• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Аймақтар 17 Мамыр, 2022

Әлкейді әлі зерттеу қажет

465 рет
көрсетілді

Павлодар педагогикалық университетінде «Академик Әлкей Марғұлан еңбектеріндегі қазақ халқының мәдени-тарихи мұрасын зерттеудің өзекті мәселелері» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті. Шара барысында «Әлкей Марғұлан және мәдени мұра» деген атаумен жарық көрген жаңа кітап таныстырылды.

Конференция шымылды­ғын ППУ ғылыми жұмыстар жө­ніндегі проректоры Бауыржан Есенгелдин ашты. «Академик Әлкей Марғұлан –  қазақ хал­қы­ның тарихын материалдық және рухани тұрғыда өте терең әрі ауқымды зерттеген ғалым. ­­Ол Қазақстан ғылымының көп­те­ген саласын, атап айтқанда қола дәуірінің ортағасырлық археологиясын, қазақ халқы­ның мә­дениеті мен өнер тарихын зерттеп, этнографиясының негі­зін салушы ретінде тарих­та қалды. Оның асыл мұра­лары жас ғалымдар мен зерт­теушілер үшін баға жетпес дереккөзі болса, музей мамандары үшін құнды жәдігерлер қата­рында», деді ол.

Шарада Әлкей Марғұлан ту­ралы деректі фильм көрсе­тіл­ді. Халықаралық конферен­цияға Қазақстанның және бір­неше шетелдік жоғары оқу орнын­ың ғалымдары қатысып, баяндама жасады.

«Әлкей Марғұлан және мә­дени мұра» деп аталатын туын­дының авторы – тарих ғылым­дарының кандидаты Марван Хамитова. Жергілікті тарихшылар мен өлкетанушылар ака­демик Әлкей Хақанұлы ту­ралы жарық көрген жаңа кітап­тың мазмұны мен тарихи құн­дылығына жоғары баға берді.

– Марван Арынқызын мар­ғұлантану ғылымының басын­да тұрған ғалымдардың бірі деуге болады. Бүгін қолы­мыз­ға алып отырған жаңа кітап – автордың отыз жылдан астам ізденісінің нәтижесі. Бұл – Әл­кей Марғұланға арналған ең көлемді монографиялық әрі энцикло­педиялық еңбектердің бірі. Мұнда академик ғалым ту­ралы жан-жақты зерттеулер бе­рілген. Сонымен қатар бұрын-соңды жарияланбаған материалдар мен фотосуреттер басылған. Мысалы, Ахмет Байтұрсынұлы, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Әлімхан Ермеков сынды Алаш қайраткерлерімен бірге түскен суреттерді бірінші рет осы кітаптан көрдім, – дейді Торайғыров университетінің қауымдастырылған профессоры, тарихшы Ернұр Рахымов.

Кітаптың алғысөзін белгілі жазушы, алаштанушы Тұрсын Жұртбай мен тарихшы, ғалым Хангелді Әбжан жазған. Кітап алты бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімінде ғалымның өмір жолы, отбасы және шыққан тегі туралы жазылған. Екінші бөлімінде қазақ халқының материалдық мәдениетін зерттеуге қосқан үлесі, үшінші бөлімінде түр­кі халықтарының рухани мә­де­ниетін зерттеуге қосқан үлесі туралы баяндалған. Ал төр­тінші, бесінші және алтыншы та­рауларға Шоқан мұрасын зерт­теуіндегі еңбегі мен аудармалары және шәкірттері туралы тың деректер топтастырылған.

– Кішкентай кезімізде ата-анамыз газет-журнал оқытатын. Әлкей Марғұлан есімімен сол кезде таныс болдым. «Мәдениет және тұрмыс», «Білім және еңбек» журналдарында Әлкей Хақанұлының мақалалары көп басылатын. Кейін мұғалім бол­ғаннан кейін үйде сақталған сол журналдардан материалдар жи­нақтап, мектеп оқушыларына баян­дама жасап жүрдім. Тіпті ауыл халқын мәдениет үйіне жи­нап, баяндама жасаған кез­дер болды. Міне, осылай ізде­не жүріп, Қазақстан Ғылым Ака­де­миясына және академиктің ұрпағы Данель Әлкейқызына хат жазып көмек сұрадық. Ол кісі де қуана қабылдап, қолдау көрсетті. Соның нәтижесінде ауыл мектебінде ғалымға арнал­ған музей ашылды. Содан бері осы тақырыпты үзбей зерттеп ке­лемін, – дейді тарихшы Марван Хамитова.  

Конференция барысында ал­­дағы уақытта Әлкей Мар­ғұ­ланның еңбектерін диплом­дық зерттеулер арқылы жаңа қыр­ларын ашып көрсету мәселе­ле­рі кө­терілді. Сонымен қатар Пав­ло­дар қаласында мемориал­ды мұ­ражай ашу мәселесі ұсы­нылды.

 

Павлодар облысы