Қазақстандық шахматшы Жансая Әбдімәлік OSG Baden-Baden командасымен бірге Германия Бундеслигасының чемпионы атанды.
Мамыр айының соңғы аптасында ұйымдастырылған шахмат жарысында жерлесіміз Бундеслиганың соңғы бес турына қатысып, командасына маңызды жеңіс сыйлады. Жансаяның командасы біріншіліктің аяқталуына бір тур қалғанда мерзімінен бұрын жеңімпаз атанды. Аса тартысты өткен шешуші турда OSG Baden-Baden командасы SK Schwäbisch Hall ұжымынан айласын асырып, 3,5:2,5 есебімен басым түсті. Ең маңыздысы, бұл сында Жансая Әбдімәлік қарсылас командадағы отандасы Динара Сәдуақасованы қапы қалдырды.
Жансая 2019-жылдан бері германиялық OSG Baden-Baden командасында өнер көрсетіп келеді. Оның клубы Бундеслигада 2018 жылы топ жарған еді. OSG Baden-Baden биыл Бундеслига тарихындағы 12-ші жеңісіне қол жеткізді. Ал Динара Сәдуақасованың командасы екінші орынға табан тіреді. Чемпионатта барлығы 12 команда бақ сынады.