• RUB:
    5.11
  • USD:
    523.86
  • EUR:
    544.34
Басты сайтқа өту
Өнер 01 Маусым, 2022

Мәні зор моноопера

358 рет
көрсетілді

Биыл қазақтың әдебиеті мен тарихына теңдессіз көркем туынды сыйлаған Мұхтар Әуезовтің туғанына 125 жыл, ал жазушының есімін әлемге әйгілі етіп, ұлылыққа бөлеген «Абай жолы» эпопеясының жазылғанына 80 жыл толып отыр. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Италияның Джузеппе Верди атындағы сыйлығының иегері, профессор Шахимардан Әбілов ұлт руханиятындағы айтулы оқиғаны дәріптейтін дәстүрінен жаңылмай, Абай атындағы ұлттық Опера және балет театрының залында «Ой толғау» атты үш бөлімнен тұратын моноопераның алғашқы бөлімін ұсынды.

Бұл кештің басты кейіпкері Абай танымының тылсымына 1981 жылдан бері үңіліп, ақынның әр өлең философиясының сарқытын сарқып ішіп, оның өміршең әндерін репертуарының негізгі өзегі етіп көрерменімен сырласып келе жатқан Шахимардан Әбіловтің өзі болды. Белгілі опера әртісі Абай болып сөйлеп, Абайша толғанды. Көп қырлы Абайдың ақындық өнері туралы том-том толғаныстар туғанымен, әнмен тығыз байланысты өмір кешкен оның музыкалық мұрасы жайлы жарыса жазып, жаңалық тауып айтатындар аз. Абай ән туралы тұжырымдамасын алты өлеңмен білдірген. «Білімдіден шыққан сөз», «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін», «Өзгеге көңілім тоярсың», «Құлақтан кіріп бойды алар» өлеңін домбыраға қосып отырып шырқағаны зерттеушілер еңбегінен аян. Осы өлеңдерді оқып отырып Абайдың әнге, музыкаға деген көзқарасын тануға болады. Абай жаңа үлгідегі ән мен жаңа тыңдау мәдениетін өсірді. Есті әннің сыры мен мәнін ерекше бағалады.

Шахимардан Әбіловтің әндерін фортепияно партиясын өз дара қолтаңбасымен шығарған әрі суырыпсалма дәстүрді жаңғыртқан дарын иесі «Шексіз музыка» атты Литвада өткен халықаралық байқаудың жүлдегері, үздік концерт­мейстер атағына ие докторант Әлияр Өтетілеу сүйемелдеді. Тас қараңғы залда жалғыз шырақ жанып тұр. Қапсырма жағалы қысқа шапан киіп, кітап ақтарған кейіпкер бейнесі Абай кескінін көз алдыға әкеледі. Кенет баритон дауыс опера әншісінің қуаты мол барқыт үні кең залдың ішін күмбірлетіп, керней жөнелді. «Сымбатты өнер болмаған елде мағыналы тіршілік жоқ. Қандай қауымды алсақ та, қандай тапты алсақ та, қан мен жанның суретін өнер айнасына түсірмей отыра алмайды. Өнерден қуат алмаса тіршіліктің шырағы сөнеді» деген Мұхтар Әуезовтің сөзімен бастаған жезтаңдай әнші одан арғы ойды Абай өлеңімен сабақтастыра жалғады.

Жалпы, ұлттық опера өнеріміздегі бергі толқынды айтпағанда, кешегі қатары сиреген алыптар тұяғының ізін басқан аға жастағы буын арасында ана тілінің уыз дәмін сезініп, сөлі мен нәрін бойына сіңіргені аз, өте аз. Классикалық өнердің осы кемшілігін Шахимардан Әбілов секілді Абай бастауынан қанып ішкен бірен-саран бірегей таланттар бүркемелеп келеді. Игерілмеген ғарыш сынды тереңіне бойлаған са­йын таңғалдыратын тағы бір қыры жаңадан ашылып тұратын Абайды опера өнерінде ғана емес, жалпы өнердің қай саласында да бүге-шігесіне дейін оқып, өлеңін жатқа айтып, сәулесін шашқан жырының қуатын дәл Шахимардан әнші секілді сезіп, биік деңгейде таныған абайтанушыны кездестіре қоюымыз екіталай. Музыканың жазба мәдениеті қалыптаспаған кездің өзінде өлеңдерін әнмен өріп жеткізген  Абай композиторлығының терең толғаныстан туып, күрделі  жолды бас­тан кешкенін Шахимардан әншінің шабытпен шырқаған дара орындаушылығы көрсетті. «Абайдың жолы – әлемнің жолы. Қасиетті Тәңір жолы. Алла жолы. Мұны ұлы Мұхаң айта алмай «Абай жолы» атады. Бізге осы жолмен жүру керек, басқа жол жоқ. Дүниеде не бар, соның бәрі Жаратушының туындылары. Ал оның жаратылысы өнер ғой. Адамның өнері – ақыл-ойы, ал ақыл-ой – өнер». Шахимардан ағамыз «ал ақыл-ойдан, керемет әуен, мәннің ырғағы шығады. Әуен-мәннің ырғағында үш қасиет бар – үн, нұр, ауа. Осы үшеуі шырақ отын жағады, қуат бөледі», деп қазақ ұлтын жаңа сапаға көтерген Абайдың «ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» дейтін адамзаттық тұжырымдамасын өзінше тәпсірлейді.

