• RUB:
    4.75
  • USD:
    498.55
  • EUR:
    524.28
Басты сайтқа өту
Спорт 26 Мамыр, 2022

Екі белбеу сарапқа салынады

322 рет
көрсетілді

11 маусымда Алматыда аралас жек­пе-жектен Naiza Fighting Championship турнирі өтеді. Бұл жарыста аталған ұйымның екі бірдей алтын белбеуі сарапқа салынады.

Атап айтсақ, ерлер­дің жартылай орта салма­ғында қазақтың қос өрені – Нұрғали Нұрғайып­ұлы мен Олжас Абзалиев айқасса, әйелдердің ең жеңіл салмақ дәрежесінде ресейлік Валерия Карыгина мен Дильшода Умарова күш сынасады.

Жоғарыда айтылған кездесулерден бөлек, спорт сүйер қауым тағы бірнеше қызықты жекпе-жектің куәсі болады. Солардың бірі жартылай жеңіл салмақтағы ресейлік Георгий Попов пен қазақ жігіті Елжан Әлиасқар арасында өтеді деп күті­луде. 38 жастағы Георгий – Саха Респуб­ликасының тумасы. Осы күнге дейін 18 мәрте октагонға шыққан ол 14 рет жеңіске жетті. Осыдан үш жыл бұрын Попов UFC-де өнер көрсетті. Бірақ мұхиттың арғы жағалауында оның жолы болмады. Якут спортшысы америкалық Эдди Вайнлэнд пен ұлыбританиялық Дэйви Гранттан жеңілгеннен кейін әйгілі промоушен Ресей­дің өкілімен келісімшартты ұзартудан бас тартты. Соңғы кездесуін Попов былтыр жаз­да Алматыда Сержан Сапарғалиевпен өткізіп, оны үшінші раундта ұрып жықты.

25 жастағы Елжан Әлиасқар – таэквондодан қара белбеу иегері және панкратион­нан әлем чемпионы. Бұл атаққа ол 2017 жылы Ресейдің Сочи қаласында қол жеткізді. 2018 жылы қандасымыз Kazakhstan Fighter тур­нир­інде бақ сынап, финалға дейін жетті. Ше­шуші тұста Елжан қазақтың тағы бір мықты өрені Еламан Шертаевқа есе жіберді. Аралас жекпе-жектен барлығы 11 бәсеке өткізген Әли­асқар соның сегізінде басымдық танытты.

Сондай-ақ сол кеште жерлестерімізден бөлек, алыс және жақын шет мемлекеттерден келген тағы бірнеше танымал спортшылар өз өнерлерін ортаға салады.