Кеселдің қандай түрінен болса да аман болайық дегенімізбен, дертіне дауа іздеген адамдарды, күн сайын ауруханаларға қарай заулап бара жатқан жедел жәрдем көліктерін көреміз. Сәт сайын дәрігерлердің алдына мыңдаған науқас шипа іздеп келеді. Алматы шаһарында соңғы күндері жасалған ерекше операцияларға көз жүгіртіп көрелік.
Жүкті әйелдің омыртқа жарығын алды
№7 қалалық клиникалық ауруханасының нейрохирургтері жүкті әйелге омыртқааралық шеміршек жарығын алып тастау операциясын сәтті атқарды.
Әйгерім Көптілеуова аяғы ауырлағанына 24-25 апта болып қалғанда Алматы қаласының №7 клиникалық ауруханасының қабылдау бөлімшесіне, омыртқаның бел-сегізкөз аумағының оң аяққа жаңғырып берілген ауруымен жеткізіліп, шұғыл неврология бөліміне жатқызылады. Неврология бөлімшесінде пациент консервативті ем қабылдағанымен, нәтижесі болмаған. МРТ аппаратында тексерген кезде секвестрленген омыртқааралық диск жарығы анықталды. Пациентті 7 ҚКА бас дәрігерінің орынбасары, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ нейрохирургия кафедрасының профессоры Марат Әлиев қарайды. Оң аяғының қатты ауырғанын анальгетик дәрілер де баса алмайды. Осы оң аяғын баса, сүйене алмағаны, жамбас бөліктің қызметінің бұзыла бастағаны ескеріле отырып, операция алдындағы дайындықтан кейін шұғыл түрде хирургиялық операция жасау туралы шешім қабылданған.
№7 ҚКА-ның №1 нейрохирургиялық бөлімшесінің меңгерушісі Бақыт Ағлақовтың айтуынша, пациентке оң жақ L5-S1 диск жарығын, жүктіліктің ұлғайып, ішпен жатқызу мүмкін еместігіне байланысты бүйірден эндотрахеальді наркозбен жоларалық алып тастау операциясы жасалған.
Осылайша, Марат Әлиев, ассистент Виктор Караваев, анестезиолог Ғалымжан Марс сынды алтын қолды дәрігерлер аяғы ауыр әйелдің омыртқааралық диск жарығын алып тастау операциясын жоғары кәсіби деңгейде жасады. «Қазіргі уақытта пациенттің жағдайы жақсы, жүктілігі қалыпты өтуде, мерзімге сәйкес келеді. Ол аяғынан тұрды, өздігінен жүреді, оң аяғындағы ауырсыну белгілері толығымен басылды», дейді дәрігерлер.
Осы арада бұл операция анаға да, құрсақтағы балаға да аса қауіпті болғанын айту керек. Жүктілік кезінде мұндай жағдайды болдырмау үшін мамандар бала көтергісі келген әйелдерге өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға, алдын ала тексерілуге кеңес береді.
Көзге күрделі операция жасады
Алматылықтар «12 аурухана» деп атап келген Орталық қалалық клиникалық ауруханасының дәрігерлері көзінің торлы қабығына жарық түскен әйелге жоғары технологиялық операция жасады. Құны 700 мың теңгеден асып жығылатын бұл операция міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде жасалды.
Офтальмология бөлімі меңгерушісі Гүлзат Әбрайымованың айтуынша, көздің торлы қабығының тамырлардан ажырауы ауыр патологиялар қатарына жатады. Маманның сөзіне сүйенсек, көздің торлық қабығының ажырауын дәрімен немесе екпемен емдеу мүмкін емес. Көру қабілетін қалпына келтірудің бірден-бір жолы – көзге жедел операция жасау. Сол себепті пациенттің көз жанарын сақтап қалу мақсатында микрохирургиялық манипуляция жасау туралы шешім қабылданған. Оның үстіне, көздің артқы торлы қабығының ажырауы операцияны қиындата түскен.
«Көздің торлы қабығы ажыраған кезде көру қабілеті нашарлайды және көп жағдайда пациент көру қабілетінен айырылып қалады. Әдетте торлы қабықтың зақымдануына жарақат пен миопия (көздің жақыннан көрмеуі), қант диабеті, көз ішіндегі ісік, қабықтың формасының бұзылуы сынды жағдайлар түрткі болуы мүмкін. Біздің пациент жоғары деңгейдегі миопиямен ауырған. Біз оған витрэктомия деп аталатын операция жасап, ішіндегі әйнек тәріздес денені микрохирургиялық жолмен алып тастадық, орнын арнайы сұйықтықпен толтырдық», дейді маман.
Мұндай күрделі хирургиялық операциялар жоғары технологиялардың көмегімен жасалады. Себебі өте нәзік болып келетін торлы қабықтағы әрбір жасуша көздің көру қабілетіне жауап береді.
