Францияның астанасы – Парижде «Үлкен дулыға» санатындағы ең ірі төрт жарыстың екіншісі – «Ролан Гаррос» турнирінің іріктеу кезеңдері өтіп жатыр. Ал жарыстың ресми шымылдығы 22 мамырда түріледі. Оған дейін спортшылар іріктеу сайыстарын өткізіп, негізгі кезеңге шығу үшін шеберлік байқасады. Теннисшілер арасындағы әлемдегі ең беделді жарыстың бірі саналатын додада Қазақстанның бірнеше өкілі өнер көрсетеді.
Қазақстандық теннисшілерден турнирдің негізгі кезеңіне әйелдер арасында Елена Рыбакина мен Юлия Путинцева, ерлерден Александр Бублик тікелей жолдама алды. Жұптық сында Андрей Голубев, Анна Данилина, Александр Недовесов, сондай-ақ А.Бублик пен Е.Рыбакина да бақ сынайды деп жоспарланған. Өткен жылы осы жарыстың жұптық бәсекесінде А.Голубев пен А.Бублик финалға дейін жетіп, бас жүлде үшін болған сайыста франциялық Николя Маю мен Пьер-Юг Эрберге есе жіберген еді – 6:4, 6:7 (1:7), 4:6. Ал ерлер арасындағы Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик 2019 және 2020 жылдары екі рет турнирдің екінші кезеңіне дейін жеткен болатын.
Сонымен қатар былтыр әйелдер арасында еліміздің бірінші ракеткасы Е.Рыбакина да Париж корттарында сәтті ойнап, ресейлік Анастасия Павлюченковамен бірге жұптық бәсекеде ширек финалға дейін жетіп, жекелей сынның ширек финалындағы аса тартысты ойында турнирдің болашақ финалисі А.Павлюченковадан ұтылып қалған еді – 7:6 (7:2), 2:6, 7:9. Юлия Путинцева үшін Францияның ашық чемпионаты өзінің ең сүйікті турнирлерінің бірі саналады. Себебі ол екі рет «Ролан Гарростың» ширек финалына дейін жетті.
Сондай-ақ жарыстың іріктеу сайыстарына Зарина Диас, Дмитрий Попко және Тимофей Скатов қатысуда. Жарақатынан емделіп жатқан Михаил Кукушкин бұл турнирге қатыса алған жоқ. Іріктеу сайыстарының алғашқы айналымында Дмитрий Попко әлемдік рейтингте 141-орында тұрған аргентиналық Хуан Лондеромен шеберлік байқасады. Екі теннисші бұған дейін 2018 жылы Уругвайда өткен халықаралық турнирде кездесіп, жерлесіміз үш сетте 2:6, 6:4, 6:4 есебімен жеңіске жеткен. Тимофей Скатов америкалық Митчелл Крюгермен (145) күш сынасады. Тимофей мен Митчелл алғаш рет биыл жыл басында Аустралиядағы турнирде жолығып, Крюгер екі сетте – 6:1, 6:0 есебімен басым түскен болатын.
Зарина Диас іріктеудің алғашқы кезеңінде ресейлік Анастасия Гасановамен (155) келесі айналымның жолдамасын сарапқа салады. Екі теннисші бұған дейін бір-бірімен кездеспеген.
Айта кетейік, биылғы «Ролан Гаррос» турнирінің жалпы жүлде қоры – 43,6 млн еуроны құрайды. Бірінші айналымда жеңіліс тапқандар 62 мың еуро алса, чемпиондар 2,2 млн еуроға дейін табыс табады.