• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 24 Мамыр, 2022

Этносаяси менеджмент сын-тегеуріндердің алдын алады

289 рет
көрсетілді

Философия, саясаттану және дінтану институтында өткен «Қазақстан Республикасындағы этноәлеуметтік процесстер: сын-қатерлер мен шешімдер» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда өңірлердегі этникалық топтар, олардың әлеуметтік-экономикалық жағдайға әсері, қоғамдағы тұрақтылық мәселесін қозғалды.

Институт директоры Серік Сей­думанов елімізде соңғы кезде болған оқиғалар тұрғысынан қарастырғанда этносаралық интеграция процестерін зерттеу, қоғамды топтастыру және ұлт­тық бірегейлікті қалыптастыру жыл­дан-жылға өзекті болып бара жат­қанын атап өтті. «Негізгі міндет – мем­лекет­тік этносаяси басқаруды оңтай­лан­ды­ру және бұқаралық сананың қа­рым-қатынасын зерттеуге байланысты ғылыми-тәжірибелік ұсыныстар әзір­леу, этносаралық шиеленістерді төмен­детуге ықпал ету», деді ол. Алда өте­тін республикалық референдум саяси жаң­ғырту мәселелерін шешуге арналғанын негізге алған институт директоры: «Қо­ғамдық өмірдің этноәлеуметтік, этносаяси, этномәдени саласында үйлесімді нығайтуда заңнамалық базаны жетілдіру – саяси-құқықтық жүйені жаңғыртудың стратегиялық міндеті», деді. Осы орайда институт ғалымдары Президенттің референдум өткізу идеясын қолдай отырып, жалпы құқықтық мәдениет деңгейін көтеруге, көп мәдениетті білім мен тәрбиені одан әрі жетілдіруге, этнос­аралық өзара іс-қимылдағы шиеленісті жеңіл­детуге бағытталған жоспарлы, жүйелі реформаларға атсалысады.

Институт жүргізген зерттеулерге сүйенсек, республика жұртшылығының айтарлықтай бөлігі этникалық шекараға бөлініп, өзара қатынас мәдениетінде арақашықтықты ұстанады, ал этникалық ынтымақтастық өмірлік маңызды ба­сым­­дықтарды таңдау барысында ғана көрініс табады. Осы орайда С.Сей­думанов: «Этноцентризм идеологиясы аза­­мат­тық бірегейлікті дамытуға кері ық­пал етіп келеді. Ішкі этникалық кон­соли­дацияның дамуы төтенше жағдайға тап болғанда, мысалы, пандемиядан шығуда нәтижесін беретін әдіс. Қоғамға ұлтына қарамастан, ортақ Отан сезімімен, барлық халықтардың тағдырына жа­уапты бола білу сияқты азаматтық ынты­мақтастық керек. Азаматтық ұлтқа айналуда этника­лық және азаматтық идеология түзу, этноцентристік қарым-қатынастан паритетті-демократиялық көзқарасқа өтуге ынталандыру қажет. Сондықтан эт­никалық мәдениет тоғысында бізге бірін­шіден, «қазақ мәдениеті – шағын этностар мәдениеті» бағыты бойынша институционалды зерттеулер қорытындысы, сонымен қатар этноәлеуметтік үдерістерде әлеуметтік, саяси технологияларды әзірлеу қажеттігі туындайды. Яғни алдағы уақытта Қазақстан бейбітшілік пен келісімнің ошағы ретінде дамуы қажет», деді.

