• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Ахмет Байтұрсынұлы 19 Мамыр, 2022

Тілтанымымыздың болашағын айқындаған тұлға

423 рет
көрсетілді

Ғылым ордасында А.Бай­тұр­сынұлы атындағы Тіл білімі институтының ұйымдастыруы­мен ұлт ұстазы­ның 150 жылдық мерейтойына арнал­ған «Ахмет Байтұрсынұлы және қазақ тілтанымының болашақ бағдарына» арналған халықара­лық ғылыми-теориялық конференция өтті.

«Ахмет оқулары» аясында өткен ғылыми жиынды инсти­тут директоры, филология ғы­лым­дарының кандидаты Анар Фа­зылжан жүргізіп, ЮНЕСКО деңгейінде аталып өткелі отырған А.Байтұрсынұлының 150 жыл­ды­ғына дайындық, отандық ғалым­дар атқарған жұмыстар туралы атап өтті. Жиын мінберіне ұлт ұс­та­зының жиені Айман Бай­­салова шақырылып, құрмет көрсе­тілді.

Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовтің алқалы жиын­­ға арнайы жолдаған құт­тықтау хатымен институт ди­рек­­торының орынбасары, PhD Ерма­хамбет Маралбек таныс­тырды. «Ахмет Байтұрсынұлы ұл­тының сауатын ашып, қыр баласын өркениеттің өріне сүйреп, қоғамдық өмірдің сан саласын­да ұлт үшін қызмет етіп, рухын оят­қан қайраткер. Тарих толқы­нын­да қаншама әділетсіздікке ұшыраса да ұлтымыздың әлем мемлекеттерімен терезесі тең тәуелсіз ел болуына қосқан үле­сін жаңа ұрпақ түсінуі керек. Ми­нистрлік А.Байтұрсынұлы­ның принциптері мен әдістемесі бо­йынша қазақ баласының сауатын ашатын алғашқы кітабы «Әліппе­­ні» қайтарып, мектеп бағдарла­ма­сына қайта жаңғыртып енгіз­ді. Бұл біздің атқарған бір ісіміз ғана. Сан қырлы еңбегі заманауи ілімдер тұрғысынан зерттеліп, қолданысқа енуі – жаһандану заманында ұлтымыздың бет бейнесін, рухын сақтап қалудың, білімін дамытудың бірден бір жолы», деп атап өтті министр.

Ардақты тұлғаның ел мүддесі жолындағы еңбегін жас ұрпақ санасында жаңғыртуды мақсат ете отырып, А.Байтұрсынұлы атын­дағы музейдің қала меншігіне өтуі мен еңбектерін насихат­тауда жүзеге асатын іс-шаралар барысына тоқталған қалалық мәдениет бас­қармасының басшысы Ғани Майлыбаев бүгінде қайраткер мұрасын ұлықтаудағы цифрлық мүмкіндіктер туралы атап өтті.

Алаштың рухани көсемі, қазақ тіл білімі мен ғылымының негізін салушы, ұлттық жазудың реформаторы А.Байтұрсынұлының ­мерейтойын ЮНЕСКО деңге­йін­де атап өту, ұлт келешегіне арнал­ған құрмет, деп атап өтті өз сөзінде Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ Ғылым, коммерцияландыру және интернационалдандыру жөніндегі проректоры Жанна Құрманғалиева.

Жиын барысында сонымен қатар қайраткердің неме­ре інісі Ибрагим Ағытай «Ахмет­­ті қу­далау бабасынан бас­­тал­­ған» зерттеуін көпшілік наза­­­рына ұсын­ды. Ах­мет Байтұр­сын­ұлының өмі­рін зерттеуді жал­­ғастырып жүр­ген И.Ағытай қайраткердің бала кезінде тұр­ған үйін қалпына кел­тіріп, «Бәд­рисафа» тарихи-та­ным­­дық экспедициясы аясында Орын­бор, Омбы, Том, Әулиекөл, т.б. өлке­лер­ден ұлт ұстазы туралы мә­лі­­меттерді то­лықтырғаны бел­гілі. Ұлт қай­рат­керінің басынан кеш­кен қилы тағдыр, ұр­пақ­та­рын қудалау ісі әлі де ғы­лы­ми қауымдастық тарапынан зерт­теуді қажет етеді.

«Ахмет Байтұрсынұлы еңбек­теріндегі ғылыми білім, пара­­дигмаларға» қатысты зерт­те­уін­­­­де ахметтанушы, Өзбек­стан мем­лекеттік әлем тілдері уни­­верситетінің профессоры, фило­ло­гия ғылымдарының док­торы Маханбет Жүсіпов Бай­тұр­сын­ұлы гра­фикасының әлемдік дең­гей­дегі рөліне қатысты баяндады. Ғалым еңбектеріне арнал­­ған төрт монографияны жарыққа шы­ғарып, жаңа басылымның әзір­­леніп жатқандығынан хабардар еткен М.Жүсіпов ғалымның алфа­вит жазудағы ұстанымдары хақында ой өрбітті.

Петербор мұражайында А.Бай­­­тұрсынұлы еңбектеріне ар­нал­ған көрме ұйымдастырып, қай­раткер еңбектерін зерделеп жүр­ген Ресей ұлттық кітапха­на­сының қызметкері, филология ғылымдарының канди­да­ты Алексей Андронов, Ш.Шаях­метов атындағы Тіл-Қазы­на ғы­лыми-практикалық орта­лы­ғының директоры Е.Тілешов, ҰҒА мүшелері З.Базарбаева, Б.Мо­мынова, К.Құрманәлиев, Е.Қажыбек, тағы басқа ғалымдар баяндама жасап, ғалымның тіл­танымдық бағыттағы еңбектерінің маңызын аша түсті. Осы орайда академик К.Құрманәлиев ұлт ұстазы негізін қалаған қазақ тілі туралы орыс және өзге шет тіл­дерінде ақпараттық-танымдық жұмыстарды жүйелеу, орыс тілін­­дегі контенттерді қаперге алу туралы ұсынысын білдірді.

Алқалы жиынға жоғары оқу орын­дарының студенттері қаты­сып, ұлт ұстазының сан қырлы ең­бектері жайлы мазмұнды зерттеулермен танысты.

 

АЛМАТЫ