Үстіміздегі жылғы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында Ұлттық білім берудің сапасын жақсартуда ауқымды жұмыстар жүргізу қажеттілігі айтылып, білім саласын дамытуға байланысты нақты міндеттер қойылды.
Елбасы қойған міндеттерді орындау, әсіресе, ауылдық жерлердегі білім беру сапасына ерекше көңіл бөлуді керек етеді. Өйткені, еліміздегі 7402 жалпы білім беретін мектептің 5 776-сы немесе 78 пайызы ауылдық елді мекендерде орналасқан. Бұл мектептерде республика оқушыларының 1 237 мыңы немесе 51 пайызы білім алуда. Бүгінгі таңда, ауыл мектептерінде шешімін таппаған мәселелер жеткілікті. Біріншіден, олардың материалдық-техникалық базасы нашар. Арнайы жабдықталған пәндік кабинеттер, зертханалар жоқ. Көрнекі құралдар ескірген. Кітап қоры аз. Шет тілдерін оқыту деңгейі төмен. Ауыл мектептерінің 70 пайыздан астамы – шағын жинақталған мектептер. Мұғалімдердің жалақыларының аздығынан, әлеуметтік қорғау, моральдық және материалдық ынталандыру шараларының толық шешілмеуінен ауылдық жерлерде жоғары-кәсіби, білікті мұғалімдер тапшы. Бұл жағдай, ұстаз кадрларының қартаюына, бір пәннің мұғалімі бірнеше пәннен сабақ беруіне әкеліп соқтыруда.
Ауыл мектептері оқушыларының физикалық, интеллектуалдық және шығармашылық дамуына тиісті жағдайлар жасалмаған. Еліміздегі спорт залдары жоқ мектептердің 82%-ы (1620 мектеп) ауылдарда орналасқан. Мектептен тыс ұйымдармен ауыл оқушыларының 6,8%-ы ғана қамтылған. Ауыл мектептерін ақпараттық технологиялармен қамту да өз деңгейінде емес. Бүгінде кең жолақты интернетпен қала мектептерінің 67,2 пайызы, ал e-learning бағдарламасымен 32,4 пайызы қамтылған болса, ауыл мектептерінде бұл үрдіс әлі басталмаған.
Ауыл мектептерін бітірушілер жоғары оқу орындарына түсу кезінде, яғни мемлекеттік грантты жеңіп алуда да бәсекеге қабілетсіз болып отыр. Мысалы, 2012 және 2013 жылдардағы Ұлттық бірыңғай тестілеудің қорытындылары бойынша ауылдық мектеп түлектерінің 21,5 пайызы ең төменгі шекті балды жинай алмады. Жалпы, ҰБТ-ның жоғары балын (70-125 балл аралығы) жинағандардың ішінде ауылдық мектеп түлектерінің үлесі небәрі 29 пайызды құрайды. ҰБТ-ның орташа балы да қалалық мектеп түлектерінен 8,7 балға төмен. Осының салдарынан ауылдық мектеп түлектері жоғары оқу орындарына мемлекеттік грант есебінен түсе алмай, ақылы оқу орнына баруға мәжбүр болуда. Ал, ақылы оқуды кез келген ауыл баласының қалтасы көтере бермейді. Бұл орта білімді ғана қанағат еткен, яғни білімі таяз жұмыссыз жастардың көбеюіне, халқымыздың сапалық көрсеткішінің төмендеуіне әкелуі мүмкін.
Ауылдық жерлерде балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту мәселесі де шешімін таппай келеді. Бүгінде ауылдық жерлерде балабақша жасындағы (3-6 жас) бүлдіршіндер саны 350 мыңға жуықтады. Ал оларды балабақшамен қамту 64%-ды құрайды. Балабақшаларға деген қажеттілік 122 мыңдай орын болып отыр. Бұл – 300 орындық 404 балабақша салу керек деген сөз. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың биылғы Жолдауында қойылып отырған міндеттерді тиянақты орындау және елімізде білімді, білікті, бәсекеге қабілетті мамандар даярлау мақсатында ауылдық жерлерде мектептер мен балабақшалар салуға қажетті көлемде қаржы бөлу, олардың материалдық-техникалық базасын нығайту, ауыл ұстаздарының білімі мен жалақысын көтеру, аудан орталықтарынан «Дарын» мектептерін ашу және басқа да ауыл мектептерінің білім сапасын арттыру бағытындағы қордаланып қалған мәселелер Үкімет, Білім және ғылым министрлігі тараптарынан арнайы қаралып, оң шешуді талап етеді.
Қуаныш АЙТАХАНОВ,
Сенат депутаты.