• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Қоғам 29 Мамыр, 2022

Чернобыль: Қайғылы жағдай қайталануы мүмкін бе?

831 рет
көрсетілді

1986 жылдың көктемінде бейбіт атом тарихындағы ең ірі апаттардың бірі болған Чернобыль оқиғасы төрткүл дүниені елең еткізді. Қайғылы жағдайға 36 жыл өтсе де ел тұрғындары «бейбіт атом» немесе Атом энергиясы туралы сөз қозғала қалса, алдымен Чернобыльдегі апатты еске алады. Бұл жасырын емес.

36 жыл бұрынғы жарылыс

Тарихқа шегініс жасап көрейік. Рас, ХХ ғасырдың 60-80 жылдар аралығы атом энергетикасының, атап айтқанда бейбіт атомды пайдаланудың гүлдену дәуірі саналды. Атап айтқанда, атом электр стансалары белсенді түрде салынды, соның бірі – Чернобыль стансасы. Оның құрылысы 1970 жылы басталып, алғашқы энергоблогы 1977 жылы КСРО энергожүйесіне қо­сылды. Кейінірек тағы үш энергоблок пайдалануға берілді, ал стан­са­ның жыл сайынғы энергия өндірісі 19 млрд киловатт-сағатқа дейін ұлғайды.

Жалпы, 1986 жылғы апат, Чер­но­быль АЭС-індегі алғашқы жағ­дай емес. Одан бұрын 1982 жылы энергоблокты сынамалы іске қосу кезінде реактордың тех­нологиялық арналарының бірі қи­рап, активті аймақтың графитті қа­лан­уы деформацияланды. Зардап шеккендер болған жоқ десек те, төтен­ше жағдайдың салдарын жою үш айға со­зылды.

Чернобыльде әлемдегі басқа да стан­салар сияқты сынақтар мен тәжі­ри­­белер тұрақты өткізіліп тұрды. Өкі­нішке қарай, кезекті осындай стандарттан тыс тәжірибелердің бірінде апат болды.

1986 жылдың 26 сәуіріне қара­ған шақта аталған атом электр стан­са­сының 4-ші энергоблогында турбо­ге­­не­­ратор сынақтары жүргізілді. Реак­тор тоқтаған кезде апаттық элек­тр­мен жабдықтау үшін турбогене­ра­тор роторының айналмалы энер­гия­­сының бір бөлігін пайдалануға бо­лады деп жоспарланған болатын. Алайда реактордың техникалық шарт­­­тары эксперимент талаптарына сәйкес келмегеніне қарамастан, сы­нақ­тар жүргізілді. Стансаны пайдалану ережелерін өрескел бұзу және реактордың кейбір құрылымдық ерек­ше­ліктері нәтижесінде түнгі сағат 01.00-ден 23 минут кеткенде энергоблок­та жарылыс пен өрт орын алды.

«Чернобыльда орын алған жарылыс шәйнек қағидасы бойынша, яғни қысым арқылы судың еріксіз түрде ат­қылау себебінен болды. Қайнаған су шәйнектің қақпағын көтере сіл­кі­се, дәл солай Чернобыльдағы реак­торда температура өте жоғары жыл­дам­дық­пен көтеріліп, ішіндегі су қатты қызу­дан бірден қайнап, судың буы сыртқа бұрқ етті. Бұл уақытта үлкен қуатты арналық реактор типті реактор қол­данылды. Осы орын алған қайғылы оқиғадан кейін әлемнің ешбір жерінде бұл реактор салынбады. Қазіргі уақытта заманауи реакторларда қандай да бір регламенттен тыс зерттеулер бұдан былай жүр­гізілмейтінін атап өткен жөн», деп тү­сіндіреді атом инженері Әсет Махам­бетов.

Апат ауқымы

Чернобыль апаты атом энергетикасы тарихындағы ең ірі жантүр­ші­герлік оқиға ретінде бүкіл әлемді дүр сіл­кін­дірді. Реактордың белсенді ай­ма­ғы толығымен қирап, энергоблок ғима­раты зақымданды, радио­акт­ивті материалдардың едәуір бөлі­гі қор­шаған ортаға зиян келтірді. Апат­тан кейін үш айдың ішінде рес­ми түрде 31 адам қайтыс болған, 1987-2004 жылдар аралығындағы 19 өлім оқиға­сын апаттың тікелей салдарына жатқы­зу­ға болады. АЭС қызметкерлері мен құтқару коман­даларының 134 адамы өте ауыр дә­режедегі өткір сәуле ауруына шал­дықты. Сәулеленудің ұзақ мер­­зімді әсерінен кейін тағы да төрт мың қосымша өлім болуы мүмкін деген пікір­лер бар. Алайда бұл апаттың ұзақ мерзімді салдары туралы ғалымдардың дау-дамайы әлі де жалғасуда.

Чернобыль қасіреті халықаралық қауымдастықтың қандай да бір шараларды қабылдауына негіз болды. АЭС-тегі апаттан кейін көп ұзамай МАГАТЭ-ге мүше мемлекеттер ра­ти­фи­кациялаған екі конвенция­ны әзір­ле­ді. Оның бірі, төтенше жағ­­дай­лар­ды хабарлау, ақпарат алмасу және сұрау салу бойынша ха­лықаралық көмек көрсету үшін халықаралық құ­қық­тық негіз қалай­тын ядролық апат туралы жедел хабарлау туралы конвенция. Екіншісі, ядро­лық апат немесе радиа­ция­лық апат жағ­да­йында көмек туралы Конвенция. Бұл конвенциялар МАГАТЭ-ге осы ба­ғыттағы шараларды үй­лестіретін ха­­лық­аралық орталық ретінде әрекет ету­ге мүмкіндік береді.

