Тұрғындары басым бөлігінің қалаларда шоғырлануына байланысты Қарағанды аймағында ауылшаруашылық өнімдері түр-түрін көбейтудің көкейкестілігі қашанда күн тәртібінен түскен емес, кейінгі кезде тіпті үстемелеп кеткендей. Соның жағымды нышандары барынша байқалып отыр деуге болады. Басты ырыс астықпен бірге зығыр, бұршақ, тары, күнбағыс сияқты дақылдар алқабының көлемі одан сайын артып келеді. Әсіресе, картоп өсіруді ұлғайтуға айтарлықтай бетбұрыс бар. Бұл ретте бұрыннан да дағдылы өнім болуы, күтіп-баптап, жинауда тәжірибе жеткіліктілігі, оны жетілдіріп қолдану облыстың өзін-өзі толық қамтамасыз етіп қана қоймай сырт жерлерге де жөнелтуге мүмкіндік туғызып жүр.
Былтыр 286 мың тоннасы қоймаға сақтауға салынса, биыл да осынша мөлшерден кем түспеу екінші нан өндірушілердің алдындағы мақсат. Яғни, міндет үлкеймесе кеміген жоқ. Ресми дерек бойынша 9 мың тоннаға жуық тұқым бұған кепіл болуға тиіс. Алайда, бүйірден киліккен бір кедергі көпшілікті мазасыздандыруда.
Қиыны сол, картоп тұқымына зәрулік ертең отырғызу науқаны басталғанда қатты білінуі мүмкін. Өкінішке қарай, елімізде оны бұрынғысынша шетелден әкелуге шектеу салынғаны мәлім. Осы төңіректегі әңгіменің күрделенуі содан шығады. Мамандардың айтуынша, ол тұқымның отандық өндірісін қолдауға қатысты шара болғанымен қордағы бары егжей-тегжейлі есептеліп, жеткілікті не жеткіліксіздігі ескерілмеуі салдары картоп отырғызушылар бәрінің қолы жетпеуіне ұрындырғалы тұрған сыңайлы. Олай тарт, былай тарт, өз тұқымымыздың тапшылық етуі көктемгі егіске әзірленушілерді алаңдатқан жай екені шындық. Мұны да былай қойғанда, жағдайды картоптың біздегі тұқымын алыс-жақыннан барымталаушылар шықпай қалмауы әр түйірін алтындай қалатып жатса тағы таңданыс жоқ.
Аймақта картоп өсірумен негізінен Абай, Бұқар жырау аудандары шұғылданады. Көксудағы, Есенкелдідегі, Жаңатұрмыстағы, Ростовкадағы шаруашылықтар осы саланың ірілері саналады. Ал тұқымын сұрыптау, дайындаумен айналасатыны біреу-екеуден аспайды. Облыс түгілі, аудан сұранысын қамтамасыз етуге шамасы шамалы олардың қатарын толықтыруға құлықтылар аз.
Бағаның онсыз да шарықтауы шағында шығаннан болса да қажетті тұқым сатып алуға тосқауыл қою жергілікті түрі құнын қымбаттатып жіберді. Бұған дейін ұсағының өзін әр килосына 30-40 теңгеге саудаласушылар енді 60-70 теңгеге қол жеткізуге зар. Мұндай қымбатқа түскен тұқым өнімін өндірушілер әлбетте, шығын орнын толтырғысы келетіні анық. Сондықтан күзде килосы 100 теңгеден асып жығылса оған да қайран шамалы.
Жалпы алғанда, осындай тығырықтың күндердің күнінде алдан шығатындығы картоп өндірушілерге мәлімсіз емес еді. Тұқымды алыстан арқалап жеткізуге үйірлік ақыры соған тіреді. Жиын-терім аяқталған бетте түгін қалдырмай сатып, пайда табу амалынан аспау мінеки, бүгінде жан-жақтан тұқым іздеуге сабылтып жатыр. Әрине, бәрінде олай емес. Картоптық 570 гектар алқаптың 30 пайызын тұқымдық танапқа арнаған, қазір арқасы кең Киров атындағы өндірістік кооператив, «Астро-Агро» ЖШС сияқтылар әзірге некен-саяқ. Сондай болмаса да ұқсап бағуға мүмкіндік баршылық. «ҚазАгро» ұлттық басқару холдингі арқылы «Агробизнес-2020» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несие алып, өте-мөте керекті іс ретін келтіруге болады. Бірақ ертеңгіге қалдыра берілсе не дерсіз. Ал тұқым қоры қаланбайынша алыс-жақынға қол созу бітпек емес.
Айқын НЕСІПБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Қарағанды облысы.