Ауыл баласының еңбекпен етене өсетіні белгілі. Жұмабай да жастайынан ауыл тірлігіне икемді болды. Мектеп бітіргеннен кейін комбайнға отырып, механизаторлықтың дәмін татты. Бұған «Жекенді» кеңшарында біраз жыл бас инженер болған әкесі Жарылғасынның да ықпалы болды, ер-азаматтарға тән мамандықты өзі де жатырқамады. Көп уақыт өтпей-ақ, кеңшардың белді механизаторы ретінде таныла бастады. Отбасында көрген өнеге, техникаға деген ұсынықтылық жас жігітті жігерлендіре түсті. Кейін кеңшар тарап өндірістік кооперативке айналғанда да ұжымнан қол үзбеді. Өндірістік кооперативтің де өмірі ұзақ болмады, жаппай жекешелендіру басталды. Сонда барып әкесі Жарылғасынның жол сілтеуімен, ақыл-кеңес беруімен өз алдына бөлек шығуды ұйғарды. Сөйтіп, 2001 жылы қазір өзі басқаратын «Жақып» шаруа қожалығын құрды. Бұл шаруа қожалығы Сарбие ауылының тыныс-тіршілігіне серпін беріп тұрған шаруашылық құрылымдарының бірі десек, қателесе қоймаспыз, сірә.
Бастапқыда бір трактор, көне комбайнмен жұмыс бастауға тура келді. Ілдебайлап жөндеп, мал азығын дайындады, аз-кем егін салды. Сол жылы шаруа қожалығында небәрі 100 гектар егістік, 200 гектар шабындық, 200 қой, 35 ірі қара болатын. Шапқан шөбінің, жиған астығының артылғанын малға айырбастады, мал санын көбейтуге бағыт ұстады. Қазақта «Мал баққанға бітеді», «Мал балағынан өседі» деген сөз бар. Жыл өткен сайын мал саны да артты. Бұрынғы 200 қой қазір екі отар, 35 ірі қара бір табын болды, жылқы да бар, шүкір. 800 гектар жері бар. Түрлі техника да шаруасын жүргізуге жеткілікті. Енді Жұмабай Жақып мал тұқымын асылдандыруды қолға алды. Қазір Батыс Қазақстан облысынан Еділбай асылтұқымды қошқарларын, асылтұқымды бұқаларын сатып әкеліп, мал тұқымын асылдандыруда. Болашақта асылтұқымды мал шаруашылығы атағын алуға талаптанып жүргені осындай шаруагерліктің нәтижесі. Қазір барлық мал Бақтыарал қыстағында шоғырланған. Қыс қаттылау болғанымен мал шығынсыз бағылуда. Қойшы Жұмабай Бейсенқұлов, малшы Қанат Алдияров малдың жәйін, шаруаның қамын білетін жандар. Мал азығы жеткілікті, суаттан суарылады, шөп техникамен шашылады. Осылай «Жақып» шаруа қожалығының төрағасы Жұмабай Жақып ауылдағы шаруасын шалқытып отырғандардың қатарында келеді.
Шаруашылық басшысы ет өндіру үшін мал сою цехын салып, пайдалануда. Облыс және аудан орталығында өтетін ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің азық-түлік жәрмеңкелеріне тұрақты қатысып тұрады. Бұл екіжақты тиімді қалалықтар арзан ауыл тағамдарына қолдары жетсе, бұл өз өнімдерін өткізіп қалады. Астанада өткен осындай жәрмеңкелерге де артынып-тартынып барып жүр. Жәрмеңкелерге тонналаған ет, келілеп тары-талқан және басқа да тағамдарды тұрақты апарып тұрады. Жұмабай Жарылғасынұлының айтуынша, шаруа қожалығында тары егістігін кеңейту көзделуде. Тарыдан дүниежүзілік рекорд жасаған атақты Шығанақ Берсиевтің жерінде тұрып бұл дақылды ұмыт қалдыруға болмайды, дейді ол сөз арасында.
Астанда өткен азық-түлік жәрмеңкесіне барған бірінші жылы басқасын айтпағанда, 100 келі қуырылған тары, 50 келі талқан апарса, екінші жылы 250 келі тары мен 100 келі талқан апарған. Бұл тағамдарды халық қыл үстінен бөліп әкетіпті. Яғни тары тағамына сұраныс жоғары. Сондықтан бұл дақылды өсіріп қана қоймай, ұлттық брендке айналдыруды ойластыруда. Оның жоба-жоспарын да көңілге түйіп жүрген жәйі бар.
