Жол – экономиканың күретамыры. Ел Президентінің бұл салаға ерекше назар аударатыны да сондықтан. Үкіметтің осы аптадағы отырысында автожол саласын дамыту мәселелері қаралды. Өңірдің жолы әкім жұмысының айнасы екенін еске салған Премьер-Министр жергілікті жердегі жолдардың нашарлығын сынға алды.
Ақылы жолдарға қатысты шағым көп
Еліміздегі автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 96 мың шақырымды құрайды. Оның 25 мың шақырымы – республикалық жолдар, қалған 71 мың шақырымы – облыстық және аудандық маңызы бар жолдар. 2025 жылға дейін республикалық маңызы бар жолдардың нормативтік жағдайдағы үлесін 100 пайызға, жергілікті желі жолдарының үлесін 95 пайызға дейін жеткізу көзделіп отыр.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, көлік-транзиттік әлеуетті арттыру 8 көлік дәлізін жаңғырту арқылы қамтамасыз етіледі. Бүгінде дәліздердің барлығы толық қуатта жұмыс істеп тұр. Жекелеген учаскелер бойынша өткізу қабілетін арттыру үшін реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
– Бірінші дәліз – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай». Ұзындығы – 2 747 шақырым. Қытайдан Қазақстан, Ресей арқылы және одан әрі Еуропаға, сондай-ақ Орталық Азия елдеріне, атап айтқанда, Өзбекстанға, Қырғызстанға және кері қарай транзиттік ағынды қамтамасыз ететін дәлізге 2009-2017 жылдары толық реконструкция жүргізілді. Көлік ағынының ұлғаюына байланысты 2023-2030 жылдар аралығында Қызылорда қаласынан Ресей Федерациясы шекарасына (Мәртөк елді мекені) дейінгі ұзындығы 1 363 шақырым болатын учаскені кезең-кезеңімен бірінші техникалық санатқа ауыстыру жоспарланып отыр, – деді министр.
Екінші дәліз Алматы – Қарағанды – Нұр-Сұлтан – Петропавл – Ресей Федерациясы шекарасына дейінгі (Қорған) аралықты қамтиды. Ұзындығы – 1 868 шақырым. Дәліз Қазақстан, Ресей арқылы Орталық Азия елдерімен, одан әрі Еуропамен транзиттік ағынды қамтамасыз етеді. Бұл ретте, транзиттің бір бөлігі Қытай тарапынан келеді. 2017 жылы ұзындығы 863 шақырымды құрайтын «Қарағанды – Нұр-Сұлтан – Петропавл» учаскесін реконструкциялау аяқталды. Ұзындығы 60 шақырым болатын «Петропавл – Ресей Федерациясы шекарасы (Қорған)» учаскесіндегі жұмыстарды аяқтау 2023 жылға жоспарланған. 2023 жылы «Алматы – Қарағанды» учаскесін бірінші техникалық санатқа ауыстыра отырып, реконструкциялау тәмамдалмақ.
– Үшінші дәліз – «Нұр-Сұлтан – Қостанай – Ресей Федерациясы шекарасы (Челябі)». Ұзындығы – 860 шақырым. Аталған дәліз Орталық Азия елдерінен Қазақстан, Ресей арқылы және одан әрі Еуропаға транзиттік ағынды қамтамасыз етеді. Учаске 2013 жылы реконструкцияланды. Алайда қозғалыс қарқынының артуына байланысты 2030 жылға дейін учаскені бірінші техникалық санатқа ауыстыру жоспарлануда.
Төртінші дәліз – «Қытай Халық Республикасы шекарасы – Майқапшағай – Қалбатау – Семей – Павлодар – Ресей Федерациясы шекарасы (Омбы)». Ұзындығы 1 116 шақырымға тең. Ол шығыс өңірінің негізгі бағыттарының бірі. Транзит Қытайдан Қазақстан, Ресей аумағы арқылы өтіп, Еуропаға жалғасады. Ұзындығы 701 шақырым «Қалбатау – Павлодар – Ресей Федерациясының шекарасы (Омбы)» учаскесін реконструкциялау 2016 жылы аяқталды. Қазіргі уақытта «Қытай Халық Республикасы шекарасы – Майқапшағай – Қалбатау» учаскесін реконструкциялау жүргізіліп жатыр. Жұмыстар 2023 жылы аяқталады, – деді Қ.Өскенбаев.