Бүгінгі таңда этнодемография­лық жағдай 20 жыл бұрынғыдан да мүлде басқаша сипат алған. Этникалық аз­шы­­лықтардың идентификациялық ба­сым­дықтары мен тәжірибесі ұлттық құрылыстың этникалық, азаматтық және трансұлттық векторлар арасындағы жағ­дайында әлі де қалыптасып келеді. Кон­ференция модераторы, институттың Этно­­саяси зерттеулер секторының жетек­шісі, философия ғылымдарының докторы, қауымдастырылған профессор Мұх­­тарбек Шайкемелев «2021-2022 жыл­­­дарда Қазақстан Республикасында этно­­әлеуметтік үрдістер динамикасын зерт­теу мен болжау мотниторингі» жобасы аясында институт мамандарының Түркіс­тан, Жамбыл, Алматы облыстарында жүргізілген әлеуметтік зерттеулерінің осы жиынға негіз болып отырғанын жеткізді.

«Референдум, елдегі саяси реформалар біздің зерттеулеріміздің бағдарын өзгертеді. Өйткені, бүгінде азаматтарымыз белсенді, көкейкесті мәселелер туралы айтудан қашпайды. Олар көтерген мәселелердің төркіні де бір. Осы орайда еліміздің оңтүстігіндегі этносара­лық жағдайға зер сала қарағанда этника­лық топтардың экономикалық, саяси және әлеуметтік тәжірибесі тереңі­рек зерттеуді қажет етеді», деп атап өтті М.Шайкемелев. Ол сондай-ақ қазір­гі жағдайдағы көші-қон мәселесіне тоқта­лып, көрші елдерден, Ресейден келуші­лердің ішкі ахуалға ықпалы тұрғы­сын­дағы ойларымен бөлісті. «Бұл бағытта жақын маңдағы елдерді зерттеумен тұ­рақ­ты әрі үздіксіз айналасып отырған көр­ші елдердегі институттардың жұ­мысы мен этносаяси жағдайларға ерекше мән беру керек», деді сарапшы.

Орталық Азия, Кавказ және Орал-Поволжьені зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері, тарих ғылым­дары­ның кандидаты Игорь Савин жергілікті қо­ғамдастық көзқарасымен Қазақстан­да­ғы этносаяси үрдістерге шолу жасап, оңтүс­­тік өңірдегі этносаяси ахуал барысына тоқталса, И.Джавахишвили атындағы Тби­лиси МУ Саясаттану институтының ди­рек­торы, саясаттану ғылымдары докторы, профессор Малхаз Мацаберидзе заманауи Грузиядағы бірегейлік тақыры­бын қозғап, елдің сыртқы, ішкі саясат­тағы ахуалы, Ресей, Украина, Абхазия елдері­нен ауған босқындар мәселесін қозғады. Ал Г.Плеханов атындағы РЭУ Ташкент филиалының доценті Равшан Назаров Өзбекстандағы этникалық саясаттың зерттелу барысымен бөлісіп, көрші ел тәжірибесіндегі этникалық қатынастар, заңнамалық құжаттар, азаматтар құқығы төңірегінде ой түйді.

Еліміздегі демографиялық ахуал, қала мен ауылдағы туу көрсеткіштеріне бай­ланысты ауқымды зерттеулерімен бөліскен С.Аманжолов атындағы ШҚУ «Алтайтану» ҒЗО ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор Александр Алексеенко «XX ғасыр­дың соңы-ХХІ ғасырдың басындағы әлеуметтік-экономикалық және этносая­си факторлар контекстіндегі қазақ­стан­дық әйелдердің репродуктивті страте­гия­­лары» баяндамасында халық саны, ай­мақтық ерекшеліктер туралы айтып өтті.

«Этносаяси менеджментті оңтай­ландыру арқылы еліміздегі этнос­аралық шиеленіс деңгейін төмендетіп, көкей­кесті мәселелерді анықтай аламыз»деген тұжы­рымды құптаған зерттеуші ғалым­дар этноәлеуметтік үдерістерді талдау, сын-тегеуріндерді зерттеу Қазақ­стандағы этнос өкілдерінің бірлігі мен ке­лісімін нығайту жұмыстарын жетілді­руге ықпал етеді деген тоқтамға келді.

 

АЛМАТЫ