Көп ретте кей істердің көзге түсе қоймайтыны бар емес пе. Араға жылдар салып барып білініп жатады. Ілгері озған өмірдің, биіктеген мемлекеттік беделдің, уақыт талабына саналы ұмтылыстың жарқын мысалдары аз болмаса, жұртымыз жүрегіне жылы соның бірін қалайша атап айтпассыз, қалайша мақтан тұтпассыз деп ойлайсыз. Кезінде осылай болары көз жеткізгісіздей, көңіл сенгісіздей көрінгені рас та ғой.
Күмәніміз жөнсіз екен. Сабырлылық салиқалы саясаттың нәтижесі нәрін септі деген осы шығар, қазақша білім ұяларында құрбы-құрдастарымен ана тілімізде оқитын өрендер қатары ұлғаюы қоғамның шынайы шындығына айналды. Бұған өндірісті өңір өмірінен дәлелдер мен дәйектер жеткілікті. Әдемі әңгімені алға жаю да бір тілеулік десек, еліміздің ертеңін көркейтуші жаңа ұрпақ бойына патриоттық қан біту, ойына отаншылдық сезім сіңу бастауы да, баяны да мемлекеттік тілге деген құрметтің өсуінен білінер көңіл көркейтерлік құбылыс екеніне дау болмас.
Осылайша сөз қозғауымызға алдымен мынадай мәліметтер арқау болған еді. Соған сүйсіне сүйенгіміз келіп отыр. Қазақ мектептерінде білім мен тәрбие алуды қалаушы өзге ұлт жеткіншектерінің саны жылдан-жылға ауыз толтырып айтарлықтай молыға түсуі таңсық болмауға айналыпты. Мәселен, 2011-2012 оқу жылында 658 орыс, неміс, украин, корей, чешен, поляк баласы қазақ тұрғыластарымен тел өсуге қосылып, бірге білім қуса, былтыр тілеулестер қатары 702-ге жетіпті. Ал биыл 968-ге көтеріліпті. Бір жылдың ішінде ғана 300-ге тарта жаңа өскіннің өз таңдауын мемлекеттік тілдегі оқу орындарына арнауы еркін елдің ертеңіне, кемел болашақтарына берік сенімді айғақтаса керек. Мұндай зор талапқа, рухани баюға, әлбетте, ата-аналары әсері тигендігі түсінікті. Тәуелсіздіктің ортақ мерейіне көзі жеткен, ойлана білетін парасатты азаматтардың, пайымды жандардың ел абырой-беделіне тілеулестігі деп байыптауға болады мұндай шешімді. «Ел-елдің бәрі жақсы, өз елің бәрінен жақсы» делінген сөздің мән-мағынасы күнбе-күн танылып, қадірін бағалай білуге тартуы анық.
Өз еркімен қазақша оқуды қалағандардың бәрі туралы бір шағын мақалада айтып өте алмаспыз. Бірқатарын таныстырғанда Қарағанды қаласындағы №41 мектептегі осы тұрғыдағы жарасымды жайға бөлек тоқталуға болады. Өйткені, мұнда бауырлас ұлттардың 14 баласы қазақша оқиды. Солардың бірі Надежда Алексеева – 4-ші сынып шәкірті. Надя алғаш әліппе бетін ашқанда тілімізге шорқақтау болып келіпті. Міне, төрт жыл бойындағы ұстазы Индира Серікбайдың талмай-қажымай үйретуі, өзінің де алғырлығы арқасында бүгінде сыныптастарының қай-қайсысынан кем сөйлемейді. Оның үстіне оқу үздігі. Өнерге де бейімі бар. Наурыз секілді үлкен мерекедегі ойын-сауықтың көркі. Кәсіпкер әке-шешесі Сергей мен Татьяна Алексеевалар қыздарын қазақша оқуға бергендеріне еш өкінбейді. Үйлерінде орталарына алып, өздері де қазақ тілін меңгеру үшін көмектесуге жарап қалуын мақтан тұтады қайта.
