Жуырда еліміздің алты облысының перинаталдық орталықтары мен Алматы қаласындағы Республикалық акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығы реанимацияда жаңа туған шараналардың өмірін сақтап қалуға арналған заманауи аппараттық гипотермия кешендерімен жабдықталады.
Талдықорған, Орал, Өскемен, Ақтау және Шымкент қалаларының 5 медициналық орталығын жарақтандыруды «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры қаржыландырса, қалған қаражатты «Өмір сыйлайық» бірлескен жобасы аясында AYALA қайырымдылық қоры жинады.
Қарағанды қаласының облыстық ауруханасында бірлескен қанатқақты жоба сәтімен жүзеге асқаннан кейін, «Samruk Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры еліміздің перинаталдық орталықтарын автоматты гипотермия және амплитудалық электр энцефалогиясы аппараттарымен қамтамасыз ету жөніндегі бастаманы жалғастыруға уағдаласты.
Медициналық орталықтар бірнеше көрсеткіш бойынша, яғни босану кезіндегі асфиксияда механикалық гипотермияны (салқын су немесе мұз салынған пакеттер немесе медициналық қолғаптар) қолдану жағдайларының саны мен автоматты гипотермия аппараттарының болмауына қарай дағдыланған. Бұл үшін AYALA қоры 2021 жылы барлық облыстық денсаулық сақтау басқармасымен жұмыс істеп, жобаны қорғау үшін қажетті ақпаратты ресми түрде жинады. Нәтижесінде, 22 перинаталдық орталықтың тізімі жасалған. Механикалық гипотермияны ең көп қолданатын алғашқы жетеуі биыл 2022 жылдың 3 тоқсанында жабдықтарын алады.
«Өздеріңізге белгілі, 2021 жылы Қарағанды перинаталдық орталығы заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталып, бір жыл ішінде 11 жаңа туған баланың өмірі мен денсаулығын қорғап қалды. Біз мұны тамаша нәтиже деп есептейміз. Өйткені әрбір баланың өмірі еліміздің болашағы үшін өте маңызды. Биыл 5 аймаққа құрал-жабдықтар сатып алу үшін қаржылай қолдау көрсеттік. Себебі бұл өңірлерде нәрестелер өлім-жітімінің деңгейі мен балалар реанимациясын алдыңғы қатарлы медициналық техникамен қамтамасыз ету мәселесі өзекті. Қазіргі заманғы аппараттар осы медициналық орталықтардың дәрігерлеріне бұрынғыдан да көп баланың өмірін құтқаруға көмектеседі деп үміттенеміз. Жалпы, былтыр 7 млрд теңгеден астам сомаға 32 ауқымды әлеуметтік жобаны жүзеге асырдық және жарты млн-нан аса адамға көмек көрсеттік», дейді «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының бас директоры Альфия Адиева.
Аталған қор Қазақстанда бала өлімі мен мүгедектігін азайтуда мемлекетке көмек көрсету үшін 15 жылдан бері мақсатты түрде жұмыс істеп келеді. Қаражат жинап, демеушілерді тарту арқылы қор балалар жансақтау бөлімшелерін заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз ете отырып, қазақстандық неонатолог дәрігерлердің біліктілігін арттыруға көмектеседі. Мәселен, 2017 жылы AYALA Қазақстанда алғаш рет автоматты гипотермияны сынақтан өткізген еді. Гипотермия аппараты орта және жоғары ауырлықтағы асфиксиямен туған нәрестелердің өмірі мен ақыл-есін сақтап қалуға көмектеседі. Босану барысындағы тұншығу, оттегі жетіспеушілігінен ең алдымен ми жасушаларын зақымдайтындықтан, мүгедектікке душар етуі мүмкін. Ал автоматты гипотермия нәрестенің денесін біртіндеп салқындатып, ағзадағы алмасу процестерін қалыпқа келтіруге көмектеседі. Туғаннан кейінгі бірінші сағатта гипотермияны қолдану орталық жүйке жүйесін қайтымсыз зақымданудан құтқаруға қабілетті, өте қиын жағдайларда бұл жаңа туған шарананың шетінеуіне әкеп соғады.
«Біз алғаш рет автоматты гипотермия аппараттары туралы профессор Арунас Любшистен білдік. Ол біздің қордың шақыруымен қазақстандық неонатолог дәрігерлерді жаңа туған балаларға күтім жасаудың жаңа тәжірибелеріне үйреткен. Еуропалық одақ елдерінде бұл аппараттар механикалық гипотермияның орнына әлдеқашан келді. 5 жыл ішінде біз Қазақстанның перинаталдық орталықтарында 7 аппараттық кешен орнаттық. Осы арқылы жаңа туған 205 нәресте ажалдан аман қалды. Бірақ бұл балалардың ми қызметін сақтап қалуы да маңызды. Бұл дегеніңіз олар өсіп, дамып, оқып, функционалды түрде сау бола алады деген сөз», дейді AYALA қоғамдық қорының президенті Айдан Сүлейменова.
Гипотермия кешеніне автоматты гипотермия аппараты және амплитудалық электрэнцефалография мониторы кіреді. Бұл дәрігерлерге жаңа туған нәрестелерді құтқару және емдеу үшін қолданылатын терапияны бақылауға және тиімді түзетуге мүмкіндік береді. Бұған қоса жабдықтарды орнатқаннан кейін қор дәрігерлерді практикада жаңа аппараттарды дұрыс қолдану бойынша оқытады. AYALA қорының бағалауынша, бірнеше жыл бойы жүргізілген мұндай тәсіл жүздеген баланың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді.
Осы уақытқа дейін «Өмір сыйлайық» жобасы сияқты басқа да бастамалар аясындағы AYALA қоры елдегі 67 денсаулық сақтау мекемесіне 2,2 млрд теңге сомасына 1 100-ден аса реанимациялық медициналық құрал-жабдықтарды тапсырды. Қазақстанда дәрігерлер тегін курстарда біліктілігін арттыру кезінде алған осы жабдықтар мен білімнің нәтижесінде 200 мыңнан аса баланың өмірі ұзарды.
АЛМАТЫ