Сервистік полиция дегеніміз не? Мұндай полицияның моделі қандай болуы керек? Халық пен тәртіп сақшыларының арасында тығыз қарым-қатынас орнатудың оңтайлы әдістері қандай? Бұл жөнінде әлемдік тәжірибелер не дейді? Нұр-Сұлтанда алғаш рет ұйымдастырылған құқықтық форумда осы сұрақтар төңірегінде қызу пікірталас өтті.
«Полиция жұмысының қазақстандық сервистік моделі: перспективалары және даму стратегиясы». ІІМ БҰҰ-ның Есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасы және «Құқықтық саясатты зерттеу орталығы» қоғамдық қорының мұрындық болуымен өткен құқықтық форум осылай аталды.
Полиция жұмысының сервистік моделін ілгерілету мәселелері талқыланған форум жұмысына Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Ержан Жиенбаев, Бас прокурор Берік Асылов, Еуропалық Одақтың Қазақстандағы Елшісі Янкаускас Кестутис мырза, сондай-ақ мемлекеттік органдар, дипломатиялық миссиялар, заң және ғылыми қоғамдастықтар, үкіметтік емес ұйымдардың басшылары мен жауапты өкілдері қатысты. Үлкен диалог алаңында полиция жұмысын сапалы қайта бағдарлау, жүйені бюрократиядан арылту, мықты аналитика негізінде проблемалық-бағдарланған тәсілді қолдану, сондай-ақ қоғамның полицияға деген сенімін арттыруға қатысты нақты ұсыныстар айтылды. Осыған орай халықаралық жиында сөз алып, тұжырымды ойларын білдірген бірнеше сарапшының пікірін топтастырып беруді жөн көрдік.
Марат АХМЕТЖАНОВ,
Ішкі істер министрі:
– Биылғы Жолдауында Президент ел дамуының жаңа мақсат-талаптарын белгілеп берді. Маңызды құжатта Жаңа, Әділетті Қазақстанның негізгі қағидаттары да айтылды. Қазір осы қағидаттарды іске асырудың қолайлы уақыты. Саяси ерік-жігер мен қоғамның өзгеруі сәйкес келгенде «мүмкіндіктер терезесі» ашылды. Бұл ретте полиция шетте қалмауы тиіс. Өйткені полиция қызметкерлері күн сайын халықпен байланыста. Бұл тек әкімшілік және қылмыстық заңнамаға қатысты емес. Мұнда халыққа кеңес беру, қызмет көрсету және көмектесудің басқа да сұрақтары бар. Сондықтан қоғаммен байланысты жақсартып, халықпен серіктестік қатынастарды дамыту қажет. Бұл жұмыс сервистік модельге ауысудың аясында басталды.
Біріншіден, сервистік полицияның мәні – полицияға жүгінген әрбір адамға заңды, уақтылы, жан-жақты ақпараттандырылған, сыпайы әрі сапалы қызмет көрсетудің кепілі деген сөз. Екіншіден, бұл проблемалық бағдарланған тәсілді енгізу. Әр ауданның және жергілікті қоғамдастықтың тұрғындары қауіпсіздік мәселелерін жергілікті полиция органдарымен бірге шешетініне сенімді болуы керек. Үшіншіден, полиция қызметкерлері өз миссиясын Қазақстан халқына қызмет ету және оны қорғау үшін барлық жағдайға дайын әрі жан-жақты болуға тиіс. Тәртіп сақшыларының жұмысына қарапайым халықтың берер бағасы полицияның маңызды ұйымдастырушылық критерийіне айналуы керек. Бұл тәсілдерді енгізу үшін полиция цифрландыру мүмкіндіктерін пайдалануға тиіс. Бұл қабылданатын шешімдердің ашықтығын, тиімділігі мен сапасын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Біз қазір қоғамның полициядан үлкен үміт күтетінін мойындаймыз. Сондай-ақ сынға ашық болуымыз керек екенін түсінеміз. Кез келген сала өз ішкі мәселелері мен қателіктерін мойындамай, дами алмайды. Қателікті мойындау да батылдық. Ал біздің салада проблемалар бар. Біз оларды жасырмаймыз және оларды жүйелі түрде шешеміз. Бұл жұмыс жан-жақты талдау мен ғылыми көзқарасты қажет етеді. Ол үшін жаңа процестер, механизмдер, жұмыс істеу алгоритмін құру керек. Біз қоғаммен серіктестікте қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұжырымдамасын әзірлеудің ашық процесін бастауды жоспарлап отырмыз. Бұл жұмыста біз ортақ мақсат – Қазақстанның өркендеуіне қол жеткізу үшін барлық мүдделі тараптармен ынтымақтасуға дайынбыз.
