• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 24 Мамыр, 2022

Бекхожин еңбектері ғылыми айналымға енгізіледі

466 рет
көрсетілді

Қазақ журналистикасының тарихын алғашқы зерттеуші-ғалымдардың бірі Хайыржан Бекхожиннің есімі қазақ баспасөзінде ерекше аталады. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен IX «Бекхожин оқулары» аясында ғалымның қазақ баспасөзі шежіресін зерттеудегі тың тұжырымдары мен ғылыми еңбектерін жаңа қырынан таныту мәселелері сараланды.

«Қазақ журналистикасын зерттеудегі тарихи дискурс пен жаңа көзқарас» тақырыбына ар­налған республикалық ғылыми-әдістемелік кон­ференцияны Журналистика факультетінің деканы Сансызбай Мәдиев жүргізіп, түркітанушы, фи­лология ғылымдарының кандидаты Аманқос Мектеп-тегі «Хайыржан Бекхожин журналис­ти­ка тарихын зерттеушілердің ізашары» та­қы­рыбында жасаған баяндамасымен жалғастырды.

Қазақ журналистикасы тарихын зерттеуде  жаңаша көзқарас танытқан Х.Бекхожиндей ғалымның еңбектерін саралауда баспасөздің тарихына қатысты жазғандарын жүйелі пайдалану қажеттігі туралы  филология ғылымдарының докторы, профессор Намазалы Омашев ойларын ортаға сала отырып, «Хайыржан Бекхожин – қазақ журналистикасының тарихын ғылыми-методологиялық тұрғыдан зерттеген алғашқы ғалым» атты баяндамасында ғалым еңбектерінің әдістемелік жағына мән берді.

Жиын барысында сонымен қатар филология ғылымдарының докторы, профессор Д.Ысқақұлы, филология ғылымдарының кандидаты, өнертанушы С.Медеубекұлы, кинотанушы, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы Кино тарихы мен теориясы кафедрасының меңгерушісі, PhD Б.Бауыржанұлы, Журналистика факультетінің аға оқытушысы Л.Нода, саяси ғылымдар докторы, профессор, Баспасөз және электронды БАҚ кафедрасының меңгерушісі Г.Сұлтанбаева ғалымның ғылыми мұрасына талдау жасады.

Конференцияда жас ғалымдар мен студент­тер арасында ұйымдастырылған «Х.Бек­хо­жиннің өмірі мен шығармашылығына арналған ең үздік мультимедиалық жоба», «Ең үздік ғылыми жоба», «Ең үздік публицистика» аталымдары бойынша жеңімпаздар марапатталды.

Іс-шара барысында ғалымның диссертация­лық еңбектерін ғылыми айналымға енгізу мақсатында цифрлы форматқа көшіріліп, еңбектерін оқу үрдісіне енгізу, сондай-ақ еліміз өңірлерінде журналистика саласында білім алып жүрген бұқаралық коммуникация өкілдерін тарту туралы қарар қабылданды.

 

АЛМАТЫ