Соңғы жылдары баласының дертіне халықтан қаржылай көмек сұрайтын ата-аналар, қоғамдық қорлар көбейді. Бауыр еті баласының өмірі үшін күрескен ата-ана амалы қалмаған соң алақан жаятыны түсінікті. Демек медицина дамығанымен, аурулар асқына түскен. Деректерге көз салсақ, облыста қан қысымы жоғары 95 бала бар, 362 бала семіздікке шалдыққан, 3 112 бала көз ауруларымен тіркеуде тұр. Аз көрсеткіш пе?! Одан бөлек, церебралды сал ауруы сияқты туа біткен сырқат балалар қаншама?! Осы жөнінде Шығыс Қазақстан облысының бас педиатры Гүл Құсайыновамен әңгімелескен едік.
– Қазіргі таңда балалардың арасында қандай сырқат белең алып бара жатыр? Бұл аурулардың алдын алу үшін ата-ана мен дәрігерлер не істеуі керек?
– Облысымызда ұзын саны 370 мыңға жуық бала бар. Дәрігер ретінде өсіп келе жатқан балаларымыздың дені сау болуын тілейміз, сол үшін де еңбектенеміз. Айтар болсақ, Денсаулық сақтау министрінің №704 бұйрығына сәйкес, балалар арасындағы ауруларды анықтау үшін неонаталдық, офтальмологиялық, аудиологиялық, психофизикалық скринингтер жүргізіледі. Мұндай медициналық тексерулер бала іңгәлап, дүниеге келе сала перзентханадан басталады. Әрине, оған дейін де анасының құрсағындағы баланың денсаулығы дәрігерлер назарында болады. Қазір емханаларда Балаларды дамыту бөлмесі ашылып жатыр. Бөлмеде дәрігерлер балаларды толық тексеруден өткізеді. «Аурудың емін іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» дегендей, скрининг аурудың алдын алады. Тексеру нәтижесінде анықталған дертті ушықтырмай, емдеу әлдеқайда дұрыс. Бұл біздің тараптан жасалып жатқан жұмыстар. Сондай-ақ бала денінің сау болуы ата-анасына да байланысты. Олар балаларының саламатты өмір салтын ұстануын қадағалауы қажет. Баланы дамыту бөлмесінде мамандар ата-аналармен де жұмыс істейді. Жасырып қайтеміз, балалар арасында психологиялық тұрғыда да ауытқушылық көп. Кейбір балалардың бойы өскенімен, ойы өспейді, ойлау қабілеті дамымайды. 2021 жылдың соңындағы дерек бойынша, өңірде 375 баладан аутизм спектрінің бұзылуы анықталған.
– Иә, оны жиі байқаймыз. Қазіргі таңда баланы емдету үшін халықтан ақша жинайтын жекелеген тұлғалар мен қорлар аз емес. Бұл балалар сырқатының көбейіп бара жатқанын көрсете ме?
– Көмек сұраушылар көбейгеніне қарап, балалар арасында түрлі аурулар артты деуге болмайды. Негізінен, бала қандай да бір сырқатқа шалдықпас үшін Қазақстан бойынша патронаттық қызметтің жұмысын күшейту керек. Айтпағым, баланың денсаулығын дүниеге келмес бұрын ойлағанымыз жөн. Осы мақсатта 2017 жылдан бастап арнайы бағдарлама қабылданып, жүкті әйел тіркеуге тұрған сәттен дәрігерлік бақылау басталады. Болашақ ананың тұрмыстық жағдайы, отбасындағы қарым-қатынас, жұмыс орны бәрі қаралады. Патронаттық қызметкер кестеге сәйкес болашақ ананың үйіне барып тексеріп тұрады. Егер қандай да келеңсіздік анықталса, әлеуметтік қызметкерге хабарлайды. Қажет жағдайда ол тиісті органдармен бірлесіп шаралар қабылдайды. Мұндағы мақсат – құрсақтағы баланың дұрыс дамып, жетілуін қадағалап отыру.
– Жүктіліктің жауапкершілігін сезіндіруге көмектеседі дейсіз ғой...
