Қазақстан энергетика жүйесін жаңғырту ел экологиясын жақсарту мен экономикасын дамыту үшін маңызды қадамдардың бірі болары сөзсіз. Бүгінде әлемде энергия көздерін ураннан алу тәжірибесі тиімді жүзеге асып келеді. Алдағы 50 жылда адамзат тарихта осы күнге дейін қолданған энергиядан да көп қуат көзін талап етеді. Бұл барлық технологияның электр қуатын пайдалануына байланысты болып отырғанын ескеру керек.
Еліміз электр тапшылығын қазірдің өзінде сезініп отыр. Болжамға сәйкес қажетті резервті есептегенде, биылғы электр энергиясына деген тапшылық 1,3 ГВт деңгейінде болады деп күтілуде. Бұл қажеттілік уақыт өткен сайын арта түспесе, кемімейді. Себебі 2030 жылға қарай Қазақстанның электр қуатына айтарлықтай тапшы болу қаупі бар. Қазір еліміздің шекаралас мемлекеттерден энергия жеткізуге тәуелді болып отырғаны байқалады. Егер энергия жеткізу тәуелділігінің өсуіне жол берілсе, бұл жағдай еліміздің энергетикалық қауіпсіздігіне кері ықпал етеді.
Екіншіден, мемлекеттік аймақтық электр стансасы (МАЭС) мен жылу электр орталығы генерациялайтын жабдықтардың тозуы да жағдайды күрделендіріп отыр. KEGOC компаниясының болжауынша, елдегі жылу стансалары қуатының 70 пайызының тозығы жеткен. Мәселен, жыл сайын қазақстандық ЖЭО (жылу электр орталығы) мен МАЭС электр энергиясын алу үшін 60 млн тоннаға жуық көмір тұтынады екен. Осындай стансалардан бөлінетін зиянды түтін мен қалдықтар экологияға өте зиян, ал қала тұрғындары үшін ауаның ластануы денсаулыққа кері әсер етеді.
Айта кетейік, алғашқы атом электр стансасы 1954 жылы КСРО-ның Обнинск қаласында құрылған болатын. Бүгінгі таңда Жер шарының 31 мемлекетінде 441 ядролық реактор жұмыс істейді. Оның көпшілігі Еуропада, Солтүстік Америкада, Оңтүстік-Шығыс Азияда және бұрынғы КСРО аумағында орналасқан. Реакторлар саны бойынша әлемдегі жетекші ел – АҚШ. Ондағы реакторлар саны – 93. Одан кейінгі Францияда – 56, Қытайда – 54, Ресейде – 38, Жапонияда – 33, Оңтүстік Кореяда – 24, Үндістанда – 23 реактор жұмыс істейді. Жаңадан АЭС-тер құру жағынан Қытай, Үндістан, Оңтүстік Корея және Ресей алдыңғы орында. Кейбір елдерде электр энергиясын өндірудегі АЭС-тің үлесі жоғары, 13 елде бұл үлес 25 пайыздан асады.
Еске салар болсақ, бұған дейін елімізде атом стансасы болды. Бұл жалғыз АЭС Ақтау қаласында 1973-1999 жылдар аралығында қызмет көрсетті. Қазіргі уақытта Қазақстанда атом энергиясы қолданылмайды, әйтсе де МАГАТЭ-нің мәліметінше, еліміздің уран қоры шамамен 900 мың тонна деп бағаланып отыр.
Жалпы, атом электр стансасы жайлы түсінігіміз болуы үшін бірінші кезекте мұның күнделікті қолданатын электр энергиясын алудың бір жолы ғана екенін ұғып алуымыз қажет. Еліміз қазір электр қуатын жылу электр стансалары мен су электр стансаларынан алып келеді. Біз қолданып жүрген электр қуатының 90 пайызға жуығы жылу электр стансасынан алынған. Электр энергиясының 70 пайызы көмірден, 14 пайызы су электр стансаларынан, 10 пайызы газдан және 5 пайызы мұнайдан алынып отыр.
