Елбасы кітапханасында Жаңа Қазақстанды құрудағы конституциялық реформаның маңызын талқылауға арналған «Референдум: тұжырымдамалық аспектілер» тақырыбында дөңгелек үстелі өтті. Іс-шараға сарапшылар қауымдастығының өкілдері, ғалымдар, қоғам қайраткерлері қатысты.
Іс-шараның модераторы, Тұңғыш Президент – Елбасы кітапханасының директоры Бақытжан Темірболат алғысөзінде конституциялық өзгерістердің республикалық референдумы алдағы реформалардың тұрақты траекториясын айқындайтынын айтты. «Мемлекет басшысы президенттік қызметінің алғашқы күндерінен бастап қоғамның өзін өзі ұйымдастыру тетіктерін белсенді түрде ілгерілетіп келеді. Конституциялық өзгерістер азаматтық жауапкершілікті арттыруға мүмкіндік береді», деп атап өтті ол.
Ал Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, Конституцияға өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының мүшесі Ермек Әбдірасұлов референдумның азаматтардың ерік білдіруінің, олардың мемлекеттік басқаруға тікелей қатысуының маңызды үлгісі екенін алға тартты. «Конституцияға енгізілмек өзгерістер мен толықтырулар «Мықты Президент – Ықпалды Парламент – Есеп беретін Үкімет» үлгісін ұстанатын Екінші республикаға айналуға бағытталған. Кешенді өзгерістер қоғамдық қатынастардың барлық салаларына әсер етеді», деді бұл жайында сарапшы.
Жиында сөз тізгінін алған Amanat партиясы қоғамдық саясат институтының директоры, саяси ғылымдардың кандидаты Мәдина Нұрғалиева еліміз басынан өткеріп жатқан тарихи кезеңде эволюциялық даму мен саяси сана-сезімнің артуы көптеген шешімдерді Парламент арқылы емес, жалпыхалықтық дауыс беру арқылы қабылдауға мүмкіндік беретініне назар аударды.
«Әлемнің құбылмалы ахуалы мен жылдам өзгеретін геосаяси жағдайында, заманның жаңа талаптары мен сын-қатерлері тұсында өткізілетін референдум мемлекетті саяси тұрғыдан түбегейлі жаңғыртуды жеделдетіп, талаптарға сай болуды қамтамасыз етеді. Көз алдымызда билік пен қоғам арасындағы қарым-қатынас пен өзара әрекеттесудің жаңа үлгісі қалыптасып келеді», деді жиында ойын ортаға салған Мемлекет тарихы институты директоры, тарих ғылымдарының докторы Еркін Әбіл.
Дөңгелек үстел барысында Нұр-Сұлтан қаласы мәслихатының депутаты, G-Park компаниясының бас директоры Ғабит Сатмағамбетов, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Ғазиз Телебаев, Президент жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты Саяси зерттеулер бөлімінің басшысы Ермек Тоқтаров, Astana IT University профессоры Сәуле Мамытова, қоғамдық-саяси және әлеуметтік мәселелер жөніндегі сарапшы Сағынтай Бердағұлова баяндама жасап, демократиялық өзгерістердің бағыттарына жан-жақты тоқталды.
Пікірталасты қорытындылай келе, модератор Б.Темірболат дөңгелек үстелге қатысушыларға алғысын білдіріп, еліміз үшін осындай тағдыршешті уақытта ешкім де шетте қалмауы тиіс екенін және әркім өзінің тарихи таңдауын жасай алатынын атап өтті.