ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов бейнеконференция байланысы режимінде Өзбекстан Премьер-Министрі Абдулла Ариповпен келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Egemen.kz ведомствоның ресми сайтына сілтеме жасап.
Үкімет басшылары кеңейтілген құрамда сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, өнеркәсіп, көлік, ауыл шаруашылығы және білім беру салаларындағы бірлескен жобаларды іске асыру барысы, сондай-ақ су-энергетика саласындағы өзара іс-қимыл мәселелерін талқылады.
«Өзбекстан – бізге бауырлас әрі көршілес мемлекет, уақыт сынынан өткен досымыз және ұзақ мерзімді стратегиялық серіктесіміз. Біздің негізгі мақсатымыз – екі елдің Мемлекет басшылары алға қойған міндеттерді толық жүзеге асыру және Қазақстан-Өзбекстан ынтымақтастығын жаңа сапалы деңгейге көтеру», деді Әлихан Смайылов.
Сондай-ақ ҚР Премьер-Министрі Жамбыл облысында жол-көлік оқиғасы салдарынан қаза тапқан Өзбекстан азаматтарының туыстары мен жақындарына көңіл айтып, қолдау білдірді.
Өз кезегінде Абдулла Арипов зардап шеккендерге жедел көмек көрсетіп, барлық қажетті қолдау шараларын ұйымдастырғаны үшін Қазақстандағы әріптестеріне алғысын білдірді.
Келіссөз барысында 2021 жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы сауда-саттық 33%-ға ($4,3 млрд) өскені атап өтілді. 2022 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша да оң динамика байқалады — тауар айналымы $1 млрд асты, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 27,2%-ға жоғары. Екіжақты тауар айналымын $10 млрд дейін жеткізу үшін алдағы бес жылға 41 іс-шарадан тұратын Практикалық іс-қимыл жоспары қабылданды. Бұл бағытта тараптар өзара саудадағы кедергілерді жойып, жаңа кедергілердің алдын алу қажеттілігін атап көрсетті.
Қазақстан тиісті Жол картасының жобасын әзірлеп жатыр. Аталған құжат туындаған түйінді мәселелерді шешу мақсатында нақты жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді.
Өнеркәсіп кооперациясында да оң үрдіс байқалады, онда қазіргі уақытта жалпы сомасы шамамен $1 млрд 786 млн болатын тоғыз ірі бірлескен жоба іске асырылып жатыр.
«Өзбек компанияларымен тығыз ынтымақтастық орнатуға қуана келісеміз», деді Әлихан Смайылов.
Ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастық тұрғысынан қазақстандық компаниялардың Өзбекстанға ет-сүт өнімдерін, балық және одан жасалатын өнімдерді экспорттауға мүдделі екені айтылды.
Бұған дейін Өзбекстан тарапына ел аумағына ауыл шаруашылығы өнімдерін әкелуге құқығы бар компаниялардың тізіліміне 113 қазақстандық компанияны енгізу бойынша барлық қажетті материалдар жіберілген болатын. Азық-түлік инфляциясын тежеу аясында Қазақстан мен Өзбекстанның тауар өткізу жүйелерін үйлестіруді жандандыру қажет екені атап өтілді.
Сондай-ақ Үкімет басшылары екі елдің жоғары оқу орындары арасындағы әріптестікті ретке келтіру мәселелерін талқылады. Өзбекстан жастарының қазақстандық білімге деген тұрақты қызығушылығын ескере отырып, Ташкентте Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ мен М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің филиалдарын ашу мәселесі пысықталып жатыр.
Сонымен қатар келіссөз барысында су-энергетика саласындағы өзара іс-қимыл мәселесі қозғалды. Таяуда вегетациялық кезеңде «Бахри Точик» су қоймасының жұмыс режимі бойынша үш жақты уағдаластыққа қол жеткізу көзделіп отыр, бұл Сырдария өзенінің орта ағысын, оның ішінде «Достық» каналының қазақстандық бөлігін қажетті сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Талқылауды қорытындылай келе, Қазақстан мен Өзбекстанның Премьер-Министрлері бірлескен күш-жігермен кешенді екіжақты ынтымақтастыққа қосымша серпін беру үшін белгіленген барлық жобаларды пысықтауды одан әрі жалғастыруға дайын екендерін растады.