Елордада журналистика мэтрі Нұртілеу Иманғалиұлын еске алуға арналған бильярдтан турнир өтті. «Мәскеу» пирамидасы бойынша өткен тілшілер додасын белгілі журналист Нұрділда Ораз ұйымдастырды.
Жарысқа қатысқан журналистер қауымы екі санат бойынша топқа түсті. Жастар арасындағы додада алпыс жасқа дейінгі тілшілер бақ сынаса, алпыс жастан асқандар ардагерлер аламанына қатысты. Екі санат бойынша да жиырма төрттен жалпы саны 48 әріптесіміз жүлделі орындарды сарапқа салды. Алдымен олар төрт-төрттен топқа бөлінді. Әр топтан үздік шыққан екі журналист үздік он екінің қатарына енді. Олардың енді ереже бойынша жеңілуге құқы жоқ.
Жастар арасындағы доданың финалында «Egemen Qazaqstan» басылымының тілшісі Табиғат Мұсылманқұл мен Нұрділда Ораз кездесті. Үш кезеңге созылған кездесу қорытындысы бойынша Нұрділда Ораз турнир жеңімпазы атанса, Табиғат екінші орын иеленді. Үздік үштікті белгілі ақын Дәулеткерей Кәпұлы қорытындылады.
Ардагерлер арасындағы аламанда «Казахстанская правда» газетінің ардагері Мақсұт Иржанов қарсыластарынан қара үзіп, жеңістің ең биік тұғырынан көрінсе, Кенже Жұмағұлов екінші, Расул Сіргебаев үшінші орын иеленді. Жүлдегерлерді доданың бас демеушісі Дулат Тастекеев пен Нұртілеу Иманғалиұлының отбасынан келген азаматтар марапаттады. Жоғары деңгейде ұйымдастырылған турнир қорытындысында үздік ойын көрсеткен бірнеше әріптесіміз арнайы аталымдар бойынша қаржылай сыйлық алды.