Өткен аптаның соңында Еуразия ұлттық университетінің бас ғимаратында «Қазақстан» ұлттық арнасы түсірген «Екінші Республика» атты деректі фильмнің көрсетілімі болды. Фильм экраннан көрсетілмес бұрын тележүргізуші, AMANAT партиясы саяси бюросының мүшесі Мақсат Толықбай мен Ұлттық арнаның Ақпараттық-сараптамалық бағдарламалар дирекциясының директоры Жалғас Сәдібекұлы сөйлеп, түсінік бере кетті. Университет ұстаздары мен ғалымдары, БАҚ өкілдері, студенттер тамашалаған дүние алдағы саяси науқанға халықтың сауатын ашып, санасын дайындауда таптырмас ақпарат көзі дер едік.
Әлі жүзеге аспаған, қабылданып, қолданысқа енбеген дүниені кино қылу да науқаншылдықтың басы емес пе деп ойлағанбыз, қателескен сияқтымыз. «Екінші Республикасы» қалай?» деп жатқандардың да пікірі көрсетілімнен кейін өзгергендей көрінді. «Екінші Республика» дегенде, тарихтан хабары барлардың ойына бірден Франциядағы І, ІІ, ІІІ болып кете беретін республикалар оралатыны белгілі. 25 минуттық фильмді тамашалап болғаннан соңғы пікірлер де соған сайды. Әрине атау – шартты, саяси тақырып деп қабылдаған жөн. Мәселе, фильмнің маңызы алдағы саяси науқанға халықтың жауапкершілігі мен ынтасын арттыруында деген ойдамыз. Осы тұрғыдан келгенде ұтылмағанға ұқсайды. «Екінші Республика – Жаңа Қазақстан» деп қабылдаса да болғандай. Иә, бұл бұған дейінгі тәуелсіз Қазақстанды жоққа шығару емес, сол республиканың жаңа сатыға көтерілу алдындағы қам-қарекетін жан-жақты саралап, түсінік беру. Әсіресе ондай дүниелер құр сөзбен ғана емес, бейне араласқанда халықтың көкейіне қона кетпей ме?
Жаңа Қазақстан немесе Екінші Республика деген атауларды орнықтырудың алғышарты Қазақстан Республикасының Конституциясын азаматтық қоғам талаптарына сәйкестендіруден басталатынын түсіндіреді фильм. Әуелі заң түзелмесе, қоғам қалай түзелмекші? Деректі фильмде ақпараттар ғана емес, сарапшылардың пікірі мен қисынына баса мән берілген. Ендігі уақытта ескі саяси жүйе жарамайтыны айқын сезілді. Жаңа өзгерістерге жетелейтін реформа керек. Ол және референдум арқылы халықтың қалауымен жүзеге асырылмайынша, іс алға баспайтыны айқындалып шыға келді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа Қазақстанды азаматтық қоғамы қалыптасқан, тиімді мемлекетке айналдырамыз» дегені жұртшылықтың есінде. Тәуелсіз Қазақстан тарихында 1995 жылы жаңа Конституция бекіп, осы уақытқа дейін 4 рет өзгертіліпті. Нәтижесінде, Президент шексіз билікке ие болып, басқа тетіктер тежеуші күштен айырылған. Бәрін тек Президент қана шешетін жағдайға жетті. Басқаны былай қойғанда, ауыл әкімінің ісіне дейін өзі араласып отыратын. Мұны суперпрезиденттік басқару жүйесі деп атайды. Ендігі уақытта бұл ескірді. Себебі елде әралуан көзқарастағы азаматтық қоғам қалыптастыруға құлшыныс пайда болды. Қазақ қоғамының талабы мен талғамы өзгерген. Не істеу керек? Бірінші сатыдан екінші сатыға өтпей болмайды. Әрине ол қадам дамудың жаңа сатысына, халықтың игілігіне жұмыс істеуге тиіс.
