«Жоқ, керек емес». Үкімет басшысы Әлихан Смайылов «Аграрлық банк қажет» деген депутаттық сауалға берген жауабында осылай депті. Елімізде еншілес компаниялары арқылы агроөнеркәсіп субъектілерін қаржыландыратын «Бәйтерек» холдингі бар. Сол себепті жеке аграрлық банк құрудың қисыны жоқ деп есептейді Премьер-Министр.
Айтуынша, еншілес компаниялар банк операцияларының жекелеген түрін жүргізуге арналған лицензиясы болуы арқылы ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне несие және лизинг ұсына алады. «Банктер операцияларын түгел орындамай, экономика салаларына қызмет көрсету мүмкіндігін шектеп отыр. Сонымен қатар Агробанктің бір ғана бағыт бойынша қызмет көрсетуі үлкен тәуекелге ұрындырады. Салымшылар қаржылық қызметтердің ауқымды спектрін ұсынатын әмбебап қаржы институттарымен жұмыс істегенді жөн көреді. Мамандандырылған банктің халық депозитін өзіне тартуы қиынға соғады», деді Ә.Смайылов.
Парламент Мәжілісінің депутаты Айқын Қоңыров осы кезге дейін көпфункционалды мемлекеттік банктің құрылмауы – Қазақстанның стратегиялық қателігі екенін айтты.
«Жеке банктерді, квазимемлекеттік делдалдарды шексіз қаржыландыру процесін тоқтатып, қаржыны мемлекеттік банктердің жаңа буынын құруға жұмсау қажет. Отандық экономикадағы реформалардың әзірге банк секторына қатысы болмай тұр. Бірақ халық пен экономиканың нақты секторына қолұшын беруді доғарған банк жүйесінің жұмыс сапасын жақсарту үшін қазір шешімтал қадамға бару қажет. Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргеннен және нарықтағы кедергілер алынғаннан кейін де бізге қолжетімді ресурсы бар, технологиясы озық әлемдік қаржы институттары келген жоқ. Маңызды позицияны ресейлік банктер жаулады. Соңғы бес жылда отандық екінші деңгейлі банктер активіндегі ресейлік еншілес банктердің үлесі 9-дан 15 пайызға дейін артты. Қарыз портфеліндегі жиынтық үлесі 17 пайыздан асты. Енді қазір санкцияға ұшырағаннан кейін жағдай мүлде басқа қырына қарай өзгеріп жатыр. Егер кезінде салалық мемлекеттік банк құрғанымызда, кәсіпкерлеріміздің триллиондаған ақшасы бұғатталған шоттарда («Сбербанк Қазақстан», «ВТБ Қазақстан» және «Альфа-Банк» – ред) жатпас еді».
Оның айтуынша, енді экономиканы мемлекеттің өзі несиелеуге мәжбүр.
«ҚазАгро» холдингінің қызметі тоқтағанына қарамастан қаржыландырудағы ашықтық мәселесі сол күйінде қалып отыр. Республикалық бюджеттен салаларды несиелеу әкімдік желісі бойынша микронесие арқылы жүреді. Өнеркәсіп саласында бюджеттен несие ресурсын бөлу «Бәйтерек» холдингі, Қазақстан даму банкі және «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы көпқабатты схемамен жүзеге асады. Бұл процеске «қаржылық қызметтерге қолжетімділікті арттыру», деген әдемі термин таңылған. Шын мәнінде мұның артында қолжетімді несие ресурсын ұсына алмайтын тиімсіз жекеменшік банк жүйесіне тұрақты демеушілік ету ісі тұр. Толыққанды мемлекеттік банк бола алмаған Қазақстан даму банкі де осындай схемамен жұмыс істеген. Бізге өзінің ғана экономикалық мүддесін ойлайтын, алыпсатарлық кірісті көздейтін банк емес, өндірістік әлеуетті арттыра алатын қаржы институты керек. Мұндай жұмысты мемлекеттік банк құрмай іске асыру мүмкін емес. Бұл кемі екі салаға қатысты – ауыл шаруашылығы және өнеркәсіп. Даму үшін бізге «Агробанк» және «Промстройбанк» қажет», дейді депутат.
Осыған дейін мұндай идеяны сенатор Мұрат Бақтиярұлы да көтерді.