Зерттеушілердің болжамынша, көмірдің жаһандық қоры 270 жылға дейін, мұнай 50 жылға дейін, газ 70 жылға дейін жетеді. АЭС-ке пайдаланылатын уран қоры 5 718 400 тоннаны құрайды. Бұл 2 500 жылға дейін жетеді. Әлемдегі уран қоры ең көп ел – Аустралия. Одан кейінгі орындарда Қазақстан, Ресей және Канада тұр. Сондықтан бұл саладағы мамандар еліміздің уран қорын ескере отырып, оны тиімді пайдалану қажет екенін түсінуіміз керегін жиі айтады.
Атом саласының маманы Әсет Махамбетовтің пікіріне қарағанда, атом электр стансасын салу, біріншіден парниктік әсерді төмендетеді. Мысалы, жыл сайынғы 1000 МВт-тық атом стансасының жұмысы парниктік газдар шығарындыларын 4 млн тоннаға дейін азайтады. Екіншіден, елдің кадрлық әлеуетінің өсуіне алып келеді. Экономикалық өсімді және жаңа жұмыс орындарының пайда болуын қамтамасыз етеді. Үшіншіден, ғылымды қажет ететін технологияларды, машина жасау, металлургия, аспап жасау және басқа да аралас салаларды дамытады. Төртіншіден, генерация тиімділігін арттыруға ықпал етеді. Генерация кезінде пайдаланылатын 4%-ға дейін байытылған 1 килограмм уранның энергия сыйымдылығы толық жану кезінде шамамен 100 тонна жоғары сапалы көмірді немесе 60 тонна мұнайды жаққандай балама энергия шығарады. 60 жылдан астам уақыт бойы ел тұтынушыларын сенімді энергиямен жабдықтайды. АЭС орналастыру аумағында инфрақұрылым дамиды. Аталған нысан жол, теміржолдар, мектептер, ауруханалар, тұрғын үйлер және т.б. салуға ықпал етеді.
Ал эколог Сәкен Ділдахметтің пікіріне сүйенсек, ел ішінде қайда барсақ та жемқорлық дертке келіп тірелеміз. Біз үшін ең қауіпті нәрсе – осы. Бұл ірі жоба да «Астана ЛРТ» секілді жемқорлық іспен аяқталмай ма? Жартылай соғылып, жартылай бітпей қалмай ма? АЭС салып жатқан кезде арматураны үнемдеп қалмай ма деген өте үлкен күдік бар.
«Басқа ел болса мейлі. Бірақ әрбір қазақстандықтың жадында Семей полигонының қасіреті тұр ғой. Қаншама жыл бойы біз атомның зардабын шектік. Чернобыльдағы жағдай да, Фукусимадағы жағдай да есте. Өте үлкен қауіп бар. Сондықтан осы қауіптің алдын алу мақсатында мемлекет шынымен де кепілдік бере ме? Мемлекет атом электр стансасын салу кезінде қажетті талаптарды сақтай ма? Бізге, сізге, қарапайым халыққа ең алдымен қауіпсіздік керек. Екіншіден, содан өндірілетін энергияның экологияға зиян келмейтін балама көзі. Сондықтан қауіпсіздік тұрғысынан ел үшін салынатын болса құба-құп. Ең бастысы, жемқорлық дейтін мәселе ғой бәрін құртып жатқан», деді табиғат жанашыры.
Жалпы алғанда, әлемде атом технологиясының белсенді даму үрдісі байқалады. Бұл көмірсутегінен арылуға арналған жаһандық бағытпен, сондай-ақ энергия көздерінің тапшылығымен байланысты. Атом генерациясы 2008-2009 жылдардағы әлемдік қаржы дағдарысы мен 2011 жылғы Фукусима АЭС-ның апаты кезінде төмендегеннен кейін бүгінде белсенді түрде қалпына келтіріле бастады. Мәселен, 2022 жылы Финляндияда бір жаңа реактор іске қосылды, Ұлыбританияда екі реактор және Францияда бір реактор салынып жатыр.
Дегенмен қазіргі геосаяси ахуал күн сайын құбылған, терроризм мен экстремизм қаупі күшейген, яғни әлемдік сын-қатерлер көбейген кезеңде АЭС-тің құрылысын жүргізу де, оны қауіпсіз пайдалану да әрдайым жауапкершілікті қажет ететінін ұмытпаған ләзім. Бұл үшін елдің ішкі-сыртқы қорғаныс қуаты да мығым болғаны абзал. Сонда ғана қоршаған ортаға да зиянсыз әрі арзан отынды ел игілігіне өндіруге жол ашылмақ.