Сонымен Екінші Республика деген не? Бұл халықтық билікке құлаш ұру. Қазақстанның 1993 жылғы тұңғыш Конституциясы бойынша біз парламенттік республикаға айналуымыз керек-ті. Бірақ биліктің ол моделі арада екі жарым жыл уақыт өткенде алынып тасталып, еліміз парламенттік басқару жүйесінен президенттік басқару жүйесіне ауысты. Мемлекет басшысы негізгі саяси тұлғаға айналып шыға келді. Осы конституция арада 27 жыл өткенде түбегейлі өзгертілмекші. Онда биліктің негізгі қайнар көзі халыққа бұрылады. Мұнда:
Суперпрезиденттік басқару жүйесінен президенттік республикаға көшу;
Бірқатар билік өкілеттігін қайта бөлу;
Парламенттің рөлін күшейтіп, мәртебесін арттыру;
Елді басқару ісіне халықтың қатысу мүмкіндігін кеңейту;
Азаматтардың құқықтарын қорғау тәсілдерін жетілдіру қарастырылған. Бұлардың бәрі бір жүйеге топтасқанда елде азаматтық қоғамның біртұтас моделі шыға келері сөзсіз. Яғни биліктің бұқараға бетбұрыс кезеңі басталады. Мәселен, Президент билігі кезінде саяси партияны басқармақ былай тұрсын, оған мүше де бола алмайды. Ол үшін Ата Заңның 43-бабына жаңадан тармақ қосылады. Президент қана емес, Жоғарғы сот пен Конституциялық соттың және өзге де соттардың судьялары мен төрағалары, Жоғары аудиторлық палата мен Орталық сайлау комиссиясының төрағалары және мүшелері партияға жоламайды.
Президенттің жақын туыстарына саяси мемлекеттік қызметші болуға, тіпті квазимемлекеттік секторда басшылық лауазымды иеленуге тыйым салынады. Бұл да заңмен бекітіледі. Дипломатиялық әлем институтының сарапшысы Альберто Тюркстра «бұл жақсы жаңалық, тың өзгеріс. Себебі демократиясы дамыған Еуропа елдерінің өзінде мұндай демократиялық өзгеріс болған емес. Туған-туыстың билікке шоғырлануы Бельгияда белең алған. Мәселен, Бельгияның қазіргі премьер-министрі Александр Де Кроның әкесі кезінде парламенттің төрағасы болды. Сөйтіп, баласын билікке әкелді. Еуропалық кеңестің төрағасы Шарль Мишельдің отбасын алсақ, Луи Мишель, Метю Мишель, әкесі Бельгияның бұрынғы сыртқы істер министрінің орынбасары болды. Ұлы Шарль Мишель Бельгияның премьер-министрі болып еді. Қазір Еуропалық кеңестің төрағасы. Оның інісі Метю Мишель елдің цифрлы технологияны дамыту жөніндегі бас хатшысы. Яғни мұндада Еуропа елдерінде кейбір шенеуніктер отбасы мүшелерімен жоғары қызметте істейді. Мұндай тамыр-таныстық, туыстық қатаң сынға ұшырауда», дейді.
Алда қабылданбақ Ата Заң бойынша Жоғары сот кеңесі құрамының мүшелерін және төрағасын Президент Сенатпен келісіп қана қоя алады. Конституциялық соттың төрағасы да Сенатпен келісіледі. Бұрын мұның бәрін тек Президент қана тағайындап келген. Тіпті Конституциялық сот деген атымен болмағаны белгілі. Қысқасы, бұл былай, жаңа Конституцияның талабы бойынша президент мықты вертикальді жүйенің сақталуына кепіл болып тұрған: партияның құрамынан шығады. Екінші, жақын туыстары лауазымды билікке келе алмайды. Үшіншіден, Мемлекет басшысының Сенаттағы квотасы үштен бірге азаяды. Төртіншіден, Жоғары сот кеңесін жасақтау құқынан айырылады. Бесіншіден, облыстар мен республикалық маңызы бар үш қаланың әкімдерін қоспағанда, қалған қала, аудан әкімдерін жұмыстан босата алмайды. Есесіне өкілді биліктің, яғни Парламент пен мәслихаттардың құзыры кеңейеді.
Мәселен, бұрын мынадай жағдайлар орын алып келген. Пандемия кезінде 42 500 теңге үлестіру жырға айналғаны белгілі. Заңдық нормалар ұзақ қабылданды. Үкіметтің төтенше жағдайдағы іс-қимылы шектеулі екендігі көрінді. Тіпті Үкімет антивирустық дәрі-дәрмек алып үлгере алмаған, маска дер уағында жетпей қалды. Оның зардабын халық шекті. Демек бұдан былай Үкімет заңдық күші бар акт қабылдап, қажетті шараларды жүзеге асыруға құқылы болады.
Жаңа Қазақстанның артықшылықтары мен басымдықтарын нақтылайтын конституциялық реформаларды егжей-тегжей түсіну үшін де, саяси сауат пен түсінікті көтеру үшін де «Екінші Республика» деректі фильмін көрген аса маңызды. Мұнда ақпараттық білім ғана емес, дәйек пен мысал қатар өрілген. Экран арқылы ел назарына ұсынылады деген үміттеміз.