Бұған дейін «Егемен Қазақстан» газетінің Оңтүстік Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі болып келген Оралхан Дәуіт басылымның Жамбыл облысындағы тілшісі қызметіне тағайындалды. Төменде біз жұмысына кіріскен әріптесіміздің осы өңірден жазған алғашқы мақаласын беріп отырмыз.
«Сегіз ұлым бір төбе, Ер Төстігім бір төбе» демекші, жамбылдықтар үшін «Қазфосфат» өз алдына бір төбе екені анық. Әйтеуір, фосфорлы Жамбылдың жағдайының жақсаруына осы алып кәсіпорын үлкен дем беруде. Енді, міне, соңғы жылдары «Қазфосфат» ЖШС шетелмен қарым-қатынас жасауды жақсы игеріп алыпты. Оған, әрине, Кеден одағының тигізіп отырған ықпалы мол.
Қазір «Қазфосфат» ЖШС әлемнің 30-ға тарта еліне өз өнімін саудалап отыр. Еліміздегі химия өнеркәсібінің алыбы саналатын бұл кәсіпорын үш ел арасындағы экономикалық ықпалдастықтың арқасында тауар айналымын мейлінше ұлғайтуға қол жеткізді. Кедендегі кедергілер алынып тасталғандықтан бүгінде бұл елдермен алыс-беріс емін-еркін жүруде. Соның арқасында өткен жылы зауыт Ресейге құны 85 млн. АҚШ долларын құрайтын дайын өнім жөнелткен. Есесіне көршілерімізден 50 млн. доллардан астам қаржыға кокс, амиак, сода, құрал-жабдықтар және қосалқы бөлшектер сатып алыпты. Бүгінгі таңда зауыт өнімінің 93 пайызы шет мемлекеттерге экспортталады. Ол өнімдер негізінен тамақ, целлюлоза, құрылыс материалдары, тұрмыстық химия өнеркәсібінде қолданылғандықтан өтімділігі өте жақсы, үлкен сұранысқа ие.
– Соңғы екі жылда Ресей мен Беларуське құны 143 млн. доллардан астам өнім жөнелттік. Ал биылғы екі айдың ішінде 7 млн. доллардан астам өнім өткіздік – дейді бұл жөнінде зауыттың бас инженері Абсамат Керімбаев.
Озық технологияның арқасында зауыт өнімінің сапасы едәуір жақсарған. Ең бастысы, кәсіпорынның әлемдік нарықтағы бәсекелестік қабілеті артты. Жаңа технология ендірілген сары фосфорды түпкілікті өңдеу цехы айына мың тоннадан астам дайын өнім шығып жатыр. Бір айта кетерлігі, мұндай жаңашылдықты зауыттың инженерлік тобы өздері ойлап тауыпты. Осыдан-ақ, кәсіпорын мамандары үлкен ізденістің үстінде екенін байқауға болады. Өнім сапасын арттыру бағытындағы ізденіс әлі де жалғасып жатыр.
Кәсіпорын былтыр жылына 600 мың тоннаға дейін күкірт қышқылын шығаратын цехты да іске қосты. Минералды тыңайтқыштар құрамының үштен бірін құрайтын бұл өнім бұған дейін өзге жақтан қымбатқа сатып алынатын еді. Шикізат қазір зауытқа екі еседей арзанға түсіп отыр. Бұл дайын өнімнің өзіндік құнын айтарлықтай азайтуға мүмкіндік беретіні анық. «Қазфосфат» осындай қарым-қатынастың арқасында қанатын кеңге жаюда.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан».
Жамбыл облысы.
–––––––––––––––
Суреттерді түсірген
Ағаділ РЫСМАХАН.