Берік АСЫЛОВ,
Бас прокурор:
– «Қасіретті қаңтар» оқиғасы полиция саласына реформа жүргізудің қажет екенін айқын көрсетті. Жалпы бұл қазіргі уақыттың да талабы. Форум жұмысында полицияның жаңа моделін құру, стратегияның өзін және ІІМ құрылымының қызметін өзгерту туралы айтып отырмыз. Ал мұның барлығы азаматтарға сапалы қызмет көрсетуге, олардың проблемаларын дер кезінде шешіп, қауіпсіздігі мен жайлы өмір сүруіне бағытталған.
Полицияның ең басты міндеті – құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу, билік органдарының азаматтарға қолжетімділігі. Прокуратура басқа мемлекеттік органдармен бірлесіп «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында 2017 жылдан бастап әкімшілік және қылмыстық істерді цифрландыруды бастады. Бүгінде полициядағы әкімшілік хаттамалардың 80 пайызы электронды форматта рәсімделеді.
ІІМ-мен бірлесіп, біз 2020 жылы тұтынушы басымдығы бар модельді енгізуге кірістік, бұл тергеу, прокуратура және сот органдары арасындағы жауапкершілік аймағын нақты айқындап берді. Егер полиция қылмысты анықтап, тіркесе, прокурор дәлелдемелерге баға береді, істі сотқа жібереді. Сот бақылауды жүзеге асырады және үкім шығарады, жазаны белгілейді. Енгізудің бірінші кезеңінде прокурорлар тергеушінің барлық негізгі шешімдерін келісе бастады. Адамды күдікті деп тану, оның әрекетін саралау, істі тоқтата тұру және тоқтату туралы барлық шешімдер прокуратурамен келісіледі. Яғни қылмыстық процесс бойынша барлық құқықтық іс-әрекеттер прокурор арқылы өтеді. Бұл, әрине, азаматтардың құқықтарын қорғау бойынша оң нәтиже береді.
Алексей КАЛАЙЧИДИ,
Президент Әкімшілігі Қауіпсіздік және құқықтық тәртіп бөлімінің меңгерушісі:
– Халықаралық форумда Латвия, Нидерландтан келген әріптестеріміздің баяндамаларын тыңдадық. Олар өз елдерінде сервистік модельді енгізуді ең алдымен қауіпсіздік офицерлерінен бастағанын айтып отыр. Мұның себебі неде?! Себебі күн тәртібінде тұрған екі мәселеде. Бұл – мемлекеттік органдар арасындағы және мемлекеттік органдар мен азаматтар арасындағы коммуникацияның нашарлығы. Екіншісі – қызмет көрсету сапасы. Ал бұл мәселе елімізде әлі күнге ақсап тұр.
Қоғамда халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істейтін полиция өкілі кім? Жұртпен жиі байланысып, түрлі дау-дамай мен кикілжіңнің ортасында қалатындар кім? Әрине, олар – учаскелік полиция инспекторлары. Сол себепті де қоғам мүшелеріне нақты мәселелерді шешу және өмір сапасын жақсарту үшін қолдау мен ресурстарды жұмылдыруға бағытталған бұл жоба ең бірінші учаскелік инспекторлардан басталды. Мемлекет басшысы сервиске бағдарланған полиция моделін жергілікті полиция қызметінен бастау керек екенін айтты, онда басты рөл учаскелік полиция қызметіне жүктеледі. Алайда бұл сервистің осымен аяқталатынын білдірмейді.