Абай өлеңдерінің тереңіне сүңгіген сайын көкірек көздің ашылып, рухтың рахаттана түсе­т­інін анық түсіндік. Ш.Әбіловтің «Көзімнің қа­расы», «Сегіз аяқ» сынды Абайдың әндерін биік деңгейде орындап жүргені бұрыннан белгілі, бұл сырласу кешінде ол ақын өлеңін оқудың нағыз үлгісін көрсетті. Моноопера «Қараңғы түнде тау қалғып» әнімен басталды. Әннің авторы Гете XVII ғасырда, аударған Лермонтов XVIII ғасырда, қазақша өң берген Абай XIX ғасырда өмір сүрді, бірақ үш жүз жылдың шегіндегі үш ақын – әлемнің тұтас үйлесімі. Рухани үйлесім болған жерде биік өрлеудің болатынын опера әншісі осылай жеткізді. Сондай-ақ опера кейіпкері «Қарашада өмір тұр» әнін шырқайды да, ізін ала мүлгіп, мұң жетегінде қалған тыңдаушысын «Адамның кейбір кездері», «Қуатты оттай бұрқырап» деген ақын өлеңімен ойландыра түседі.  Екі өлең де әннің ырғағымен, мазмұнымен үйлесім тауып тұр. Ал бұрыннан кең тараған «Сегіз аяқ» пен «Желсіз түнде жарық ай», Мәдидің «Қаракесек» әндері, «Абай» операсының кейбір әуен желісі пианистің орындауында бір ән мен екінші әннің арасын жалғайтын негізгі лейтмотив ретінде алынған. Моноопера дегеннің мәні де осында.

Абайдың поэзиясы мен әндерінің ғибратын, өнердегі дара жолын танып, руханият үлгілерін тиімді мақсаттарға бағыттау, Абайдың ән филосо­фиясының шығу тегін тексеріп, түгендеп отыру қажет-ақ. Абай өлеңдері өміршеңдігінің құ­пиясы – оның мақсатында. Сал-серілер салған өнердегі сауықшыл, той томалақтың жырын емес, «мақсұтым тіл ұстартып, өнер шашпақ, наданның көңілін қойып, көзін ашпақ», міне, Ш.Әбіловтің осы кештің мазмұнын байлаған алтын қазығы.

Кітап оқудан алыстаған, оқығысы да келмейтін адамға мынау моноопера жанры таптырмас жақсы амал болды. Көрермен ән мен өлең кезек өрілген моноопера үстінде ғұлама ақынның ғибратты жырларын қайыра бір кітаптан оқып шыққандай күй кешті. Бір жарым сағат уақыт бір ғана адамның тоқтаусыз, үзіліссіз Абай өлеңдерін жатқа оқып, әндерін шырқауы тек оның құдіретіне бас иген адамның ғана қолынан келеді. Шахимардан Әбілов – Абай шығармашылығын зерттейтін жалғыз әнші. Репертуарында 300-ден астам арынды ария, боя­уы қалың романстар бола тұра, елу шақты мемлекетте гастрольдік сапарда болып, жатжұрттың сахнасындағы өнерін Абай әнін шырқаудан бастайтын Шахимардан елу жылдан бері бұл дағдысына еш нұқсан келтірген емес. Оның көп жылғы Абай тұлғасына қызығушылығы, ақын өлеңдерін талмай оқып, шығармашылығының алтын арқауы еткен ізденісі Қазақстан опера өнерінің тарихында тұңғыш рет сахналанған монолог-операның шымылдығын түріп отыр. «Ызалы жүрек, долы қол, улы сия, ащы тіл, не жазып кетсе, жайы сол, жек көрсеңдер, өзің біл» деген Абайдың шері Шахимардан Әбіловтің азаматтық ұстанымымен тығыз байланысып, даладай кең дарқан дауысты әншінің ұлтжанды тұлға екенін анық танытты. Өмір шындығынан алыстап, ызаға булыққан халқының арман-аңсарын Абай арнасынан тауып, шиыршық атқан үнін, азаматтық парызын әнмен жеткізген Шахимардан әншінің «Жаңа Қазақстанға – Абай жолымен барамыз!» деген сахналық жолдауы – ән өнеріндегі биік белес, дара соқпақ.

 

АЛМАТЫ