Еліміздің руханият әлемінде үлкен жаңалық болды. Бұл – XIII ғасырда парсы тілінде жазылған Мұхаммед ибн Нажиб Бакранның «Жаһан-нама» кітабының тұңғыш рет қазақ, орыс және ағылшын тілдеріне аударылып, баспадан жарық көруі және тұсауы кесіліп оқырманға жол тартуы. Маңғыстаулық аудармашы ғалым, ағылшын, парсы тілдерінің маманы Нияз Тобыш аталған еңбекті қазақ және ағылшын тілдеріне аударуға ұзақ жылдарын арнады.
Ал орыс тіліне тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик Болат Көмеков аударыпты, жалпы құнды еңбектің Нияз Тобыштың аударуына беріліп, ғылыми ортаға енуінде Б.Көмековтің еңбегі зор. Қызықты тарихи-географиялық және космографиялық мәліметтер, Еуразия мен Африка ойкуменасының кейбір таңғажайыптары, Қазақстан мен Орталық Азияға тән деректер қамтылған еңбек – дүние жүзінің алғашқы географиялық кітабы оқырмандарға енді таныстырылып-табысталғанмен, 2018 жылы 12 тамызда Ақтау қаласында өткен «Ақтау саммитінде» Каспий теңізі жағалауындағы бес мемлекеттің президенттеріне сыйға берілген болатын.
Кітаптан білгеніміз – Орталық Азия ғалымы Мұхаммед ибн Нажиб Бакран Хорезмшахтар мемлекетінің көрнекті билеушісі Ала аддин Мұхаммед ибн Текешке арнап парсы тілінде жазылған арнайы түсіндірмесі бар георгафиялық трактат түріндегі үлкен карта салады. Даңқты билеушінің арқасында Хорезмшахтар мемлекеті сол кезеңдерде мұсылман әлемінде көшбасшы болып, зор державаға айналады. Бұл саяси-гео- графиялық қауқар мен жетістік Бакранның шабытын оятады, ол әрі сарай билеушісінен сый дәметіп картаны ерекше етіп кездеме матаға асқан жауапкершілікпен, зор сауатпен салады. Бакранның ендіктер мен бойлықтар қағидасын көрнекі түрде түсіндіру және шар тәрізді Жердегі арақашықтықтарды анықтау үшін глобусқа ұқсас нәрсе жасау мақсатында кездемедегі картаны дөңес жерге (үлкен қазанға) төсеп жасағаны анықталған.
«Жаһан-наманы» автор Бакран «бұл пақыр құлыңыз «ғылымның кейбір саласында білетін аз ғана білімімді ортаға салып, осы үлкен іске үлесімді қосайын» деген оймен, «әлем картасын» матаға сызғандығын, бағына қарай мұндай жұмыспен бұрын ешкім айналыспағанын» жазады кіріспесінде. Сондай-ақ Бакран «Жаһан-наманы» кіріспе, Жер шарының адам тұратын бөлігі, әлем картасындағы түстер мен сызықтарға анықтама, әлем картасын сызудан келер пайда, кейбір арақашықтықтардың өлшеуі, теңіздер, көлдер, теңіздегі аралдар, өзендер, таулар, шөлдер, қалалардың қазіргі және ескі атаулары, табиғаты көркем әйгілі жерлер, елдердің қоныс аударуы, адамдар тұратын жерлердің ерекшеліктері, қалалардың кейбір ғажайып жайттары, асыл тастар кені, не нәрсе қайдан шығады, арабтың кейбір жайттары, бытыраңқы хикаялар атты 20 тарауға бөлгендігін, әрбір тараудағы мәліметтерді кісіні жалықтырмайтындай әрі қанағаттанарлық әсер қалдыратындай етіп бергендігін» жазады.
«Жаһан-намада» біраз құнды деректер қатарында этнотарих, жауын, қар, бұршақ шақыру үшін түркілер қолданатын йад тасы, Еділ өзені, моңғол шапқыншылығы алдындағы дәуір халқының менталитеті, Қазақстан мен Орталық Азия, Арал-Каспий маңы туралы тарихи-географиялық маңызды мағлұматтар айтылады. Каспий теңізі Абескун, Хазар және Гурган атты үш атаумен беріледі. Сондай-ақ Сиях-Кух, яғни Маңғышлақ туралы тоқталып, автор Маңғышлақты тайпалық атау ретінде анықтайды. Әсіресе, Бакранның Арал-Каспий өңірі туралы жазбасындағы табиғи газ бен мұнай туралы ақпараты қызықты. «Ал мұнай (нафт) болса май тәрізді және оны жердегі құдықтардан өндіреді. Оның түсі жасыл, ақ және қара болады. Жасыл түстісі Хазар Дарбанда, ақ түстісі – Бакуде және Муканда, қара түстісі – Балқан шегінде орналасқан. Қара түсті мұнайды ақ мұнайға тамшылату әдісімен айналдырады, бұл үрдісті дистилляция (тактир) деп атайды» делінген. Сондай-ақ жазбада мұнайды өндіру жолдары, оның түрлері, тарату өңірлері мен саудасы жайлы айтылады, мұнайдың түсі шайырлы қоспалардан тазару дәрежесіне қатысты екенін көрсетеді. Демек мұнайды зерттеу, табу, түрлерін анықтау, өңдеу, саудаға шығару кеңестік кезеңнің жаңалығы емес, әріден анық болған ғылым екен.
– Ибн Наджиб Бакранның «Жаһан-намасы» маңызды өзіндік географиялық ескерткіш ретінде бүкіл ойкумена туралы ғана емес, облыстар мен өңірлер, соның ішінде қазіргі Қазақстан мен Орталық Азия аумағындағы облыстар мен өңірлер туралы қызықты тарихи-географиялық мағлұматтарды қамтиды. Автор Бакранның өзі туралы ешқандай дерек жоқ. Бірақ Ю.Борщевский оның Хорасаннан шыққанын болжайды. Барканның әлем картасы аса ұқыптылықпен және рельефтік топографиялық егжей-тегжейлерімен бірге дайындалған. Ол картада мемлекеттер мен халықтар, теңіздер мен көлдер, өзендер мен тармақтар, таулар мен шөлдер, ақ түспен белгіленген таулы қарлы шыңдарға дейінгі барлық нысан әртүрлі кескіндемемен, қалалар дөңгелекпен көрсетілген. Әлем картасында градустық торда бойлықтар мен ендіктердің қызыл сызықтары көрсетілді, деп жазады академик Б.Көмеков «Жаһан-наманың» деректанулық және тарихнамалық мәні туралы сөзінде.
Бұған дейін де тағылымды еңбектерді халық игілігіне ұсынып, ұлт руханиятына үлес қосып жүрген Н.Тобыш, көрнекті ғалым Б.Көмеков, тарихшы А.Қалыштың қатысуымен сегіз ғасырдан бері қақпағы ашылмай қозғаусыз жатқан құндылық халыққа жол тартты.
Маңғыстау облысы