Қазақстандық жас теннисшілер Түркия, Армения және Қырғызстанда өткен халықаралық жарыстарда жеңімпаз атанды.
Қырғызстанның Чолпон-Ата қаласында 18 жасқа дейінгілер арасында бесінші санаттағы ITF Juniors турнирінде Ерасыл Ерділда мен Варвара Алексеева жекелей сында осындай деңгейдегі жарыстағы алғашқы титулына қол жеткізді. Сондай-ақ Түркия мен Арменияда 14 жасқа дейінгілер арасындағы Tennis Europe жарыстарында да отандастарымыз топ жарды. Еревандағы Gold Gym Yerevan Cup турнирінің финалында қазақстандықтар өзара бас жүлдені сарапқа салды. Жекелей сында елордалық Мансұр Шәкен Еуропа рейтингінде көш бастап тұрған алматылық Заңғар Нұрланұлын – 6:2, 3:6, 6:1 есебімен ұтты.
Түркияның Адана қаласындағы жарыста қазақстандық жас теннисшілер жұптық сында сәтті өнер көрсетті. Қыздар арасында ақтөбелік Ева Корышева елордалық Аружан Нұранбаймен бірге финалда корт иелерін – 6:3, 6:0 есебімен ойсырата жеңді. Жекелей сында Е.Корышева жартылай финалға дейін жетсе, ұлдар арасында алматылық Михаил Мищенко астаналық Дамир Дүйсенғазинмен бірге шешуші матчта ақтөбеліктер Тэмуджин Ескендіров пен Даниел Юреклиді тізе бүктірді – 6:1, 6:1.