Алексей МИЛЮК,
ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары:
– Тәжірибелі полиция қызметкерлері, ғалымдар мен саясаткерлер полиция жұмысында жергілікті қоғамдастықтың қарым-қатынасын күшейту жөнінде жиі айтып жүр. Өйткені полицияда әлеуметтік мәселелер мен қылмыстың негізгі себептерін жоятын ресурстар жоқ. Сондықтан басқа мемлекеттік органдардың, атап айтқанда, азаматтық қоғамның қолдауына мұқтаж екенін мойындауымыз қажет. Ал азаматтардың үні естіліп, мұң-мұқтаждары тиісті жерге жетуі үшін ең алдымен тиісті жағдай мен алаңдар жасау қажет. Бұл тәсіл Мемлекет басшысы атап өткен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына толық сәйкес келеді.
Халықаралық тәжірибеде бұл мәселелер талдамалық проблемалық-бағдарланған тәсіл арқылы шешіліп келеді. Көптеген шет мемлекетте полицияның басқа мемлекеттік органдармен бірге етене жұмыс істеуіне қолайлы әрі қауіпсіз жағдай жасалған. Әрине, сервистік модель барлық елдер үшін әмбебап болып табылмайды. Олар ең алдымен нақты жергілікті жағдайларға, ұлттық мәдениетке, менталитетке, заңнамаға және ресурстық мүмкіндіктерге бейімделеді. Мәселен, Ұлыбритания, Канада және ЭЫДҰ-ның басқа елдерінде полициямен өзара іс-қимылдың тиімді нысандары нәтижелі жұмыс істеп келеді. Оны өздері «қылмыс пен тәртіпсіздіктің алдын алу жөніндегі серіктестік» деп атайды. Мұндағы серіктестік дегеніміз – түрлі мемлекеттік органдардың өкілдері мен белсенді қоғамнан тұратын аналитикалық орталық. Бір ғана Ұлыбританияда осындай 350-ден астам серіктестік бар. Олардың міндеттері белгілі бір аумақтың проблемаларына байланысты өзгеріп отырады. Соңғы 20 жылда бұл серіктестіктер жергілікті мәселелерді шешуде, ресурстарды ұтымды пайдалануда өздерінің тиімділігін көрсетті. Бұл қызметтің нәтижесі халықтың мемлекеттік аппарат жұмысына артқан сенімінен-ақ айқын көрінеді.
Өздеріңізге белгілі, ІІМ халықаралық тәжірибені, олардың қателіктері мен жетістіктерін, сондай-ақ қолда бар ұлттық әлеуетті зерделеп, ЕҚЫҰ-мен бірлесіп, Қарағанды қаласында қауіпсіздікті қамтамасыз етудің сервистік моделінің бірлескен қанатқақты жобасын іске қосты. Осыған орай облыс әкімі Жеңіс Қасымбекке ерекше ризашылығымды білдіргім келеді. Себебі шыны керек, алғашында бұл жобаның нәтижелілігіне көпшілік сене қойған жоқ. Оның үстіне мемлекеттік органдардың дені өздеріне жайлы аймақтан шығуға құлықсыз болатын. Дәл осындай кедергілерге тап болатынымызды халықаралық сарапшылар әу баста ескерткен еді.
Нақты жобаға тоқталар болсақ, әкімдік жанынан құрылған қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі ведомствоаралық топ әлі күнге дейін жұмыстарын жалғастырып келеді. Бұл топтың құрамына полиция, прокуратура, денсаулық сақтау, білім беру, халықты әлеуметтік қорғау органдары, полиция академиясы, әкімдік, сондай-ақ жұртшылықтың сарапшылары кірді. Халықтың қауіпсіздік саласындағы проблемалары мен қажеттіліктерін анықтау, құқық бұзушылық туралы ресми статистиканы қоса алғанда, барлық қажетті деректерді жинау, азаматтар мен полицейлерге әлеуметтік зерттеулер және сауалдамалар жүргізу, сондай-ақ барлық алынған деректерді тек полиция қызметі призмасы арқылы емес, басқа мемлекеттік органдардың сарапшылары тұрғысынан талдау – міне, ведомствоаралық топтың алдына қойылған басты талаптар осылар.