Ауылда дүкен ашып, халыққа сауда қызметін көрсетіп отырған да осы шаруа қожалығы. Дүкенде жолдасы Жұмагүл жұмыс істейді. Мұнда басқа тауарлармен бірге тұрақты түрде ет сатылады. Өзінің мал сою цехы арқылы көршілес екі ауылдың мектептерімен, балабақшаларын арзан етпен қамтамасыз етудің де қамын жасауда. Бұл әрине, алдағы уақыттың еншісіндегі шаруалар. Қожалықтың басы-қасында болатын інісі Сәкен де еңбекқор, шаруаның ыңғайын біледі.
– Ауылдың тұрмысы түзелді. Ауызсу үйдің ішіне кіріп тұр. Көшелерде электр шамы самаладай жарқырайды. Дәрігерлік пункт, балабақша жұмыс істейді. Ауылдықтар үйлеріне еурожөндеу жасап жатыр. Асырып айтсақ , тұрғындар тұрмысы қаладағыдан кем емес, дейді «Жақып» шаруа қожалығың төрағасы Жұмабай Жақып.
Жұмабай Жарылғасынұлы ауылдастарына қарасып, көмек қолын созудан қалыс қалмайды. Жыл сайын ардагерлерге арнап, Ұлы Жеңіс және Қарттар күндерінде дастарқан жайып, баталарын алады, хал-қадерінше мерекелік сый-сияпат жасайды. Ауылдағы аз қамтылғандарды да естен шығармайды. Кейбіреулерінің балаларын қамқорласа, бірқатар отбасыға отын-судан, жем-шөптен қарасады. Шаруа қожалығы біраз сарбиеліктерді жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.
Биылғы қыс бұрынғылардан қатаңдау болды. Ауылдықтар арасында қыс ұзап кете ме деген қауіп те жоқ емес еді. Бірақ, одан қысылмадық. Жем-шөп жеткілікті. Қазірдің өзінде Ойылға, ауылға шөп тасуды қолға алдық. Себебі, бұрынғы жұмсақ қысқа үйреніп қалғандар немесе жазда мол пішен түсіріп алуға шамасы келмегендерге жолдың ауырлығына қарамастан арзандау бағамен шөп жеткізіп беріп тұрдық, дейді ол бізбен әңгімесінде. Әңгіме дегеннен шығады, ол қыс бойы Жекенді мен Сарбие ауылының арасындағы он алты шақырым жолды да өз тракторымен тегін тазартуды мойнына алған. Сондықтан да, Сарбиеге баратын жол сайрап жататын көрінеді.
Міне, осындай ізгілікті ісімен, адами қадір-қасиетімен биіктен көрініп жүрген азамат Ойыл аудандық мәслихатының депутаты ретінде өзекті мәселелерді шешуде де белсенді. Осының барлығын біреудің көзіне түсейін деп жасамайды, бұл оның өмірлік ұстанымы. Жұмабай Жарылғасынұлы өңірдің экономикалық дамуы мен қоғамдық жұмыстарына белсене қатысқаны үшін облыс және аудан әкімінің алғыс хаттарымен, «Парыз» республикалық конкурсына қатысқаны үшін марапатталған, «Алтын жүректің» жүлдегері. Ол сондай-ақ, «Ерен еңбегі үшін» және «Тәуелсіздіктің 20 жылдығы» медальдарының да иегері. Отбасы тірлігі де ажарлы. Жолдасы Жұмагүл екеуі қолындағы анасы Жанбибіні үкілеп күтіп отырғанын ауылдастары жақсы біледі. Өзі төрт ағайынды жігіттің өзара татулығы да марқұм әкесі Жарылғасын мен анасы Жанбибі салған ізгі дәстүрден тамыр тартатыны сөзсіз. Ал, балаларының үлкені Нұргүл Ақтөбе гуманитарлық колледжінде, Бекжан мен Диана облыс орталығындағы М.Құсайынов атындағы дарынды балалар мектеп-интернатында оқиды. Міне, еңбегімен еленудің біз білетін мысалы.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы,
Ойыл ауданы.