– Фермерлерді қаржылық қолдауды күшейту үшін ауыл шаруашылығы банкі құрылуы керек деп есептеймін. Бұл аталған салаға үлкен демеу береді. Қызылорда облысына барған кезімде фермерлер осы мәселені көтеруімді сұрады. Диқандардың айтуынша, өңірде күріш негізгі аграрлық өнім болып отыр. Облыс ішкі нарықта осы өнімнің 80 пайызын қамтамасыз етеді. Бірақ жылдан-жылға жұмыс істеу қиындап бара жатыр. Өңірдегі суармалы жерлердің жағдайы сын көтермейді, су құбырлары мен кәріз жүйелері тиісті қаржының жоқтығынан уақтылы тазаланбайды, соның салдарынан кептеліп, шамадан тыс сортаңданып қала береді. Дамыған елдерде 1 текше метр судан 4-6 кило ауыл шаруашылығы өнімі өндірілсе, бізде бұл көрсеткіш небәрі 0,4-0,8 килоны құрайды – 6 есе аз. Дамыған елдерде 1 кило өнім алу үшін 160-400 литр су жұмсалса, бізде ол 1 200-1 500 литрді маңайлайды. Суармалы жерлердің гидромелиоративтік күйі көңіл көншітпейді. Бұл мәселе Үкіметтің назарын аударуы тиіс, – деген еді М.Бақтиярұлы.
Ол сондай-ақ минералды тыңайтқыштар бағасының қымбаттауын, арадағы делдалдардың кесірінен бағаның шарықтап тұрғанын айтады.
«Біздің ауылшаруашылық өндірушілері Ресей мен Беларустың фермерлерімен бәсекеге түсе алмайды. Ол елдердегі аграрлық банк фермерлердің мүлкі мен жерін кепілге алып, ұзақ мерзімге арзан несие береді. Әрі аталған банктің бөлімшелері әр өңірде бар. Ауыл шаруашылығына арналған банк ашу мәселесі Парламент қабырғасында талай айтылды, бірақ әлі оң шешім шыққан емес», деді сенатор.
Айтпақшы, агробанк құру мәселесін бір кездері «Ауыл» партиясының делегаты Юрий Комаров та айтқан болатын.
«Ауыл шаруашылығында Қазақстанның әлеуеті өте жоғары. Тіпті мұнай, газ, металды да алмастыра алады. Бұл үшін аграрлық саясатты түбегейлі қарау керек. Бірінші кезекте, фермерлерге жылдық 4 пайыздан көп емес ұзақ мерзімді несие берілгені дұрыс. Бірде-бір коммерциялық банк шағын шаруа қожалығына несие ұсынбайды. Агробанкті құру қажеттілігі баяғыда туды. Ол үшін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі немесе Қазақстан даму банкі тәжірибесімен жеке заң қабылданғаны абзал», деп пікір білдірген еді Ю.Комаров.
Сәуір айында Ауыл шаруашылығы министрлігі 1 млн тонна бидай мен 300 мың тонна ұн квотасын белгілеп, бидай мен ұн экспортына шектеу қойған еді (бұйрық 15 маусымға дейін күшінде). Ұлттық статистика бюросының дерегінше, бидай көлемі 6,4 млн тоннаны құрайды. Сонымен бірге агроөнеркәсіп кешенін қолдау үшін 310 млрд теңге бөлінді. Қосымша 43 млрд теңге инвестициялық субсидиялауға, 9,3 млрд теңге нан өндірісі үшін бидайды субсидиялауға берілді. Мұндай шектеу сәл бұрын Ресейде де енгізілген.
«Ресей билігі өз әрекеттерін ішкі нарықтағы бағаның өсуінен қорғаумен негіздеді. Бірақ Ресейдің бірқатар аймақтарында бидай бағасы 10 пайыздан астамға қымбаттады. Нан өндірісінің шығыны 30 пайызға дейін өсті, нан бағасы 15 пайызға дейін қымбаттауы мүмкін. Ресейлік сарапшылардың пікіріне қарағанда, нан өнімдерінің шикізатын өндірушілер экспорттық түсімдердің төмендеуіне байланысты бағаны көтереді. Енгізілген шаралардың ұқсастығына және екі елдің сауда тәуелділігін ескерсек, Қазақстанда да ұн өнімдері бағасының өсу тәуекелі бар. Қазір отандық аграрлық сектордың ахуалы қиын кезеңде тұрғаны және құрылымдық қолдауға мұқтаж екені жасырын емес. Несиеге және басқа да қаржы өнімдеріне қолжетімділікті арттыру үшін агробанк құру ұсынылып жатыр», деп жазады телеграмдағы Risk Takers каналының сарапшылары.