Бесінші дәліз – ұзындығы 1 026 шақырымды құрайтын «Алматы – Талдықорған – Өскемен – Шемонаиха – Ресей Федерациясының шекарасы (Барнаул)». Бұл Орталық Азия мен Қытайдан Қазақстан арқылы Ресейдің шығыс өңірлеріне және Қиыр Шығысқа транзитті қамтамасыз етеді. Зор сұранысқа ие бағыттың бірі. Бүгінгі таңда «Талдықорған – Өскемен» автожолын реконструкциялау іске асырылуда. Жұмыстар 2023 жылы толық аяқталмақ. Ұзындығы 258 шақырым болатын «Өскемен – Шемонаиха – Ресей Федерациясы шекарасы (Барнаул)» учаскесін 2024-2026 жылдары реконструкциялау көзделіп отыр.
– Алтыншы дәліз – «Ақтөбе – Қандыағаш – Мақат – Атырау – Ресей Федерациясы шекарасы (Астрахань)». Ұзындығы – 893 шақырым. Батыс өңірі үшін аталған дәліз Өзбекстан мен Түрікменстан елдерінің Қазақстан аумағына және Ресей арқылы Еуропаға транзитін қамтамасыз етеді. «Ақтөбе – Қандыағаш» және «Атырау – Астрахань» учаскелерінде қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Биыл қозғалысты ашу, келер жылы жұмыстарды толық аяқтау жоспарлануда. Осы жылы «Қандыағаш – Мақат – Атырау» учаскесін реконструкциялау аяқталады.
Жетінші дәліз – «Атырау – Орал – Саратов». Ұзындығы – 587 шақырым. «Орал – Саратов» учаскесі (100 шақырым) 2018 жылы реконструкцияланды. Ұзындығы 487 шақырым болатын «Атырау – Орал» учаскесін төрт жолақты қозғалысы бар бірінші санатқа ауыстыру үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Құрылыс-монтаж жұмыстары биыл басталады, – деді министр.
Сегізінші дәліз – ТРАСЕКА. Бүгінгі таңда Ресейдегі геосаяси жағдайға байланысты ұзындығы 4 016 шақырым болатын бұл дәліз үлкен сұранысқа ие. Дәліз бағыты «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізінің негізгі бөлігі арқылы өтеді және одан әрі Ақтөбе мен Доссор арқылы Қазақстанның теңіз порттарына шығады. Сондай-ақ Ақтау және Құрық теңіз порты арқылы Қытайдан және Орталық Азия елдерінен Кавказға, одан әрі Еуропаға транзитті қамтамасыз етеді.
– Осы жылы құрылыс және реконструкциялау бойынша ұзындығы 4 300 шақырым болатын 18 жоба іске асырылуда. Оның 15-і өтпелі және 3-і жаңа жоба. Жылдың соңына қарай жол жұмыстарының 1 600 шақырымын аяқтау жоспарлануда. 1 400 шақырымда қозғалысты ашу көзделген. Президент тапсырмасына сәйкес биыл «Бейнеу – Шалқар – Ырғыз» автожолының құрылысына техникалық экономикалық негіздеме әзірлеу басталады. «Жезқазған – Қарағанды» және «Семей – Өскемен» жобалары бойынша қаржыландыру көздерінің түрлі нұсқасы қарастырылуда, – деді Қ.Өскенбаев.
Министр жыл соңына дейін республикалық желі жолдарының нормативтік жағдайдағы үлесі 91 пайызға дейін, ал жергілікті желі жолдарының үлесі 85 пайызға дейін жеткізіледі деп уәде берді. Сонымен қатар ақылы учаскелердің ұзындығы 4 700 шақырымды құрамақ.
Қайырбек Өскенбаевтың баяндамасынан кейін Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев, Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов өздері басқарып отырған өңірлердегі жолдың жағдайы туралы есеп берді.
Премьер-Министр Әлихан Смайылов еліміздің жол көлік қатынасын дамыту үшін соңғы жылдары ауқымды жұмыс жүргізілгенін атап өтті. Дегенмен Үкімет басшысы ақылы жүйеге ауысып жатқан жолдардың жағдайына қатысты халықтың шағымы барын еске салды. Осыған орай «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясына жолдарды күтіп-ұстау сапасы мен қауіпсіздігі бойынша жұмысты күшейту тапсырылды.
