Шымкентте қырым қанды безгегін жұқтыруы мүмкін деген науқастың диагнозы расталды. Дәрігерлер қазір қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына ауыстырылған науқастың жағдайы ауыр екенін айтып отыр, деп хабарлайды Egemen.kz.
Қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше, бүгінгі күнге науқастың жалпы жағдайы интоксикация мен геморрагиялық синдромға байланысты ауыр дәрежеде.
Айта кетейік, Бәйдібек ауданының 46 жастағы тұрғыны бұған дейін асқазан-ішектен қан кету диагнозымен облыстық клиникалық ауруханаға түскен еді. Оған қырым қанды безгегін жұқтыруы мүмкін екені айтылған. Науқас тез арада оқшауланып, қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының жансақтау бөлімшесіне жатқызылды.
Ал онымен қарым-қатынаста болған 15 адам анықталды. Оның ішінде 9 адам - медицина қызметкерлері дәрігерлердің бақылауына алынды. Індеттің алдын алу мақсатында кешенді эпидемиологиялық, зоопаразитологиялық және ветеринарлық алдын алу іс шаралары жалғасуда.