ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Геология комитетінің төрағасы Талғат Сатиев орталық коммуникациялар қызметінде өтіп жатқан брифингіде осындай мәлімет келтірді, деп хабарлайды Egemen.kz.
«Жалпы пайдалы қазбалар қорын есепке алу 103 компонент бойынша жүргізіледі. Оның ішінде көмірсутекті шикізат бойынша - 7, қатты пайдалы қазбалар бойынша - 61, кең таралған пайдалы қазбалар бойынша - 32, жерасты сулары бойынша - 3 компонент барланған», деген Талғат Сатиев Қазақстан үшін қатты пайдалы қазбалардың ішінде алтын, мыс, қорғасын, мырыш компоненттерінің орны ерекше екенін атады.
«Алтын кен орындарының негізгі қоры Шығыс Қазақстан облысында шоғырланған – 36%. Ақмола облысында - 21%, Қарағанды облысында – 11% алтын қоры шоғырланған. Ал мыс қорының 82%-ы елдің шығыс және орталық өңірлерінде шоғырланған. Қорғасын-мырыш кен орындарының 41%-ы орталық Қазақстанда, 33%-ы шығыс Қазақстанда және 21%-ы оңтүстік Қазақстанда шоғырланған», деді комитет төрағасы.
Аяна Тоғанбек