Шынын айту керек, Чернобыль апатынан кейін едәуір атом жобалары тоқтатылып, саланың дамуы айтар­лық­тай баяулады.

Қателіктер сабағы

1990 жылдардың соңында атом энергетикасы дамудың бұралаң жолына қайта түсті. Неге бұлай болды? Қауіпсіздік мәселесі қайда қалды?

Ғасырлар тоғысында дәстүрлі көмір жағу арқылы алатын электр қуаты адамзатқа, қоршаған ортаға қан­шалықты зиянды екенін бәрі түсін­ді. Энергияның жаңартылған бала­ма көздері – күн және желден энергия алу қазіргі уақытта тұрақсыз және өте қомақты қаржыны талап етіп отыр.

Сондай-ақ атом энергетикасы мен Чернобыль апатының салдары зерделенді. Қауіпсіздік жүйесінің бар­­лық компоненттеріне деген көз­қарас, соның ішінде реакторларды қайта құру және жетілдіру жө­нін­дегі әлемдік тәжірибеде бұрын-соң­ды болмаған әрекеттер қайтадан қа­ралды. Жұмыс істеп тұрған АЭС-те ядролық қауіпсіздік жүйесін же­тіл­­діру жөнінде көптеген шара қа­былданды. Чернобыль апатынан кейін техникалық және ұйым­дас­тырушылық шешімдер бірден қа­был­данды, ал 1987-1991 жыл­дар ара­лы­ғын­да қауіпсіздік жүйе­сін күшейту жүр­гізілді, бұл өз уа­қы­тын­да апатқа әкеп соққан жобалық кемшіліктерді едәуір азайтты.

Апаттан алған тағы бір сабақ — төтенше жағдайларды жою жүйесін же­тілдіру қажеттілігі. Авариялық сәу­ле­лену қаупі төнген жағдайда қыз­мет­керлерді де, басқа адамдарды да барынша қорғап қалу үшін негізсіз араласуға жол бермеу мақсатында авариялық ден қою міндеттерін шешуге тәжірибелі ғалымдар мен радиациядан қорғау жөніндегі мамандар тартылады.

Бүгінде атом энергетикасының мамандары Чернобыль қасіреті қай­та­ланбайды деп сендіреді. Бұған 2011 жылдың 11 мамырында болған Жа­пониядағы Фукусима-1 атом электр стансасындағы тағы бір үлкен апат себеп бола алады. Бұл апат ядро­лық оқиғалардың халықаралық шкаласы бойынша максималды, 7 деңгейге, сондай-ақ ЧАЭС апатының деңгейімен те­ңестірілді. Алайда ядролық шыға­рын­­дылардың ауқымы бойынша Фу­ку­си­мадағы апат Чер­нобылға қара­ған­да бес есе аз. Сарап­шылар жапон атом электр стан­са­сын­дағы апат жер сілкінісі мен цунамиге байланысты басталды, бірақ оның дамуы мен нәтижелері станса қызметкерлерінің бірқатар сәтсіз шешімдерінің нәтижесінде болды деп сендіреді.

«Станса қызметкерлері жа­рылысқа әкелетін бірқатар жа­ғым­сыз шешімдер қабылдады, бірақ бұл ядролық жарылыс болмады. Ол сутектің жарылуы яғни реактордың ішінде қолданылатын жылу бөлгіш құрастырмалары цирконий қорытпасынан жасалғандықтан, жоғары температурада сумен әрекет­тесіп, жарылғыш сутегі газын бөледі. Осы газ ғимараттың ішінде жиналып, жарылыстың болуына әкеп соқты», дейді Ә.Махамбетов.

Әйтсе де, теориялық тұрғыдан апат­тың осындай немесе басқа формада қай­талануын толығымен жоққа шыға­ру­ға болмайды. Бірақ еш сенгісіз адам әсерінен туындайтын кездейсоқтық пен табиғи-төтенше жағдайлардың бір сәтте қатар келуі апатқа әкеп соғуы мүмкін. Әр жаңару мен жаңа технологияның пайда болуы өткен қателіктердің тә­жі­ри­­бесін ескереді. Сондықтан қа­зір­гі заманғы атом реакторларында жо­балау сатысында реактордың ак­тив­ті аймағының бұзылуымен болатын апат­тар­дың мүмкіндігін іс жү­зінде жою қамтамасыз етіледі, яғни «жобалау ке­зін­де аварияны жою» тұжы­рым­да­масы іске асырылады.

«Реакторлардың жаңа заманауи жобаларында АЭС шегінен шығуға мүм­кіндік бермейтін радиоактивті бөлшек­тер­дің әртүрлі қауіпсіздік жүйе­лері пай­даланылады. Сонымен қатар, апат кезінде реактор жұ­мы­сы­ның дербестігі 72 сағатқа дейін жете­ді. Яғни реактор адам араласуын­сыз өздігінен тоқтап, үш тәулік бойы қа­уіпсіз жағдайда бола алады», деп түсіндіреді Ә.Махамбетов.

Ағымдағы қолданыстағы жұмыс істеп тұрған реакторлар үшін ауыр апат ықтималдығы 10 млн жылда бір келуі мүмкін деп қарастырылады. Қазіргі жетілдірілген технологиялар тәуекелдерді азайтуға кепілдік береді. Сондықтан әлем атом электр стансаларын пайдаланудан бас тартпайды. Чернобыль трагедиясынан кейін атом энергетикасын пайдаланудан мүлде бас тарту туралы түбегейлі шешім қабылданған елдерде (мысалы, Германияда) қазір атом реакторларына қайта оралу туралы пікірталас жандана түсті.