Үкімет басшысы қабылданып жатқан шараларға қарамастан, бірқатар мәселе бар екенін атап өтті. Оның ең негізгісі – жолдардың, әсіресе жергілікті жердегі жолдардың нашарлығы. Дүниежүзілік экономикалық форумның деректеріне сәйкес Қазақстан жол сапасы жағынан әлемде 93-орында тұр.
– Мемлекет басшысы жолдардың жағдайы нашар екенін бірнеше рет айтты. Әрбір әкім өңірдегі жолдардың жай-күйіне тікелей жауапты екенін атап өткім келеді, – деді Ә.Смайылов.
Мал шаруашылығы – азық-түлік қауіпсіздігінің кепілі
Үкімет отырысында мал шаруашылығын дамыту мәселесі де талқыланды. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, мал шаруашылығының үлесіне ауыл шаруашылығындағы жалпы өнімнің 42,1 пайызы тиесілі. Ал экспортта мал шаруашылығы өнімінің үлесі 4 пайызға тең.
– Мал шаруашылығы – жалпы ауыл шаруашылығының тұрақты дамып келе жатқан саласы. Бұған мал мен құс санының тұрақты өсу қарқыны, олардың сапалық көрсеткіштерінің жақсаруы, жануарлардың өнімділігінің артуы, сондай-ақ мал шаруашылығы өнімдерінің өндіріс көлемінің ұлғаюы дәлел. Мұның бәріне көлемі жылдан-жылға тұрақты қарқынмен артып келе жатқан мемлекеттік қолдау шаралары арқылы қол жеткізілді. Түптеп келгенде осының бәрі саланың инвестициялық тартымдылығын арттырды, – деді ол.
Мәселен, былтыр ғана мал шаруашылығында жалпы сомасы 70 млрд теңгеге жуық 53 инвестициялық жоба іске асырылды. Сүтті мал шаруашылығында импортты алмастыру міндетіне сәйкес 2021 жылы қуаты 57 мың тонна болатын 35 тауарлы сүт фермасы іске қосылды. Биыл жалпы сомасы 100 млрд теңгеден асатын 62 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. 2,8 мың жұмыс орны құрылмақ.
Соңғы жылдары мал шаруашылығының генетикалық әлеуеті айтарлықтай өсті. Мемлекеттік қолдау шараларын күшейту есебінен асыл тұқымды малдың барлық түрі бойынша үлес салмағы артты. Мысалы, асыл тұқымды ірі қара малдың үлес салмағы ірі қара малдың жалпы басына шаққанда 7 пайыздан 13 пайызға дейін өсті. Сондай-ақ селекциялық және асылдандыру жұмыстармен айналысатын фермерлік шаруашылықтардың саны 2021 жылы 6 мыңнан 30 мыңға дейін ұлғайды. Дегенмен мал шаруашылығының даму қарқыны еліміздің қолда бар әлеуетімен сәйкес келмейді. Мал шаруашылығы өнімдерінің бірқатар түрі бойынша импортқа тәуелділік сақталып отыр. Әйтпесе, құс еті, ет және сүт өнімдерін терең өңдеудегі әлеуетіміз өңірлік қана емес, сондай-ақ әлемдік экспорттаушылардың арасынан табылуға мүмкіндік береді.
– Талдау нәтижесі көрсеткендей, мал шаруашылығын жедел дамыту мен оның өнімділігін арттырудың басты тежеуші факторы – жем-шөп базасының жеткіліксіздігі. Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, бүгінгі таңда ірі азықпен қамтамасыз ету 80 пайызды, шырынды азықпен 40 пайызды, құнарлы азықпен қамтамасыз ету 50 пайызды құрайды. Дегенмен мал шаруашылығын тұрақты дамыту үшін толық қамтамасыз етумен қатар, азықтың сақтандыру қоры да болуы тиіс. Сонымен қатар тиісті абаттандыру жұмыстарын жүргізбей, қарқынды пайдалану салдарынан жайылымдық алқаптар өнімділігінің нашарлауы байқалады, – деді министр.
Бұл ретте мал азығы базасына қатысты проблеманы шешу үшін министрліктің былтыр Жем-шөп өндірісі саласын дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған жол картасын әзірлегенін атап өткен жөн. Алайда жергілікті жерлерде онда көрсетілген іс-шараларды жүзеге асыру сылбыр жүріп жатыр. Мал шаруашылығын жем-шөп базасын есепке алмай дамыту процесі жалғасуда.
