• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 16 Мамыр, 2022

Саладағы сары уайым

215 рет
көрсетілді

Күн жылынса, құрылыс саласына қан жүгіретіні белгілі. Кейінгі жылдары Павлодар облысында бұл бағыттағы жұмыстардың ауқымы кең. Ажары келіскен жаңа ғимараттар бой көтеруде. Мәселелер де аз емес. Кадр тапшылығы, жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу бойынша түйткілдер жетерлік.

Саладағы мәселелерді ше­шу жолында Қазақстанның құ­­рылысшылар одағының бел­­сенділігін атап өткен жөн. Аталған ұйым басшылығының пав­лодарлық құрылыс компа­ниясының өкілдерімен кез­десуінде біраз мәселе тілге тиек етілді. Облыс әкімінің бі­­рінші орынбасары Олег Крук та өңір­дегі құрылыс са­ла­сындағы проблемаларды ор­таға салды.

– Құрылыс жобалаудан бас­талады. Бұл ретте жобалық-сме­талық құжаттарды әзірлейтін ма­манның тәжірибесі мол бол­ғаны абзал. Құрылыс саласында кем дегенде 10 жыл еңбектенуі тиіс. Қазір университетті енді ғана тәмамдаған жастар бұл жұмысқа араласуда. Салдарынан жобада қателіктер жиі орын алады. Бір үйде пандус жоқ, тіпті қабат саны дұрыс есептел­меген жағдайлар кездесуде. Екіншіден, аймағымызда салынып жатқан тұрғын үйлер ұс­қынсыз. Бір ғана кірпіш пайдаланылады. Нұр-Сұлтан, Ақтау, Шымкент қалаларына барсаңыз, сәулеті келіскен ғимараттарға қа­рап қызығасыз. Бізге де ізде­ніс қа­жет. Үшіншіден, кабель сым­дарын таңдауда сапасына мән берген жөн. Соңғы уа­қыт­та тұрғын үйлерде өрт жиі орын алуда. Оның себебі көбіне ка­бельдік сымдарға байланысты екені анықталып отыр. Төр­тін­шіден, жергілікті құрылыс ком­панияларының белсенділігі тө­мен. Өткенде бір конкурс жария­ланып, оған қатысқан 7 мердігер де өзге өңірлерден болып шықты. Бесіншіден, өзіміздікін өзекке тебуді доғару керек. Бізде лифтті сапалы құрастыратын отандық серіктестіктер бар. Бірақ оларды қолдамай, Қытай, Беларусь сияқты елдермен байланыс орнатуға асығамыз. Бастысы – әр құрылыс келешек ұрпаққа деген ниетпен салынуға тиіс, – дейді О.Крук.

Белгілі болғандай, елімізде 54 мың құрылысшы тапшы екен. Бұл салада жүргендердің барлығы дерлік – ауыл жастары. Ауыртпалығына шыдайтындар аз. Сол себепті тапшылықтың туындауы – заңдылық. Қазір әлемдік тәжірибеге көз жүгірт­сек, көптеген дамыған ел жұ­мыс­шыларды өзге мемлекеттерден шақырады. Соның өзінде мамандар жеткіліксіз. Салдарынан жыл сайын қарапайым дәнекер­леушілердің құны артуда. Қазақ­станның құрылысшылар одағы саладағы проблемаларды шешу үшін жобалық кеңсе жұмысын қолға алыпты.

 

Павлодар облысы