Қала жұртшылығына танымал Мағжан Жұмабаев атындағы №39 мектепке шақырылып тұратынымыз бар. Себеп көп. Әдеби кештер, ғылыми жиындар, өнерпаздар байқаулары, ақын-жазушылармен кездесулер жиі өтеді. Сонда түр-түсі өзгешелеу шәкірттердің де ортада отыруы көзге түседі. «Бұлар да біздің оқушыларымыз», дейді мұғалімдер. Қуанып қаласың.
Осында Мағжан атасының тілінде оқуға жүрегі бұрған жеткіншектер ішіндегі ең кішісі Дарья Ли атты корей қызы екен. Білім жолындағы қадамын былтырғы күзде бастапты. Балабақшаның қазақ тобында тіл сындырған балдырған үйреткенді түсініп, түсіндіргенді ұғынып, сыныптастарымен қысылмай сөйлесе алатын болыпты. «Ортақ Отанның, бір шаңырақтың тілін білу өмірдің өзі қойып отырған талап қой. Өз ортаңның тілінде сөйлеу сыйластықты жарастыратынын, дүниетанымыңды кеңейтетінін көріп жүрмін. Қазақта «Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі білім біл» деген сөз барын білемін. Тілі орысша шыққан Дарьямызды қазақшамен қоса корей, ағылшын тілдерін үйренуіне талпындырмақпыз. Күн сайын өзгерістегі заманда қатарынан қалдырмау арманымыз», дейді анасы Анна Николаевна.
Расын айтқанда, осы бір тақырып қызықтырып, қаланың бірқатар қазақ мектептерін аралап шықтық. Қай-қайсысына барсақ та шаңырақтас ұлттар ұландарының аз ұшыраспауын көру дегеннің өзі бір ғанибет екен. №93 гимназияда, Жамбыл атындағы №7 мамандандырылған мектеп-интернатта, қазақ-түрік лицейінде оқитын неміс Сайда Фризе, орыс Арина Давыдова, чешен Шәміл Джавтаев, корей Станислав Ким тілімізді жақсы меңгерумен бірге оқу үздіктері болып шықты. Арина ағылшынша да сөйлесе алуға талаптануда көрінеді. Республикалық «Жарқын болашақ» қазақ тілі пән олимпиадасының қола медаль иегері Шәмілдің де келешегіне жол ашар тілдерге ықылас қойып жүргенін білдік.
Орыс тілі басымдау Теміртаудағы, Приозерскідегі, Сарандағы, Шахтинскідегі №5, №1, №4, №9 және Жезқазғандағы дарынды балалар мектептер оқушылары Алексей Бондаренко, Андрей Миронов, Назлы Хушудова, Карина Мурзина, Никита Долгий, Елизавета Потапова, Джабрайл Чумуков секілді үштұғырлы тілді меңгерушілер облыстың басқа да оқу орындарында аз кездеспейді. Соның 968-і таза мемлекеттік тілде оқитындығы жоғарыда айтылды. Игі үрдіс қалыптасқаны қуантады.
Осындайда Елбасының тәуелсіздік жарияланған күннің ертеңінде сөйлеген сөзінде: «Не істесек те ақылмен істейік, арзан ұранға ермейік, жалған сезімге тізгін бермейік дегім келеді. Тарих көші ұзақ. Асықсақ та аптықпайық. Қазақстанның көпұлтты халқының жұлдызы жоғары болатынына, туған елімізде дәулетті де сәулетті өмір орнайтынына кәміл сенемін. Сенімнен айырылмайық, бауырларым!», деуі қалайша еске түспесін. Тура бүгінгінің шындығы. Бәрі өз жөнімен келе жатқандығына өмір куә. Басқа өңірлердегідей Қарағанды аймағындағы мектептерде де жеткіншек қандастар қатарын ниеттес, тілектес отандастарымыздың өрендері толықтыра түсуі, сөз жоқ, достықты, татулықты ту етудің жемісі.
Айқын НЕСІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
ҚАРАҒАНДЫ.