• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
18 Сәуір, 2014

Татулық туы тігілген орда

272 рет
көрсетілді

Алматы қаласы  – достық пен бірліктің, татулық пен тұрақтылықтың алтын бесігіне айналған құт мекен. Қазақ елінің рухани, экономикалық және іскерлік астанасы ғана емес, бұл шаһар халықаралық байланыс­тар мен жылы қарым-қатынастың ошағы ретінде де қалыптасып, талай тарихи шаралардың бастауы да болып келеді. Татулық пен бауырластықты ту еткен Алматы қаласындағы халықаралық басқосулар мен ұлтаралық өзара үнқатысу шаралары үнемі қала төріндегі Достық үйінде жоғары деңгейде жүзеге асып жатады. Қазақ елімен рухани байланыстағы өзге мемлекеттердің тулары сап түзей тігілген еңселі шаңыраққа әлемнің әр түкпірінен келген құтты қонақтар атбасын тіреп, осы киелі орданың мінберінен бейбітшілік пен ынтымақтың мақсатты әңгімесі жер-жаһанға тарап жатады. Әр­түрлі ұлттың өкілдері шұрқырай табысып, әрқайсысы өз ана тілінде сөйлесе де, барлығының жүрегінен қазақтай қасиетті елдің кең құшағы мен күллі әлемге насихат болған бейбіт тірлігі, адамзат баласын бірлікке, тірлікке шақырған ақжарма пейілі түйдек-түйдегімен тілекке айналып тыңдаушысына жетіп жатады. Алатаудың аясында орналасқан Достық үйі 1972 жылы сәулетшілер Р.Сейдалин, Л.Тимченко мен Х.Якупбаевтың жобасы бойынша салынған екен. 1974 жылы жобаға Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы беріліпті. Аталмыш ғимаратта Қазақстан халқы Ассам­блеясының басшылық органдары, 19 этномәдени бірлес­тік­тің кеңсесі, мемлекеттік және туған тілдерін оқытумен айналы­сатын 9 жексенбілік мектеп орналасқан. Халықаралық мәні зор кездесулер мен маңызды келіссөз жүргізу ісі де осы жерде өткізіліп тұрады. 2006 жылдың 29 желтоқса­нында «Достық үйі» РМК базасында Ұлтаралық қатынастар проблемасын зерттеу орталығы құрылып, әлемдік тәжірибеге үлкен үлес қосарлық маңызды зерттеулер жасалып, игі шаралар реті қалыптасты. Ұлтаралық қатынастар проблемасын зерттеу орталығы Қазақстан халқының тілдері мен мәдениетін жандандыру жөніндегі әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға, ұлтаралық қатынастар мен қо­ғамдағы этномәдени байланыс­тарды нығайту мәселелері бойынша ғылым мен мәдениет саласында ғылыми-зерттеу қызметін жүргізуге атсалысып келеді. Күні бүгін Достық үйінде әр­түрлі этнос өкілдерінің қаты­суы­мен мемлекеттік тіл бойынша жыл сайын фестивальдар, конференциялар, байқаулар мен дөңгелек үстелдер және мәдени шаралар өткізіледі. Қанат ЕСКЕНДІР, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.