Италия тас жолдарында өтіп жатқан «Джиро д’Италия» көпкүндігінің тоғызыншы кезеңі өз мәресіне жетті. Бұл кезеңде 26 жастағы Bora-hansgrohe командасының аустралиялық велошабандозы Джей Хиндли топ жарды.
Изерния мен Блокхаус қалаларын жалғаған 191 шақырым жолды Джей Хиндли 5 сағат 34 минут 44 секундта жүріп өтті. Хиндлимен мәре сызығын бірге кескен франциялық Ромен Барде (Team DSM) мен эквадорлық Ричард Карапаз (INEOS Grenadiers) одан кейінгі орындарға жайғасты. Ал «Астананың» италиялық велошабандозы Винченцо Нибали мәре сызығын жеңімпаздан 34 секунд кейін қиды.
Ал жалпы есепте төртінші кезеңнен бері АҚШ-тың Trek-Segafredo клубы сапында өнер көрсететін Хуан-Педро Лопес алдына жан салар емес. Оны португалиялық Джоау Альмейда (UAE Team Emirates) мен франциялық Ромен Барде (Team DSM) өкшелеп келеді. Әзірге «Астана» велокомандасының ең үздік нәтижесі Винченцо Нибалиге тиесілі. Жалпы есепте 13-орында тұрған ол Лопестен 3 минут 4 секундқа қалып келеді.