Бізде сол, істің басы дардай, аяғы қылдай. Сүйіншілеп басталып, жол ортада қалады. Нәтижесі не болғанын сұрай қалсақ, жауапты басшылар қырық сылтау айтып, бірі біріне сілтейді. Естеріңізде шығар, былтыр Күршім мен Үржар аудандарында жүзу бассейні ашылған. Ашылды деген аты. Лента қиып, ырду-дырду той еткенімен, бассейндердің есігі қайта тарс жабылған. Қыруар қаржы не үшін бөлінгені белгісіз.
2021 жылдың 6 шілдесі. «Елорда күніне орай Үржар ауданында заманауи үлгіде бассейн ашылды» деп алақайладық. Ауылдың қуанышын жарыса жарияладық. Бассейн ғимаратының кіреберісіне қызылды-жасылды шар байланып, ресми түрде ашылу салтанаты жасалды. Әсіресе жасөспірімдердің қуанышында шек болмаған. Қысы-жазы суда жүземіз деп қуанды. Бекер екен. Бассейнге шомылғанды қойып, аяқ малған біреу болмады.
Жыл өтіп, аудан тұрғындары наразылық білдірген соң, істің мән-жайын білмек ниетте Үржар аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Болат Торсықбаевқа хабарласқанбыз. Оның айтуынша, бассейннің тапсырыс берушісі Үржар ауданының сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі екен. Алайда кім қабылдап алды, қалай қабылдап алды, бізге түсініксіз.
– Бассейнді облыстық спорт басқармасы балансқа әлі қабылдаған жоқ. Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасы өкілдері келіп, бірқатар олқылықты айтып кеткен. Мердігерлер қайта жасап жатыр. Өзгеріс болып жатса, хабарлаймыз, – дейді Үржар аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Болат Торсықбаев.
Айтып өткендей, әуелде бассейн ашыла сала облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы теңгеріміне алуы керек болған. Бірақ құрылыстан ақау шыққан соң олар қабылдауды кейінге қалдырған. Алдымен аталған нысанға тексеру жүргізу керегін айтып, облыстық сәулет-құрылыс бақылау басқармасына хат жолдапты. Мамандар тексере келе лауазымды тұлғаларға қатысты ӘҚБтК-нің 318-бабы бойынша әкімшілік іс қозғап, анықталған ақауларды жоюды тапсырған. Сонымен қатар жаттығу кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтаудың маңызды рөлін ескере отырып, құзыретті органдар ұсынған барлық бұзушылықтарды толық жойғанға дейін бассейн жұмыс істей алмайтынын айтады сала мамандары. Ал оның қашан жойылатыны тағы беймәлім.
Дәл осындай мәселе Күршім ауданында да бар. 2021 жылдың қаңтарында Күршімде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жабық жүзу бассейні ашылды деп жар салғанбыз. Иә, мұнда да кәдімгідей ақсақалдар ақ тілектерін айтып, лентасын қиған. Сол кездегі спорт бөлімінің басшысы бассейнде жүзу кестесі жасалатынына дейін хабарлап, елді сендірген. «Бақсам, бақа екен» демекші, күршімдіктердің де қуанышы алысқа бармады.
– Күршімнің маңайындағы судың бәрі қауіпті. Жаздыгүні балалардың шомылуы үшін бірде-бір арнайы орын жасақталмаған. Қаншама адам суға кетіп жатыр. Былтыр балалар бассейнде суға жүзуді үйренеді ғой деп мәз болып жүргенбіз. Өкінішке қарай, суы жоқ бассейннің лентасын қиып, ашылу рәсімін салтанатты түрде дүркіретіп өткізді. Көзбояушылықты қашан қояр екенбіз?! Енді міне, сыбайлас жемқорлықтың құрметіне қойылған ескерткіштей бассейніміз қаңырап тұр, – дейді аудан тұрғыны Меруерт Еркінқызы.
Жасырып қайтеміз?! Қандай да бір нысан ашылып алып, жұмыс істемей тұрса, иә болмаса, сапасы сын көтермей жатса, қоғам бірауыздан «ақшасын жеп қойыпты» деген пікірді ұстанады. Кім білсін?! Қолда айғақ болмаған соң, дөп басып жаза да алмаймыз. Дейтұрғанмен, шөптің басы жел тұрмаса қимылдай ма?
Күршім ауданы әкімінің орынбасары Ерлан Шораяқовтың айтуынша, жабық бассейн ғимаратының құрылысын «СК-KazAlem» ЖШС құрылыс компаниясы жүргізген екен. Бұл үшін қазынадан 450 млн теңге қаржы бөлінген. Қазіргі уақытта құзырлы органдар тексеру жүргізіп жатқан көрінеді. Қалай дегенмен, Шығыс Қазақстанның құрылыс саласында салғырттық басым. Мейлі үй құрылысы болсын, жол салу немесе су тарту болсын, проблемасыз аяқталмайды. Тиісті қаржы бөлінгенімен, сапа да жоқ.
Ал Үржар мен Күршімдегі бассейн құрылысынан кеткен олқылықтар Катонқарағай ауданының басшыларына сабақ болсын дейміз. Айта кетейік, Катонқарағай ауылында да жабық бассейн құрылысы жүргізіліп жатыр. Қазірден бастап жауапкершілікпен қарамаса, ертең Үржар мен Күршімнің кебін киіп жүрмесіне кім кепіл?!
Шығыс Қазақстан облысы