Кеше футболдан УЕФА Ұлттар лигасының үшінші маусым ойындары басталды. «С» лигасының төртінші тобында өнер көрсететін Қазақстан ұлттық құрамасы жаңа маусымдағы алғашқы ойынын Әзербайжан құрамасымен өткізеді. Ұлттық құрамаға жаңадан тағайындалған бас бапкер Могамед Адиев үшін бұл алғашқы сынақ болмақ. Матч 3 маусым күні елордадағы «Астана Арена» стадионында өтеді. Маңызды кездесу қарсаңында оқырмандар назарына Қазақстан футбол федерациясының ақпараты бойынша дайындалған кездесулер тарихы мен қарсылас құрама туралы қызықты мәліметтерді ұсынамыз.
Қазақстан құрамасы наурыз айында Ұлттар лигасының плей-офф кезеңінде Молдова футболшыларын екі матч қорытындысы бойынша жеңіп, «С» дивизионындағы орнын сақтап қалған болатын. Сөйтіп, жаңа маусымның жеребесіне сәйкес жерлестеріміз Ұлттар лигасының топтық кезеңінде Беларусь, Словакия және Әзербайжан квартетінде бақ сынап, алғашқы ойынын өз алаңында Әзербайжан құрамасымен өткізетін болды.
Бүгінгі таңда Әзербайжан ФИФА рейтингінде Қазақстаннан төрт саты жоғары тұр. Могамед Адиев шәкірттері наурыз айының қорытындысы бойынша 120-сатыға жайғасқан болса, италиялық маман Джанни Де Бьязи жаттықтыратын Әзербайжан 116-орында орналасқан. Қарсылас құрама сапында жерлесіміз, Германияның «Эрцгебирге» клубының шабуылшысы Дмитрий Назаров өнер көрсетеді. Футбол жанкүйерлерінің бірі білсе, бірі білмес, ол – Солтүстік Қазақстан облысының тумасы. Дегенмен Д.Назаров 2014 жылдан бері Әзербайжан ұлттық құрамасында ойнап келеді.
Сондай-ақ Әзербайжан құрамасының сапында Португалияның «Тондела» клубының шабуылшысы Ренат Дадашов, Түркияның «Бурсаспор» клубының жартылай қорғаушысы Намик Алескеров, Загребтің «Динамосында» ойнайтын шабуылшы Махир Эмрели сияқты футболшылар бар. Құраманың дені жергілікті «Карабах» футбол клубының футболшыларынан жасақталған. Осы жиынға шақырылған 26 футболшының тоғызы – осы клубтың ойыншылары. Сонымен қатар 2018 жылы «Астана» клубында бір маусым ойнап, Қазақстан чемпионы атанған, шыққан тегі бразилиялық Ричард Алмейда да Әзербайжан құрамасында ойнайды.
3 маусымда өтетін Ұлттар лигасы аясындағы Қазақстан мен Әзербайжан құрамалары арасындағы матч екі ел тарихындағы оныншы кездесу болмақ. Құрамалар ең алғаш 2004 жылы 28 сәуірде Алматыда өткен жолдастық матчта кездесіп, ойын қонақтардың жеңісімен аяқталды – 3:2. Қазақстан құрамасы сапынан бұл матчта Андрей Карпович пен Евгений Лунев гол соқты.
Кейіннен екі елдің командалары Еуропа чемпионатының іріктеу матчтарында төрт рет кездесті. Солардың алғашқысы 2006 жылы 6 қыркүйекте Бакуде өтіп, ойын 1:1 есебімен тең аяқталды. Алаң иелерінен Андре Ладага есеп ашса, арада 20 минут өткенде Дмитрий Бяков таразы басын теңестірді. Қарымта кездесу 2007 жылы 6 маусымда Алматыда өтіп, бұл матчта да дәл осындай есеп тіркелді – 1:1. Голдың авторлары – Вугар Надиров пен Руслан Балтиев.
Еуропа чемпионатының іріктеу шеңберіндегі келесі кездесу 2011 жылы ұйымдастырылды. 3 маусымда қазақстандықтар Сергей Гридиннің дублі арқасында елордада 2:1 есебімен жеңіске жетсе, 2011 жылдың 6 қыркүйегінде Бакуде өткен қарымта матчта біздің футболшылар 3:2 есебімен жеңіліп қалды. Қазақстан құрамасынан Сергей Остапенко мен Виталий Евстигнеев мергендігімен көзге түсті. Ұлттық құрамада алғашқы ойынын өткізген Евстигнеев 77-минутта алаңға шығып, бірінші соққысымен-ақ қарсылас команданың қақпасын дәл көздеген еді.
Сондай-ақ Қазақстан мен Әзербайжан құрамаларының жолдары халықаралық турнирлерде түйісті. Мәселен, 2007 жылы Шымкентте ұйымдастырылған «Алма-ТВ» кубогының финалында екі елдің құрамасы кездесіп, матчтың соңғы минуттарында Андрей Финонченконың соққан голының арқасында жерлестеріміз 1:0 есебімен жеңіп кетті.
Қазақстан мен Әзербайжан құрамалары Еуропа чемпионаттары мен басқа да халықаралық турнирлер шеңберіндегі кездесулерден бөлек, тағы да үш мәрте жолдастық матч өткізді. 2008 жылы 3 ақпанда Түркияның Анталия қаласындағы ойында қарсыластар бір-бірінің қақпасына гол соға алмады. Екі елдің тағы бір жолдастық матчы 2016 жылдың 26 наурызында Түркияның Белек қаласында өтті. Ойын алдында Қазақстан құрамасын бірқатар дебютант футболшылар толықтырды. Олардың арасында Владимир Плотников, Альмир Мухутдинов, Еркебұлан Тұңғышбаев, Роман Муртазаев және Жасұлан Молдақараев болды. Бұл жолы қазақстандықтар жылдам гол соғып, жеңіске жетті. Кездесудің 8-минутында Мақсат Байжанов Камран Агаевтың қақпасына баспен гол соқты. Есеп – 1:0.
Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы матчтар тарихы әзірге 2018 жылдың 5 маусымында елордада өткен жолдастық кездесумен қорытындыланып тұр. Бұл ойында Станимир Стойлов шәкірттері Роман Муртазаев, Серікжан Мұжықов және Бақтиер Зайнутдиновтың соққан голдарының арқасында ірі есеппен жеңіске жеткен-ді – 3:0. Өкінішке қарай, сол ойында жарқын өнерімен көзге түскен Бақтиер Зайнутдинов пен Серікжан Мұжықов жарақаттарына байланысты жұма күні өтетін матчта ұлттық құрамаға көмектесе алмайтын болды.