Анықталған проблемаларды шешу бойынша оңтайлы ұсыныстар әзірленіп, оларды іске асыру үшін әкімге ұсынылады. Бұл тұрғыда мемлекеттік құрылымдардың шешімдерді орындау мониторингі жүргізіліп, көрсеткіштерге қол жеткізу тиімділігінің индикаторлары белгіленіп отыратынын айта кеткен жөн. Жинақталған тәжірибе бойынша деректер базасы тұрақты түрде жаңартылып отырады. Топты қаржыландыру толық әкімдік пен полицияға жүктелген.
Биыл бұл тәжірибені барлық аудан мен қалада дамыту жоспарланып отыр. Атап айтқанда, әр ауылға тән өңірлік ерекшеліктерді ескере отырып, полиция, мемлекеттік органдар мен халықтың өзара іс-қимыл практикасын қалыптастыруға ерекше мән берілуде.
Әрине, жобаны жүзеге асыруда қиындықтар болды. Ең бірінші, аймақтардағы жекелеген басшылардың сенімсіздігі көп кедергі келтірді. Өйткені өңір басшыларының скептицизмі қауіпсіздікті қамтамасыз етудің сервистік тәсілдерін кеңінен енгізу процесін едәуір кешіктірді. Ал жергілікті билік жобаға қызығушылық танытқан өңірлерде ол қазірдің өзінде оң нәтиже беруде. Жалпы Қарағанды жобасы өзінің өміршеңдігін дәлелдеді, ең бастысы, мүдделі органдар мен серіктестердің бірлескен күш-жігерінің арқасында құнды тәжірибе жинақталып, белгілі бір нәтижелерге қол жеткізілді.
Марат ҚОЖАЕВ,
Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары:
– Халықаралық тәжірибеге сәйкес, сервистік полиция – бұл полиция қызметіне деген жаңа көзқарас, онда полицияның идеологиясы мен ұйымдастырушылық стратегиясы азаматтарға сапалы полиция қызметін көрсетуге және қоғаммен серіктестікте қауіпсіздік проблемаларын шешуге бағытталған. Әлемде сервистік полицияның бірыңғай моделі жоқ, бірақ ортақ қағидаттар бар. Олар – танымалдық, қолжетімділік, тілектестік, ашықтық және есептілік.
Полицияның дәстүрлі жұмысында басты мақсат қылмысқа қарсы күреске бағытталған. Сондықтан «құқық бұзушылықтарға жауап беру» деген жедел жұмыс стилі пайда болады.
Жапония, Корея, Сингапур секілді дамыған елдердің тәжірибесінде қалалардың неғұрлым криминогенді учаскелерінде ішкі істер органдарының модульдік бекеттері орнатылған. Бұл бекеттерде қызмет атқару және азаматтарды тәулік бойы қабылдау үшін қажетті жағдайлар жасалған.
Елімізде өткен жылы 91 заманауи учаскелік пункт және 61 модульді полиция бекеті пайдалануға берілді. Қоғамдық орындарда және автомагистральдарда 40-қа жуық «SOS батырмасы» орнатылды. Сондай-ақ полиция қызметкерлеріне бейне қоңырау арқылы онлайн форматта азаматтардың өтініштеріне жедел ден қоюға мүмкіндік беретін 102 мобильді қосымшасы жұмыс істейді. Бүгінде қанатқақты жоба еліміздің 18 өңірінде іске қосылды, ал Қарағанды облысында бұл жоба соңғы төрт жылдың көлемінде моноқалалар мен аудандарда кеңейтілуде. Біздің бұл жобадан күтеріміз өте көп.
Басты мақсат – мемлекеттік билік органдары, кәсіби полиция мен ықыласты қоғамдастық арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алудың біртұтас жүйесін құру. Ал жоба осы жүйенің іргетасы болуға тиіс. Бұл жүйеде басшылық құқық бұзушылықтың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның төрағасы – әкімге беріледі. Қанатқақты жобаның қорытындысы бойынша полиция жұмысының қазақстандық сервистік моделіне көшудің ұлттық стратегиясы әзірленеді.
