Жуырда Алматы қаласы жұмыспен қамту орталығының директоры Диляра Иманқұлова квота бойынша жұмыс орындарына азаматтардың жекелеген санаттарын, мүгедектер, пробация қызметі есебіндегілер, жетімдер мен бас бостандығынан айыру орындарынан босатылғандарды жұмысқа орналастыруға көп көңіл бөлініп отырғанын атап өтті.
Оңтүстік астанада жыл басынан бері жұмыссыздар есебінде тұрғандар 17 мыңнан асады. Осы орайда ол жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының қорытындысымен таныстырып, биыл іске аса бастаған кәсіпкерлікті дамытудың ұлттық жобасы аясында жұмыссыздарды кәсіптік оқытуға басымдық беріліп отырғанын жеткізді. Бұл мақсатта жұмыс берушілердің сұранысы бойынша мыңнан астам адамды 25 мамандық бойынша оқыту жоспарланып отыр. Жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асырып, кәсіпкерлерді қолдау мақсатында 400 АЕК көлемінде 950 грант қарастырылған. Ал 12 айдан аспайтын мерзімге әлеуметтік жұмыс орындары үшін жалақының бір бөлігін жұмыспен қамту орталығы өтейді (белгіленген жалақы мөлшерінің 35 пайызы). Биыл бұл бағытта 980 адамды қамту жоспарланып отыр. Сондай-ақ қоғамдық жұмыстарға да бір жыл мерзімге уақытша жұмыс орындарын құру көзделген. Жұмыспен қамту орталығы жалақы төленетін бұл бағытқа биыл 5 881 адамды қамтуды жоспарлаған.
Қалада сонымен қатар жастар мен зейнет жасына дейінгі қала тұрғындарына жұмыс беру жобасы да жүзеге асуда. Нақты айтқанда, «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны», «Күміс жас» және т.б. Осы орайда жастар практикасына алған мамандығы бойынша жұмыс өтілі бір жылдан аспайтын 29 жасқа толған білім беру ұйымдарының түлектері қатыса алады. Жалақыны жұмыспен қамту орталығы 30 айлық есептік көрсеткіштен кем емес мөлшерде төлейді. Бұл – шамамен 122 520 теңге. Бағдарламамен осы жылы 1 мың адамды қамту жоспарланып отыр.
Спикер 29 жасқа дейінгі жастарға, оның ішінде еңбек өтілі жоқ NEET санатындағы жастарға да 18 айдан аспайтын мерзімге уақытша «Алғашқы жұмыс орны» жобасының қарастырылғанын атап өтті. Жұмыспен қамту орталығынан төленетін жалақы мөлшері кемінде 91 980 теңге. Бұл бағытта биыл 424 орын қарастырылған. Ал «Ұрпақтар үндестігі» жобасы аясында 2 жыл ішінде оқуын аяқтаған, жасы 29-дан аспаған білім беру ұйымдарының түлектеріне 6 айдан аспайтын мерзімге уақытша жұмыс орындары ашылып, кемінде 91 980 теңге төленетін болады. Онымен қамтылатындардың саны – 59. Сонымен бірге зейнеткерлік жастағы жұмыссыздар «Күміс дәуір» жобасы аясында бір жыл уақытша жұмысқа орналаса алады. Оған 633 зейнеткерді қамту көзделген.
Жұмыспен қамту орталығы жұмыс берушілермен рекрутинг және мақсатты бағыттар бойынша ықпалдастықта. Электронды еңбек биржасында мыңнан астам хабарландыру тіркелсе, 500-ден астам кәсіпорында тұрақты бос жұмыс орындары бар. Тиісті ведомство дерегіне сүйенсек, жыл басынан бері 11 894, оның ішінде 3 566 тұрақты, 8 328 жұмыссыз уақытша жұмысқа орналасқан.
Спикер сонымен қатар, жұмыспен қамту орталығы атаулы әлеуметтік көмекті тағайындауға құжаттар қабылдайтынын жеткізді. АӘК алуға жан басына шаққандағы орташа табысы төмен (бүгінде бұл – 28 616 теңге) азаматтар қатыса алады. Жыл басынан бері 4 мыңнан астам отбасынан өтініш түскен.
АЛМАТЫ