• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 16 Мамыр, 2022

Басты талап – әділ шешім қабылдау

419 рет
көрсетілді

Қаңтар айындағы оқиғалардан кейін жұрт арасында еліміздің құқық қорғау саласы жиі әңгімеге арқау болғаны рас. Мақтаса – көңілге қонымды, даттаса ол да орынды. Не десек те, салаға үлкен реформа жасаудың сәті келген сияқты. Оның ауылы алыс емес. Павлодар облысына жұмыс сапарымен келген Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов цифрландыруға қадам басып, саланы барынша жаңарту жоспарда екенін айтты.

Әлеуметтік желіні ашып қал­саң, еліміздің түкпір-түкпірінде күнде қылмыс, күнде құқық бұзу­шылық оқиғалары жалт етеді. Соған қарап, тұрғындар дүдә­мал ойдың жетегінде жүруі мүм­кін. Марат Ахметжанов сандар­ды сөйлетіп, жыл сайын заң бұзу­шы­лықтың азайып келе жатқанын жеткізді.

 – 1997 жылдан бері жылына кемінде 2 500 адам өлтіру фактісі тіркелсе, соңғы 5-6 жылда 1 мың­нан асқан жоқ. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары еліміз түрме­дегі жазасын өтеушілер саны бойынша әлемде үшінші орында болса, қазір 97-орынға дейін сырғыды. Өткен жылдың төрт айында Павлодар облысында 27 адам жанын қию оқиғасы болса, биыл жыл басынан бері 13 қайғылы жағдай тіркелді. Жалпы, Павлодар облысының құқық қор­ғау саласында ілгерілеушілік бар. Электронды қылмыстық істер, істі жүргізудің үш сатылы моделі елімізде алғаш болып осы өңірде басталды. Десе де, жетілдіретін тұстары да жетерлік.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында ауқым­ды реформаларға айрықша тоқталды. Бұл ретте құқық қор­ғау органдарының жұмысын же­тілдіруге қатысты бірқатар нақ­ты тапсырма берді. Ел билігі мен халықтың бізге қойып отыр­ған басты талабы – әділ, заңды шешімдерді қабылдау. Оны орын­дау үшін құқық қызметін жүйе­лендіріп, қол байлайтын қа­ғаз­бастылықтан арылу керек. Қа­­зіргі уақытта осы бағыттағы жұ­мыс­тарды бастап кеттік. Бірақ рефор­малар біржақты болмайды. Сондықтан бізге халықтың қолдауы, бірлескен әрекет керек, – деді М.Ахметжанов.

Белгілі болғандай, бүгінде құ­­қық бұзушылықтың алдын алу мақсатында «Сергек. Қор­ғау» қосымшасы іске қосылған. Сол арқылы жол-көлік оқиғала­рының орын алуына тосқауыл жасау көзделіп отыр. Яғни жыл­­дамдықты асырған, жал­ған нө­мірлер таққан көлік жүргізу­шілері бейнебақылау камералары арқылы бірден анықталып, полиция өкілдеріне дереу хабар беріледі. Осы жылдың екінші жартыжылдығында Павлодар облысында да цифрлы пилоттық жоба жүзеге аспақ. Терең сараптама жасау мақсатында құрылатын арнайы бағдарлама қылмыстар санын азайтуға бағытталады.

Жиын барысында министр тәртіп сақшыларының жұмы­сын бағалау форматы өзгеретінін атап өтті. Бұрын полицейлер тек көрсеткіштік сандарды жақ­сартуға ден қойып келсе, енді әр қызметкердің жұмыс сапасы бағаланатын болады. Марат Ахметжанов Павлодар облысын­да басталған тәжірибе – модульдік пункттерді салу жобасына оң ба­ғасын берді. Жұмыс сапары бары­сында азаматтарды жеке қа­былдап, олардың талап-тілектерін тыңдады.

 

Павлодар облысы