• RUB:
    4.81
  • USD:
    498.51
  • EUR:
    522.84
Басты сайтқа өту
Спорт 03 Маусым, 2022

Ұлттық құрама көшбасшыларымен ойнады

182 рет
көрсетілді

Халықаралық балаларды қорғау күніне және Қазақстандағы Балалар жылына орай елордада футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншылары болашақ жас чемпиондармен «Достық матчын» өткізді. Мәдениет және спорт министрлігінің ұйытқы болуымен ұйымдастырылған жолдастық ойын Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек спорт сарайына жиналған көрермендерге нағыз мерекелік көңіл күй сыйлады.

Қазақстанның әр өңірінен іріктелген 2010 жылы туған ең үздік жас спортшылар былтырғы әлем чемпионатының төртінші орын иегерлері және Еуропа чемпионатының қола жүлдегерлерімен терезесі тең ойын көр­сетті. Бас бапкер Какау бастаған, қақпа­шы Игита мен алаңдағы ойыншылар Аль­берт Ақбалықов, Біржан Оразов, Дәурен Тұр­сағұлов, Шыңғыс Есенаманов, Эдсон сынды саңлақтар қоштаған жұлдыз фут­залшылар жас өрендерден айласын асыра алмады. Аса тартысты өткен ойында 16 гол соғылып, матч тең есеппен аяқталды.

Ойын жолдастық кездесу ретінде бол­ғанымен, алаңда қос тарап бір-біріне дес берген жоқ. Ешкім де аянып қалғысы келмеді. Игитаның алыстан тепкен добынан кейін есепті бірінші болып ашқан ұлттық құрама ойыншылары бірінші таймда 3:1 есебімен жеңіске жетті.

Екінші таймда да ойын қарқынды бас­талып, кездесу әдеттегідей алма-кезек ша­буылға ұласып жатты. Бірақ болашақ чемпиондар да қарап қалған жоқ. 1:5 есебімен жеңіліп жатып, матч соңына дейін таразы басын теңес­тіріп кетті. Кездесудің аяқта­луына бір минут қалғанда Альберт Ақбалы­қов таблодағы көрсеткішті 8:7-ге жеткіз­генімен, ұлттық құрама ойыншылары жеңісті уысында сақтай алмады. Соңғы шабуылдарын сәтті өткізген жас өрендер есепті теңестіріп үлгерді. Қорытынды есеп – 8:8.

Жолдастық кездесу аясында Мәде­ниет және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев футзалдан Еуро-2022 доп додасында 7 гол соғып, тур­нирдің үздік сұрмергені атанған Біржан Оразовқа марапатын ресми табыстап, ҚФФ футзал департаментінің директоры Асқар Әбілдаевты алғыс хатпен марапаттады.

Ал ойынға қатысқан кішкентай балаларға ұлттық құрама мүшелері естелік сыйлықтар табыстап, көрер­мендер мен жанкүйерлер футзал жұл­дыз­дарымен естелік суретке түсті.