Пандемия кезінде елімізге емделуге келген шетелдік пациенттердің болғанын, оның нақты мысалдарын оқырманмен бөліскенбіз. Ал соңғы кезде ТМД аумағында болған оқиғалар отандық медицинаның бір тармағының дами түсуіне түрткі болып отыр. Себебі көрші мемлекеттердегі, оның ішінде кеңсесін Мәскеуде орналастырған шетелдік клиникалар қазір өкілдіктерін Алматыға көшіруге мәжбүр.
Қысқасы, қазіргі ахуалға сәйкес жыл соңына дейін Қазақстанға 10 мыңнан астам медициналық турист келмек. Бәрі демесек те, Алматы ауруханаларында көрсетілетін медициналық қызметтің дені халықаралық стандарттардан қалыспайтынын айта кеткен жөн.
Осының барлығы Алматыда медициналық туризм бойынша алғашқы халықаралық воркшоп өткізуге мұрындық болды. «Воркшоп» деп отырғанымыз – форумнан кіші, жәрмеңке, тұсаукесер, көрме түріндегі жиын. Ал елдегі медициналық воркшоп 93 жылдық тарихы мен тәжірибесі бар, ел аузында әлі де «Совминка» деген атаумен жүрген Президент іс басқармасы медициналық орталығы – Орталық клиникалық ауруханасында өтті. Қалай десек те, осынау іс-шара қазақстандық медицинаға сұраныс бар екенін және әлемдік медициналық туризмнің географиясы өзгере бастағанын айғақтайды.
Айтқандай, осыдан бұрын Беларусьта өткен жиынға Грузия, Түркия, Иран, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан мен Ресей өкілдері қатысқан екен. Ал Алматыда конференция түрінде өткен іс-шараға Грузия, Түркия, Иран, Әзербайжан, Қырғызстан, Тәжікстан, Беларусь пен Ресей өкілдері, шетелдік және отандық клиникалар, туристік агенттіктер, сақтандыру, авиа және туристік компаниялары келді.
Президент іс басқармасы медициналық орталығы басшысының орынбасары Жандос Жұмабеков воркшоптың ашылуында медициналық көшпелі туризм әлі де толық дамымағанын, алайда айналадағы оқиғалар Қазақстанның әлеуетін кеңейтуге септесіп жатқанын атап өтті.
«Алматы – республикамыздың ең ірі мегаполисі. Мұнда қалалық қоғамдық денсаулық басқармасына қарасты 76 медициналық ұйым шоғырланған. Оның үстіне 13 республикалық деңгейдегі медициналық ұйым, 2 медициналық жоғары оқу орны, денсаулық сақтау жүйесіне қызметкерлерді дайындайтын 14 медициналық колледж бен 200-ден астам жеке медициналық ұйым да осы қалада орналасқан. Алматыда трансплантология, эндопротездеу, кардиохирургия саласында жоғары мамандандырылған медициналық көмек көрсетумен айналысатын жеке медициналық ұйымдар бар екенін атап өту керек. Алматыдағы ауруханаларда емделіп жатқан науқастардың 25 пайызы басқа қаладан келеді», деді Алматы қаласы қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Светлана Сұлтанғазиева.
Биылғы төрт айда Орталық клиникалық ауруханасында жүзден астам, ал былтыр 500-дей шетелдік турист емделді.
– Қазақстанға келетін медициналық туристердің 15%-ы біздің ауруханада емделеді. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Биыл бізде аритмология орталығы ашылды және ТМККК мен МӘМС квотасы арқылы Паркинсон дертіне душар болғандарға алғашқы операциялар жасадық. Әрі ОКА базасында Паркинсон ауруын хирургиялық жолмен емдейтін орталық ашылды. Осы воркшоп арқылы жылына бізге 700-750 шетелдік пациент жүгінеді деп жоспарлап отырмыз. Тәжірибе көрсетіп отырғандай, оларды нейрохирургия, аритмология, Паркинсон ауруы, кардиология, стоматология емдері қызықтырады. Бүгінгі таңда Қазақстан тиісті деңгейде және бағасы жағынан Еуропадан әлденеше есе төмен медициналық қызметтің барлық түрін көрсете алады, – деді «Орталық клиникалық ауруханасы» АҚ президенті Рустам Албаев.
Сол сияқты №4 қалалық клиникалық ауруханасы да медициналық және сауықтыру туризміне қатысты алғашқы халықаралық семинарда белсенділік танытты.
– Бұл іс-шараның біздің аурухана үшін де маңызы зор. №4 қалалық клиникалық аурухана травматологиялық-ортопедиялық көмек көрсетумен қатар, комбустиология саласында жетекші рөлге ие. Клиника ұжымының жамбас, тізе, иық ауыстыруда үлкен тәжірибесі бар. 10 жыл ішінде бізде 16 мың эндопротездеу операциясы жасалды. Капсула-байланыс құрылымдарының артроскопиялық реконструктивтік хирургиясы (иық, шынтақ, тізе, тобық буындары), интервенциялық хирургияда кадрлар құрамы халықаралық стандарттарға сай. Біздің мамандар АҚШ, Израиль, Жапония, Қытай мен Еуропа елдерінде оқудан өтті, – деді №4 қалалық клиникалық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Елдес Сүгір.
2021 жылы ауруханаға медициналық қызмет алу үшін 100 мыңнан астам адам жүгінген. Ауруханада 23 мыңнан астам науқас емделсе, хирургтер жылына 12 мыңға жуық операция жасайды.
№4 қалалық клиникалық ауруханасы воркшопта травматология, ортопедия, күрделі жарақаттар, хирургия, гинекология, кардиология, интервенциялық кардио/нейрохирургия, реабилитация, урология мен комбустиология салаларындағы медициналық қызметтерді ұсынуға дайын екендігін мәлімдеді.
Екі күн қатарынан өткен B2b форматындағы кездесулер нәтижесіз емес. Отандық клиникалар мен медициналық турагенттер шетелдік емделушілерге қызмет көрсетудің келешегін талқылауға қол жеткізді. Клиникалар өздерін насихаттап, түрлі келісімшарттарға қол жеткізуге, тәжірибе алмасуға ұмтылды.
– Әдетте қазақстандықтар жақсы емделу үшін басқа елдерге баратын. Қазір жағдай өзгеріп жатыр. Қазақстанды да қазір толық тексеруден өтуге және операция жасатуға болатын ел ретінде қарауға болады, – дейді Түркиядан келген Famax Medical Tourism медициналық кеңесшісі Илькин Бабаев.
Медициналық семинардың келесі күні Universal Health Expert ұйымдастырушылары Алматы клиникаларын аралап, өзара ынтымақтастық меморандумына қол қою рәсімдерін өткізді. Олар медициналық воркшоп өткізуді дәстүрге айналдыруды жоспарлап отыр.
АЛМАТЫ