2030 жылға қарай әйелдер мен қыздарға қарсы зорлық-зомбылық түбегейлі жойылуға тиіс. Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған «Жарық сәулесі» аймақтық бағдарламасы аясында зорлық-зомбылыққа ведомствоаралық назар аудару тұжырымдамасын іске асыруға арналған семинарда Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Түрікменстаннан БҰҰ агенттері күрес шараларын күшейту бастамаларын талқылады.
Еуропалық одақ пен БҰҰ-ның көпжылдық серіктестігімен «Жарық сәулесі» жаһандық бастамасы әлемнің 20-дан астам елінде және өңірлік бағдарламалар негізінде жүзеге асып келеді. Жыл сайын қомақты қаржы бөлінетін жоба заңнамадағы, саясаттағы олқылықтарды жоюды, әлеуметтік институттар жұмысын жетілдіруді, гендерлік әділ нормаларды арттырумен қатар әйелдер бірлестіктерінің әлеуетін нығайтуға ықпал етеді.
Бүгінде Қазақстанда зорлық-зомбылыққа қарсы заңнама күшейтілгенімен, тұрмыстық жағдайда құқығы бұзылған әйелдер мен қыздардың тағдыры қоғамдық институттар тарапынан өзгеше қадамдарды тиімді етудің маңыздылығын көрсетіп отыр. Деректерге сүйенсек, өткен жылы еліміз бойынша отбасылық қатынастардағы құқық бұзушылыққа байланысты 50 мыңнан астам әкімшілік іс тіркелсе, «Қазақстанның дағдарыс орталықтары одағының» мәліметтеріне сәйкес соңғы 3,5 жылда бұл орталықтардан 1 мыңнан астам қыз-келіншек өз құқығын қорғауға көмек сұрап, пана іздеген.
Еуропалық одақ Орталық Азиядағы бұл бастаманы жүзеге асыруға 4 млн еуро қарастырып отыр. БҰҰ агенттіктері аталған жоба серіктесі ретінде нормативтік-құқықтық актілерді және құқықтық саланы жетілдіру бойынша жұмыс істеп келеді. Осы орайда ЕО-ның Қазақстандағы елшісі Кестутис Янкаускас Орталық Азия елдері және Ауған- станмен бірлесе гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы күрес жалғаса беретінін атап өтті. Бүгінде ЕО мен Қазақстан арасындағы Кеңейтілген ынтымақтастық туралы келісімдері қоғамдық өмірдің барлық саласында қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға негіз болып отыр. «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы бірлесе күш жұмылдыру әлеуметтік қызметтер, құқық қорғау және денсаулық сақтау органдарының арасындағы үйлескен жұмысқа байланысты, деп атап өтті ЮНФПА (БҰҰ Халыққа қызмет ету қоры) Қазақстандағы өкілі, Қырғызстан, Түрікменстан бойынша аймақтық директор Ронни Линдстром. Спикердің айтуынша, ЮНФПА жылдар бойы гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы ведомствоаралық ықпалдастықты күшейту мақсатында аймақ елдеріне қолдау көрсетіп келеді. Мысалы, ЮНФПА-ның Түркістан облысындағы пилоттық жобасы зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге психоәлеуметтік қолдау көрсетуді мақсат етеді әрі мұндай шаралар ұлттық және аймақтық деңгейде іске асуда. Сонымен бірге БҰҰ Қазақстандағы тұрақты үйестірушісі Микаэла Фриберг-Стори, БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілінің орынбасары Виталий Времиш бұл бағыттағы жобалардың тиімділігін атап өтті.
Семинарда Шығыс Еуропа репродуктивті денсаулық институтының Орталық Азия елдерінде жүргізген ауқымды зерттеулері қорытындысы жарияланып, зорлық-зомбылық құрбандарына құқық қорғау органдары, денсаулық сақтау ұйымдары тарапынан және әлеуметтік қолдау көрсету бағытындағы стандартты операциялық әрекеттерді жүзеге асыру тетіктері талқыланды. Сонымен бірге Орталық Азия елдеріндегі гендерлік зорлық-зомбылық туралы деректерге шолу жасай отырып, сарапшылар әйелдер мен қыздарға қатысты заңға қайшы әрекеттерді жою мақсатында халықаралық бірлескен іс-қимылдардың жалғаса беретінін атап өтті. БҰҰ-ның Әйелдерге қатысты дискриминацияның барлық түрін жою туралы конвенциясы іргелі халықаралық және аймақтық тәжірибелерді халықаралық нормаларға жақындату мәселесін көтерді.
«Жарық сәулесі» жобасы аясында көптеген ілкімді жоба жүзеге асып келеді. Аймақ елдері үшін ұйымдастырылған «Зорлық-зомбылыққа қарсы АТ технологиялар» идеялар байқауына студенттер қатысып, гендерлік теңдікке қарсы және зардап шеккендер базасын жасақтауда жаңа технологиялардың мүмкіндігін игерді. Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Косово, Ресей және Армения елдерінің гендерлік кемсітушілікпен күрес және зорлық-зомбылықтан зардап шеккендермен жұмыс істеу саласындағы жетекші сарапшылары өз тәжірибелерімен бөлісті. Хакатондарға қатысқан көршілес елдердің жас инноваторлары өзгелерге көмектесу үшін бағдарламалық шешімдер әзірледі («Light Algorithm», «Burulai», «ClickHelp Bot», Safe YOU платформасы). АТ идеялар байқауында Орталық Азия елдерінің жастары ортақ мақсатта кездесуге, жаңа дағдыларды игеруге және зорлық-зомбылыққа қарсы тұрудың цифрлы шешімін ұсынуға мүмкіндік алды. Оның барысында гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алу, зорлық-зомбылық туралы деректерді жинау және визуализациялау, зорлық-зомбылықтан аман қалғандарға көмек көрсету сияқты маңызды шешімдер қарастырылған.
АЛМАТЫ