Өтіне жүзден астам ұсақ тас жиналған
Жасы 72-ге жеткен кезекті алматылық үнемі бауырының тұсы шаншып ауыратынын айтып шағымданып келген. №1 қалалық клиникалық аурухана хирургтері лапароскопиялық қондырғылардың көмегімен операция жасап, қабынған өт қабын алып тастады. Бұл операция да жоспарлы түрде МӘМС шеңберінде жасалды. Пациенттің өт қабынан 100-ден астам ұсақ тас табылған. Бір қарағанда өт қабы кесілген анарға ұқсайды, мұндай жағдайды бұрын-соңды көрмегенін айтады дәрігерлер. Операция сәтті өтті, пациент операциядан кейін алтыншы күні ауруханадан шықты. Бұрын мұндай операциялар дәстүрлі әдіспен жасалатын болса, қазір хирургтер шағын инвазивті тәсіл – лапароскопиялық операцияға басымдық береді. Себебі ол науқастың тез арада айығып, хирургиялық манипуляция салдарынан ішектердің жабысу қаупін төмендетеді.
№1 аурухананың көпбейінді хирургиялық бөлімі меңгерушісі Марат Менаяқов көбіне пациенттер өт қабын сақтап қалуға бола ма, жоқ па деген сұрақ қойып жататынын жеткізді.
«Өкінішке қарай, тасты алып тастап өт қабының өзін қалдыруға болмайды. Өйткені қабынып тұрған өт қабы кейін де тас пайда болуына әсер етеді. Мен оны байқаусызда жарылатын бомбаға теңер едім. Себебі ұсақ тастар көшіп, өт жолдарына тас байлану және механикалық сарыауру, өттің қабынуы сынды дерттерге әкеп соқтыруы әбден мүмкін. Сол себепті тас байланған жағдайда өтті алып тастаған дұрыс. Және операцияны шұғыл жағдайға жеткізбей, жоспарлы түрде, пациентті дайындап, денсаулығын әбден тексеріп барып жасаған жөн», дейді М.Менаяқов.
Алғаш рет кардиостимулятор орнатты
Алматыдағы Орталық қалалық клиникалық ауруханасы да тұңғыш рет МӘМС шеңберінде пациент жүрегіне кардиостимулятор орнатты. Аурухананың баспасөз қызметі берген ақпаратқа сүйенсек, тексеру барысында науқастың жүрек-қан тамыры жүйесінен кінәрат табылып, атриовентрикулярлы (АВ) блокада анықталған. Бөлім меңгерушісі, интервенциондық кардиолог Ержан Құттығожин мұндай кесел көбінесе қарт кісілерде жиі кездесетінін айтады. Сонымен науқастың өмірін сақтап қалу үшін шұғыл түрде операция жасап, қан айналымын реттеу қажет болды.
«Жүрекке 2 камералы электрокардиостимулятор имплант орнатылды. Операция кезінде электродтар орнатылып электрокардиостимуляторға қостық. Операция сәтті өтті», дейді аритмолог-дәрігер Ғани Төлепбергенов.
Аталған операция ОҚКА-да осыдан бір ай ғана бұрын ашылған Интервенциялық кардиология бөлімшесінде жасалды.
Ерекше операцияны елде алғаш рет жасады
Ал «Орталық клиникалық ауруханасы» нейрохирургтері Қазақстанда алғаш рет қабық артериясынан артериялық-веноздық байланыстарды жабу операциясын жасады. Қысқаша айтқанда, науқастың күре тамырын кеңейтіп, тамырішілік стенд қойды. Осыған ұқсас нәзік операциялар АҚШ-та және Еуропада жасалған, ал ТМД-да бұл операцияны біздің мамандар бірінші болып қолға алды.
Алғашында пациентке Алматы қаласындағы клиникалардың бірінде операция жасалған, нәтижесінде бас-сүйекішілік веноздық гипертензия басталып, біреудің көмегінсіз қимылдай алмай, бас ауыру, жүрек айну, құсу басталады. Онда артериялық-веноздық фистула болып, қарама қарсы жағынан синустар бітеліп қалған, тамырлардың тарылуын қалпына келтіру қажет болды.
«Қазақстанда нейрохирургтер мұндай операцияларға бара бермейтін, өйткені олар инсульттің жоғары қауіптілігімен түйіндеседі. Алайда біздің тәжірибеміздің, ақпараттардың, шетелдік әріптестермен сөйлесудің нәтижесінде біз жеңіп шықтық және пациенттің өмірін арашалап қалдық. Біз күретамырдың тарылған учаскесін кеңейтіп, ол жерге тамырішілік стенд орнаттық. Сағалар қосылысы 8 артериядан тұрды, сондықтан оны бір уақытта жабу мүмкін болмады, операцияны үш кезеңге бөлуге тура келді», – дейді ОҚКА нейрохирургия орталығының басшысы Мыңжылқы Бердіқожаев.
Қазір пациент өз үйінде және оңалтудан өтіп жатыр. Бұл пациентке де операция мен ем медициналық сақтандыру есебінен тегін көрсетілді.
АЛМАТЫ