Ал Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының басшысы Елена Бахмутова әзірге агробанк құруға қажеттілік жоқ деп санайды.
«Ауылшаруашылық өнімін өндірушілердің негізгі проблемалары қандай? Біріншіден, сервис пен қаржылық сауаттылықтың төмендігі олардың қызметін жүргізудегі ашықтыққа кедергі болып тұр. Түрлі құралдар енгізу арқылы оны түзеуге болады. Екіншісі, ауыл шаруашылығындағы жоғары тәуекелдер. Саланы болжау өте қиын, сондықтан қаржы институттары ол жаққа асқан сақтықпен аяқ басады. Өкінішке қарай, жұмыс істемей тұрған кредиттер үлесі бұл салада өте жоғары – 25 пайыз. Сондықтан мемлекет кепілдендіру құралдарын ұсыну, сондай-ақ шектеулі формада – субсидиялау формасы арқылы тәуекелдерді бөлістіруі керек деп санаймын. Өйткені көптеген дамыған елдерде ауыл шаруашылығы саласы дәстүрлі түрде субсидияланады. Ондай мақсат үшін агробанк керек емес. Одан гөрі арнаулы даму институты қажет», деді Е.Бахмутова.
2022 жылдың 1 ақпанындағы дерек бойынша, банктер осы салаға 332,4 млрд теңге займ берген (2021 жылы 225,7 млрд теңге). Сөйтіп, соңғы бір жылда ауыл шаруашылығын несиелеу 106 млрд теңгеге өскен. Әрине, ақшалай мәндегі ірі цифрлар қашанда сүйкімді. Бірақ ол ақша нақты кімнің қалтасына түсті, қалай жұмсалды, ол жағын айырып білу мүмкін емес. Көзіміз жетпесе де, ептеп күмәнданамыз. Себебі, жыл басында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі фермерлер үшін бөлінген субсидия қаржысының қылмыстық жолмен жымқырылып келгенін мәлімдеген еді. Субсидия дегеніңіз облыс әкімдігіндегі шенділердің аузына май жаққан талай пысықтың таусылмас «несібесіне» айналған. Бұл мәселеге Президент те назар аударып, дәл осы саланың жылдар бойы жемқорлық құрсауынан шыға алмай келе жатқанын айтты.
«Былтыр қуаңшылық болды, шаруалар беретін жем таппады, мал қырылды. Кей өңірлерде шаруаларға субсидия ретінде күн батереялары берілген. Ашығын айтқанда, ауылдықтарға не керек екенін ешкім ойланып та жатпаған. Субсидия игерілді деп есеп беру үшін күн батереяларының бағасы еселеп көрсетілген. Осының бәрі уәкілетті органдардың жауапкершілік танытпауының салдарынан болды. Мұндай өрескел шығынға жол бергені үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі мен әкімдер жауап беруі керек», деген еді Мемлекет басшысы.
Жалпы, соңғы бес жылда шаруаларды қолдауға 2 трлн теңге бөлінді. Әрине, оның жартысынан астамы діттеген мекенжайға жетпеген. Осындай түйткілдерді айта келе саланың жүгін көтерер бір қаржы институты керек секілді көрінеді. Өйткені «Бәйтерек» секілді ірі холдингтердің компаниялары тек ірі бизнестерді қаржыландырады және көп жағдайда жоғарыда айтылғандай күмәнді схемаға құрылған несие беру процесі әлі күнге ашықтықтан ада болып отырған жайы бар. Жағдайға бізден гөрі қанық шенділер солай дейді. Егер агробанк құрылмайтын болса, онда салмақ тағы да айналып кеп микроқаржы ұйымдарының мойнына түсуі мүмкін. Қазірдің өзінде аталған ұйымдар бизнеспен қоян-қолтық жұмыс істей бастады және бірқатары шаруаларға несие беруден тартынбайтынын мәлімдеп те үлгерді. Қаржы әділ бөлінгенде ғана қай саланың да түтіні түзу ұшпақ.