне кепіл бола алады. Біздің елде криптоактивтерді қолма-қол ақшаға айналдырып беретін ресми және ресми емес компаниялар бар. Ресми компаниялардың (криптоброкер және криптобиржалар) жұмысын «Астана» халықаралық қаржы орталығы (AFSA) реттейді. Қаржы орталығында осындай операцияларды жүргізуге мүмкіндік бар, бірақ оның да белгілі бір шегі бар. «Қазір нарықтың осы сегментіне көптеген инвесторлар келіп жатыр. Қозғалыс бар. Осыған дейін тек бізде емес, шетелде де криптоактивтерге деген көзқарас селқос болды. Сенімсіздікке басымдық берілді. Ал қазір бірқатар елдің алпауыт банктері криптоактивтермен айналысатын криптотрейдинг депар­таменттерін ашып жатыр. Байқап отырғанымыздай, алғашқы жылдары сынаса, қазір қабылдай бастады. Еуропа мен АҚШ-тың зейнетақы қорлары салымдарының 3 пайызын криптоактивтермен ұстайды. Ал Азияда бұл көрсеткіш – 15 пайыз. Демек Азия құрлығындағы мемлекеттердің крип­тоактивтерді қабылдау деңгейі Еуропамен салыстырғанда жоғары. Ал біз­дің ел бұл мәселеге қатысты ұста­нымын мемлекеттік деңгейде нақтылаған жоқ. Бірақ менің ойым­­ша, арада бір өзгеріс болып қалуы мүмкін», деп түйіндеді Ғ.Абдрах­манов.

 

АЛМАТЫ