Судан сұрауын тапқан адамды «балықшы» десе болатындай. Ау құрып, қармақ салып ашаршылықтан аттап өткен қазақтың бір нәсібі осы кәсіппен байланысты. Кеңестік кезеңнің кемесінде отырып сүзекі тартқан әжемнің әңгімесі де ескек пен қайықтан әрі аспаушы еді. Картинаға қарап, сол тәтті естеліктер қайта санамда жаңғырғаны…
Белгілі суретші Қанафия Телжановтың «Балықшы Дүйсетайдың портреті» картинасы портрет жанрына жатады және реализм стилінде жазылған. Олай дейтін себебіміз, ол сол дәуірде колхоздарға барып, еңбекшілермен, мәдениет қайраткерлерімен және еңбек ерлерімен кездесе жүріп, эскиз сызды. Оның алғашқы картиналары тың игеруге, жаңа қалалар, өндірістік зауыттар құрылысына, яғни Қазақстанның тұрмысы мен мәдениетіне арналған.
Суреткер Балқаш өзенінің оңтүстік жағасында орналасқан балықшылар ауылына арналған бірқатар картина жазған. Бұл жерге жиі шығармашылық іссапармен келіп тұрды. Бақсаңыз, аталған шығармасында моторлы қайықпен кетіп бара жатқан балықшыны бейнелейді. Бір қарағанда өте жинақы портрет, балықшының тұлғасы мөлдір суға қарама-қарсы көрінеді. Кейіпкердің бас киімі мен иығына ақ таңба болып түскен күннің жарығы көл толқындарымен ақтаңдақтанып әдемі көрініс сыйлайды. Көрерменнің назары күнге күйген, тотыққан және бір қарағанда қатал жүзді ер кісінің келбетіне түседі, оның балықшыға арналған брезент плащының жағасынан жел есіп тұр.
Қ.Телжанов картинасында контражур тәсілін қолданған. Мұнда жарықтың сәулесі заттың немесе нысанның артынан түседі. Контражур – жұмыстың сезімталдығы, оның бейнелігі. Заттар сұлба, үлкен таңба болып көрінеді. Сондай-ақ артық бөлшектерді кесіп тастайды, бейнелерді жалпылайды, кеңістікті еркін сезінесіз.
Суретші кейіпкерінің айқын бет келбетін, қалың ернін, әжімдерін, тілімделген ашық маңдайын, терең ойлы көздерін айқын берген. Сол арқылы ол қылқалам мен бояудың көмегімен қарапайым бейнелердің артында тұтастай әлем тұрғанын көрсетеді. Көрермен өнер туындысын көріп қана қоймайды, сол сияқты ойға да батады. Картинада сыртқы қолайлылық, тақырыппен сырғу жоқ. Бұл жерде біз адамға деген эмоционалды терең әрі жылы қатынасты көреміз.