– Саладағы қазіргі проблемалар шаруашылықтарға мал бордақылау алаңдары мен ет өңдеу кәсіпорындарына ет контингентін жеткізу міндеттемелері мен мотивацияның болмауы, субсидиялаудың жоғары сыбайлас жемқорлық сипатына ие селекциялық-асылдандыру жұмысына шамадан тыс шоғырлануы, мал бордақылау алаңдары мен ет өңдеу кәсіпорындарының жартылай жүктелуіне алып келді. Салдарынан жоғары технологиялық өнеркәсіптік бордақылау мен мал союдың орнына қосымша құн мен мал шаруашылығынан түсетін салық түсімдерінің тиісті шығындарымен, жергілікті жерлердегі эпизоотиялық ахуалдың нашарлауымен аулалық бордақылау мен мал сою дами бастады. Тағы бір мәселе – мамандардың тапшылығы. Қазіргі уақытта жергілікті жерлерде ветеринарлардан басқа, зоотехник-технологтар мен зоотехник-селекционерлердің жетіспеушілігі байқалады. Әсіресе өндірістік құс шаруашылығында кадрлық қамтамасыз ету бойынша күрделі жағдай байқалады. Жас мамандарды жергілікті жерлерде қалдыру мәселесі өзекті, – деді Е.Қарашөкеев.
Министр мал шаруашылығын дамытудың тұрақтылығы мен орнықтылығын арттыру үшін бірқатар шара қабылданғанын атап өтті.
– Біріншіден, жем-шөп өндірісін дамыту жөніндегі жол картасында көзделген барлық іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз ету керек. Екіншіден, бақылаушы органдардың ұсынымдарына сәйкес субсидиялаудың қазіргі көптеген бағыты жүйелендіріледі және оңтайландырылады. Бұл ретте ғылыми негізделген нормаларды ескере отырып, субсидиялау нормативтері қайта қаралады. Үшіншіден, мал шаруашылығын білікті мамандармен, ең алдымен ветеринарлармен және зоотехниктермен кадрлық қамтамасыз етуге назар аудару қажет. Төртіншіден, ветеринария жүйесін реформалау есебінен мал шаруашылығына ветеринарлық қызмет көрсету сапасын арттыру маңызды, – деді ол.
«Біздің алдымызда тұрған аса маңызды міндет – осы өнім түрлерін шығаруда отандық өндірушілердің үлесін 100 пайызға дейін арттыру. Әсіресе шикізатты терең өңдеу жобаларын іске асыруға баса назар аударып, сыртқы нарықтарға шығуды да ескеру қажет», деді Ә.Смайылов.
Премьер-Министр мал шаруашылығын тиімді дамыту үшін тиісті жем-шөп базасы қажет екенін атап өтті. Жыл сайын елімізде жем-шөп қажетті зоотехникалық нормадан екі есе аз дайындалады. Жем жетпеген соң, оның бағасы да қымбаттай береді. Осыған байланысты жем-шөп дақылдарының егіс алқаптарын көбейтіп, шалғайдағы жайылымдардың инфрақұрылымын жаңғырту тапсырылды. Бұл жұмыстарды қаржыландыруға басымдық беру керектігін де ескертті.
Сонымен қатар елімізде мал шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорындар өндірістік қуатын толық пайдаланып отырған жоқ. Осыған орай ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді ұсақ өндірушілер мен қайта өңдеуші кәсіпорындарды байланыстыратын дайындаушы ұйымдар желісін құруға ынталандыру қажет.
Ғылыми тәсілдерді енгізу – мал шаруашылығы саласының тиімділігін арттырудың маңызды шарты. Осыған байланысты салаға инновацияларды енгізу жөніндегі жол картасын дайындау тапсырылды.
– Фермерлер мен инвесторлар заманауи технологиялар мен ғылыми жаңалықтарды енгізуге қаражат бөлуге мүдделі болуға тиіс. Жалпы, мал шаруашылығын дамыту мемлекеттік органдардың, фермерлердің, бизнестің, ғылым мен ветеринарияның ортақ позициясы мен бірлескен күш-жігері арқылы ғана нәтижелі болмақ, – деп түйіндеді сөзін Ә.Смайылов.