Кестутис ЯНКАУСКАС,
Еуропалық Одақтың Қазақстандағы елшісі:
– Қазіргі таңда Еуропалық Одаққа 27 мемлекет мүше. Бұл дегеніңіз 450 миллион адамнан тұратын өте ауқымды блок. Бұл елдердің әрқайсысында түрлі модельдер бар. Әр модельдің өзіндік мол тәжірибесі жинақталған. Жаңа Қазақстанды құруда біз осы үдерістердің бір бөлігі болғанымызға және Еуропалық Одақ пен бізге мүше елдердің озық тәжірибелерімен бөліскенімізге қуаныштымыз. Соңғы уақытта Қазақстан полициясы мен заң жүйесі билік моделінен бас тартып, қызмет көрсету үлгісіне көшуге тырысуда. Бұл, ең алдымен, сапаны бағалауға қатысты.
Назгүл ЕРҒАЛИЕВА,
«Құқықтық саясатты зерттеу орталығы» қоғамдық қорының бөлім меңгерушісі:
– Жоба шеңберінде сервистік полиция қағидаттарына сәйкес ең бірінші жергілікті полиция қызметінің жүйесі жетілдірілу көзделді. Осыған орай жергілікті полиция жұмысының жаңа тетіктері қарастырылып, құралдары мен әдістері енгізілді. Тәуелсіз сарапшылардың кешенді талдауы және процестерді оңтайландыру негізінде «тиімді учаскелік» моделі құрылды.
Қанатқақты жобаның негізгі элементі – Қазақстан полициясы. Сол себепті осы саланың қызметіне «сервистік полицияны» жаппай енгізу үшін алдымен оның халықаралық моделіне бейімдеу қажет болды. Бүгінгі таңда қызмет көрсету сапасы және азаматтардың сұраныстарына тиімді жауап беру жеке полиция қызметкерінің де, жалпы полиция жұмысының да негізгі көрсеткіші болып табылады. Бұл тұрғыда алдымен учаскелік полиция инспекторларын ақпараттық тұрғыдан жан-жақты қамтамасыз ету өте маңызды. Өйткені қарапайым халықпен тікелей жұмыс істейтін учаскелік инспекторлар арыз-өтінішпен келген кез келген азаматқа дұрыс бағыт сілтеп, қажетті кеңес беруі керек.
Біз полиция мен халық арасындағы сенім туралы көп айтамыз. Ал полицияға деген сенімді арттыратын негізгі факторлар қандай? Ол – ең бірінші ресми байланыстардың саны мен сапасы, полиция жұмысы туралы ақпараттың қолжетімділігі мен ашықтығы. Яғни жұртшылықпен кері байланыс орнатудың маңыздылығын түсінген жөн. Өтінішпен келген, қандай да бір құқық бұзушылықтың құрбаны болған адам ең алдымен тиімді коммуникацияны қалайды. Стратегия сервистік модельді дамытудың төрт векторына бағытталған, олар – құқық бұзушылықтарға жедел ден қою үшін полицияның қадамдық қолжетімділігі, полиция жұмысының сапасын арттыру, қылмыстың алдын алу және жергілікті қоғамдастықпен әріптестік.
Жобаны енгізу барысында айтылған барлық ұсыныстың барлығы тәжірибеде сынақтан өткенін айта кеткім келеді. Форум барысында келтірілген деректер де сапалы аналитикаға негізделген.
ТҮЙІН. Елімізде полиция жұмысына сервистік тәсілдерді енгізу жобасы 2018 жылдан бері жүргізіліп келеді. Алғашқы тәжірибе алаңы ретінде Нұр-Сұлтан мен Қарағанды қалалары таңдалып алынған болатын. Сервистік полиция – құқық қорғау органдары жүйесін жаңғыртудың маңызды құрамдас бөлігі. Ал оның басты қағидаты «ішкі істер органдары – жергілікті атқарушы билік – халық» деп аталатын үштіктің өзара серіктестігін күшейтуді көздейді.