Қаңтар айындағы оқиғалардан кейін жұрт арасында еліміздің құқық қорғау саласы жиі әңгімеге арқау болғаны рас. Мақтаса – көңілге қонымды, даттаса ол да орынды. Не десек те, салаға үлкен реформа жасаудың сәті келген сияқты. Оның ауылы алыс емес. Павлодар облысына жұмыс сапарымен келген Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов цифрландыруға қадам басып, саланы барынша жаңарту жоспарда екенін айтты.
Әлеуметтік желіні ашып қалсаң, еліміздің түкпір-түкпірінде күнде қылмыс, күнде құқық бұзушылық оқиғалары жалт етеді. Соған қарап, тұрғындар дүдәмал ойдың жетегінде жүруі мүмкін. Марат Ахметжанов сандарды сөйлетіп, жыл сайын заң бұзушылықтың азайып келе жатқанын жеткізді.
– 1997 жылдан бері жылына кемінде 2 500 адам өлтіру фактісі тіркелсе, соңғы 5-6 жылда 1 мыңнан асқан жоқ. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары еліміз түрмедегі жазасын өтеушілер саны бойынша әлемде үшінші орында болса, қазір 97-орынға дейін сырғыды. Өткен жылдың төрт айында Павлодар облысында 27 адам жанын қию оқиғасы болса, биыл жыл басынан бері 13 қайғылы жағдай тіркелді. Жалпы, Павлодар облысының құқық қорғау саласында ілгерілеушілік бар. Электронды қылмыстық істер, істі жүргізудің үш сатылы моделі елімізде алғаш болып осы өңірде басталды. Десе де, жетілдіретін тұстары да жетерлік.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында ауқымды реформаларға айрықша тоқталды. Бұл ретте құқық қорғау органдарының жұмысын жетілдіруге қатысты бірқатар нақты тапсырма берді. Ел билігі мен халықтың бізге қойып отырған басты талабы – әділ, заңды шешімдерді қабылдау. Оны орындау үшін құқық қызметін жүйелендіріп, қол байлайтын қағазбастылықтан арылу керек. Қазіргі уақытта осы бағыттағы жұмыстарды бастап кеттік. Бірақ реформалар біржақты болмайды. Сондықтан бізге халықтың қолдауы, бірлескен әрекет керек, – деді М.Ахметжанов.
Белгілі болғандай, бүгінде құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында «Сергек. Қорғау» қосымшасы іске қосылған. Сол арқылы жол-көлік оқиғаларының орын алуына тосқауыл жасау көзделіп отыр. Яғни жылдамдықты асырған, жалған нөмірлер таққан көлік жүргізушілері бейнебақылау камералары арқылы бірден анықталып, полиция өкілдеріне дереу хабар беріледі. Осы жылдың екінші жартыжылдығында Павлодар облысында да цифрлы пилоттық жоба жүзеге аспақ. Терең сараптама жасау мақсатында құрылатын арнайы бағдарлама қылмыстар санын азайтуға бағытталады.
Жиын барысында министр тәртіп сақшыларының жұмысын бағалау форматы өзгеретінін атап өтті. Бұрын полицейлер тек көрсеткіштік сандарды жақсартуға ден қойып келсе, енді әр қызметкердің жұмыс сапасы бағаланатын болады. Марат Ахметжанов Павлодар облысында басталған тәжірибе – модульдік пункттерді салу жобасына оң бағасын берді. Жұмыс сапары барысында азаматтарды жеке қабылдап, олардың талап-тілектерін тыңдады.
Павлодар облысы