– Әйел жүкті болғанын білген сәттен бастап өзін ана ретінде сезінуі қажет. Құрсақтағы баласымен сөйлесіп, еркелеткені дұрыс. Сонда баланың дене мүшелері жақсы қалыптасып, ана мен сәби арасында байланыс орнайды. Алайда болашақ аналардың көбі бұған немқұрайды қарайды. Ең өзекті мәселе – дұрыс тамақтанбауы. Бала дамып, дені сау болып тууы үшін әйел дәрумені мол тамақ тұтынуы керек. Ал патронаттық қызметкер оған күнделікті ас мәзірін жасап береді. Мәселен, іштегі балаға микроэлементтер, кальций, мырыш, магний керек. Бұл етте, көкөністе, жеміс-жидекте болады. Кейбір аналар майонез қосылған фаст-фудқа әдеттеніп алады. Ал жылқы, сиыр етін алуға жағдайы келмесе, оны түйебұршақ, жасымық, асбұршақпен алмастыруға болады.
– Отбасылық зорлық-зомбылықтың орын алып жататын жағдайлары да аз емес. Ондай жағдайда патронаттық қызметтің қандай құзыреті бар?
– Егер үйде күйеуінің қысым көрсететінін немесе қол көтеретінін біліп жатсақ, іс ведомствоаралық комиссияда қаралады. Оның құрамында әкімдік, полиция өкілдері, жағдайға қарай нарколог, психолог болады. Қандай да жанжал болып жатса, ерлі-зайыптылармен жеке-жеке сөйлесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз.
– Шынын айтқанда, патронаттық қызметтің барын жұрт тегіс біле бермейді. Осы бағыттағы жұмыс нәтижелері туралы айтып өтесіз бе?
– Әрине, бұл бағыттағы жұмыстар нәтижелі. Мәселен, аудандардағы кейбір қызметкерлеріміз төрт-бес ер адамға ішімдікті қойғызып, дұрыс жолға салды. Жалпы, бүгінгі таңда аймақта 223 патронаттық қызметкер бар. Олар әр күндерін жоспарға енгізеді. Сөйтіп, жүкті және босанған әйелдердің үйлерін аралайды. Алдын ала хабарласып, уақытын келісіп алуға тиіс. Негізінен аудандарда жұмыс дұрыс жолға қойылған. Ал қалалық жерлерде сәл сылбыр. Бұған кадр тапшылығы, тұрғындардың жиі көшіп-қонуы себеп.
– Қазіргі балалардың арасында жиі кездесетін аурулардың бірі – көз аурулары. Бұрын бір мектепте көзілдірік тағатын балалар санаулы ғана-тұғын. Қазір бір сыныптың өзінде бірнешеу. Неге?
– Жалпы диспансерлеу тұрғысынан алып қарасақ, неврологиялық аурулар да жиі байқалады. Бұл балалардың теледидар, ноутбук, планшет пен смартфондарға күніне бірнеше сағат бойы телміріп отыруының салдары. Шығыс Қазақстанда 8 956 адамда көз ауруы болса, оның 3 102-сі балалар. Сондықтан көзді күтіп, жаттығу жасап тұрған жөн. Осы ретте, ата-ана баласының бос уақытын тиімді ұйымдастыра білуі қажет. Ата-аналардың өзі телефоннан бас алмаса, балаға қайтіп тәрбие бермек?! Әлемдегі ғалымдардың айтуынша, әкесі күн сайын кемінде 15 минут баланың көз алдында кітап оқып отыруы керек екен. Бұл баланы оқу-білімге тәрбиелейді. Балаларымен бірге еңбек етуі, ойнауы керек. Ең бастысы, қарым-қатынас болғаны жөн.
– Балалар арасында артық салмақ деген дерт тағы бар. Статистикалық деректерге қарасақ, еліміздегі 6-9 жас аралығындағы балалардың 20 пайызында артық салмақ бар екен.
– Облыста семіздік диагнозымен 362 бала есепте тұр. Бұған да ата-ананың атүсті қарауына болмайды. Өте өзекті мәселе. Ол үшін баланың ас мәзірін реттеп, физикалық белсенділігін арттыру керек. Әсіресе, қол еңбегіне араластыру қажет. Қалалық жер болса, спорттық үйірмелерге берген жөн.
Әңгімелескен
Мерей ҚАЙНАРҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»
Шығыс Қазақстан облысы